«Ей, пендем! Бағымды ала алмайсың»: «Қазақфильм» қызметкерлері Азамат Сатыбалдыға шүйлікті

0
3 020

«Осылай бола берсе бұлар өртеніп өледі»


«Ей, пендем! Бағымды ала алмайсың»: «Қазақфильм» қызметкерлері Азамат Сатыбалдыға шүйлікті

«Қазақфильм» акционерлік қоғамының қызметкерлері бір жыл бойы жалақы алмағанын айтып, шу шығарды. Олар киностудия алдына жиналып, басшылықтың шығуын талап етті.


Анимация бөлімінің мамандары бір жыл бойы «Алтын адам» атты толық метражды анимациялық фильммен жұмыс істеген. Тапсырылған міндетті толық орындап, өткізсе де өздеріне тиесілі ақыларын әлі ала алмай жүр. Бұл туралы режиссер, әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай мәлімдеді.


"Осылай кете берсе мыналар да бензин құйып, өртеніп өледі. Бұл не деген сұмдық?! Біз қазір бұларды ұстап тұрмыз. Бүйте берсе митингіге шығамыз. Аниматорларға неге ақша бермей жүргенін өзі келіп түсіндірсін! "Алтын адамның" 84 миллионы неге қайтарылмайды? Үкіметтің тапсырмасын неге орындамайды? Қызметкерлерді неге қуып шығады? Осыны Азамат Сатыбалды түсіндіріп берсін, сосын қайда кетсе онда кетсін!" - деді Ерлан Төлеутай.


«Қазақфильм» президенті, актер Азамат Сатыбалды ашуға булыққан қызметкерлермен кездесуе шықпаған. Мәселенің мән-жайын айтуға оның орнына орынбасары Айдар Омаров келіпті.


«Алтын адам» жобасы бойынша жағдай былай, бізде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығымен келісімшарт болды. Олар мультфильмге 2020-жылы тапсырыс берген. Біз туындыны 100 пайыз жасап жібергенбіз. Бірақ тапсырыс берушілер қабылдамады. Қазір осыған байланысты сот ісі жүріп жатыр», - деді ол.


Ал Азамат Сатыбалдының өзі бұған байланысты «Инстаграм» парақшасында пост жариялады.


«Ей, пендем! Ер-жігіттің бабын алсаң да, басындағы бағын ала алмассың. Соны ұмытпа! Жала дабу, аяқтан шалу, жұмыс жасатпау, көреалмаушылық... Жақын күндері осыған байланысты мақала шығады. Толық жауап сонда болмақ. Аллаға аманат!» деді «Қазақфильм» президенті.