Астаналық тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережесін бұзған өнер иесінің видеосын анықтап, оған тиісті айыппұл салған.
Әнші Маржан Арапбаева көлік жүргізіп келе жатып, Instagram желісінде Stories түсіріп екі бірдей жол ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ERNUR.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Астаналық тәртіп сақшылары әлеуметтік желіге мониторинг жасау барысында жол қозғалысы ережесін бұзған өнер иесінің видеосын анықтап, оған тиісті айыппұл салған.
"22 шілдеде әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзу фактісін анықтады. Әйел адам көлік жүргізіп келе жатып қауіпсіздік белдігін тақпаған және телефон қолданып, өзінің Instagram желісіне Stories жазған. Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны анықтап, оған екі бап бойынша ҚР ӘҚБтК 593-бабы және 591-бабы айып тағып, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Жол қозғалысы ережесін және жылдамдық режимін қатаң сақтау қажеттілігі туралы жүргізушілерді ескертеді. Бұл жол қозғалысына қатысушылардың барлығы, яғни жүргізушінің өзі, сондай-ақ жолаушылары және жаяу жүргіншілер үшін өте маңызды", - деп жазылған хабарламада.
Polisia.kz берген ақпаратта әншінің аты-жөні айтылмаған, тек өнер иесінің парақшасына сілтеме берілген.
Кейіннен әнші Маржан Арапбаева оқиғаға қатысты тengrinews.kz агенттігіне пікір білдірген.
"Бүгін таңертең айыппұлын төледім, заң бойынша. Заңға қарсы шықпаймыз. Мен өзімді ақтамаймын. Видео менің үйімнің жанындағы паркингте түсірілген. Бағдаршамнан енді өте бергенде сол видеоны түсіріп, бірден қауіпсіздік белдігін тақтым. Ол әрине ақталғаным емес. Бірақ солай болып қалды", - дейді әнші.
Әншінің айтуынша, ол бүгін шамамен 18 мың теңгедей айыппұл төлеген. Яғни, көлікте қауіпсіздік белгісін тақпағаны үшін және ұялы телефон қолданғаны ұшін айыппұл тағайындалған.
"Мінсіз көлік жүргізушісі болмайды ғой. Әрине, бұған дейін де ондай жағдайлар болды. Айыппұл төлемеген жүргізуші жоқ шығар. Бірақ күнде балаларым болсын, өзім болсын қауіпсіздік белдігін тағамын. Себебі қауіпсіздік бірінші орында. Бірақ сол күні қайырымдылық акциясына асығып бара жатқандықтан солай болып қалды. Біреу үшін емес, өзім үшін жауап беруім керек", - дейді Маржан Арапбаева.
Әнші өзінің бұл әрекеті басқаларға үлгі болса дейді.
"Ол видеоның тарап кеткені дұрыс болды. Бұл жағдай басқаларға үлгі болды. Егер әр адам өзінің жасаған ісіне жауап берсе елде тәртіп орнайды деп ойлаймын. Барлығы ұсақ нәрседен басталады. Сондықтан бір шеті басқаларға тәрбие болады", - деп түсіндірді әнші.
Еске салайық, күні кеше ғана әншінің жол қауіпсіздігі ережесін бұзған видеосын көрген көпшілік, өнер иесін сынның астына алғаны туралы жазған болатынбыз.