«Ұзатылғанда кимеші қазақ киімін!» : Әлеуметтік желіде ең көп талқыланып жатқан жұпқа қатысты ел не дейді?

0
6 537

"Сұлулықты тәннен емес, жаннан тауып жүрген африкалық жігіттер құрлы бола алмадық".


«Ұзатылғанда кимеші қазақ киімін!» : Әлеуметтік желіде ең көп талқыланып жатқан жұпқа қатысты ел не дейді?

Осыдан бірер күн әлеуметтік желіде атыраулық Заида есімді арудың нигериялық жігітке ұзатылған фото, видеолары пайда болды. Ұзату тойдың қазақы салт-дәстүрді сақтай отырып, сыңсу айтылып өткені көрініп тұр.


Заида ұзату тойының дәстүрлі түрде өтуін өзі қалаған.

«Ұзату тамаша өтті. Барлығы дәстүрлі түрде өткенін өзім қаладым, үлкен кісілерден бата алғым келді. Себебі мен 18, 20 жастағы қыз емеспін, 30-дан асып барамын. Оқуымды аяқтап, мансабымды дамытып жатырмын. Үндемей тұрмысқа шығып кеткім келмеді. Ата-анама барлығын түсіндіріп, алдын ала тойдың қалай болатынын жоспарладық», - дейді ол.


Дәл осы тақырыпқа қатысты қоғамның пікіріге екіге жарылды. Кейбірі, тіпті, ашынғаннан өлең шығарыпты. Ақын, журналист Жұлдыз Тойбек:

–Шетке шыққан қыздың бөтен – иесі,

Басқаларға жұқпасыншы күйесі!

Ұлттық киім – қазынасы бабамның,

Ұрып кетіп жүрмесінші киесі! –деген шумағын арнаған.


Иә, қоғамның қоңырауы іспетті журналистер қауымы бұл жолы да үнсіз қалмады. Журналист, блогер Ербол Мәндібек:

«Еркектерді білмеймін. Қыздардың ұлттық коды өте мықты болады. 62 тамырынан қазақы қан сорғалап тұрғаны жанарында жазбай-ақ танылып тұр. Ұзатылуын ұшқан ұясынан жасауы соның айшықты дәлеліндей. Дегенмен, осындайды көргенде ішіміз қыжылдап, сорлап қалатынымыз рас. Әттең... Так что жігіттер, қазақ қызы деген өлшемді 90/60/90 формуласына сыйғызу санасыздық және жүрексіздік. Тіпті имансыздық.

Сұлулықты тәннен емес, жаннан тауып жүрген африкалық жігіттер құрлы бола алмадық. Көзімізді шығарған бұл тойды ойланбасақ әлі талай көреміз...» - деп жазды.


Ал желі қолданушыларының арасында негрге тұрмысқа шыққан Заиданың шешімін құптайтындар да бар екен. @aikorkemmmm есімді ару ойын былай білдіріпті:

–Адамдар «Ата-анасы қайда қарап отыр?», «Қазақ жігіті құрып қалды ма?» деген сияқты пікірлер жазуда. Ұятын-ай! Білесіздер ме, мен қызық үшін Заиданың инстаграмдағы парақшасына кіріп көрдім, оның бақыттан түрі бал-бұл жанып жүргенін білесіздер ме? Күйеуі екеуі рахаттанып, билеп өмір сүруде. Ал қыздың жанарындағы бақыт ұшқынын айтсаңыздаршы.

Бұл біздің тойдан соң 50 адамды келін шәй құятын, әулеттің әрбір мүшесіне иіліп сәлем салатын жөн-жоралғы емес. Біздің еліміздің түкпір-түкпірінде қыз-келіншектер қиналып өмір сүретіні жасырын емес. Келінді құлдай көретіндер аз емес. Сондықтан мәселе ұлтта не түсте емес, мәселе адамды жеке тұлға ретінде сыйлауда, - дейді Айкөркем.