КҮН ЫСТЫҚ: Денсаулықты сақтау үшін ДӘРІГЕРЛЕР КЕҢЕСІ мен ҚАРАПАЙЫМ ЕРЕЖЕНІ ұмытпаңыз. АЛДАҒЫ КҮНДЕРДЕ АУА-РАЙЫ ЫСТЫҚ БОЛАТЫНЫ БОЛЖАНЫП ОТЫР
Жаз маусымы тамаша мезгіл болғанымен, аптап ыстық адам денсаулығына өте үлкен қауіп төндіреді. Тікелей түскен күн сәулесі мен жоғары ауа температурасы жүрек-қан тамырларына ауыр тиіп, күн өту немесе жылу соққысын тудыруы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын жүз мыңдаған адам аптап ыстықтың салдарынан көз жұмады. Сондықтан дәрігерлердің арнайы кеңестері мен сақтық шараларын білу маңызды.
Ыстықта кімдер аса мұқият болуы керек?
Аптап ыстық ең алдымен кішкентай балаларға және 65 жастан асқан қарттарға өте қауіпті. Балалардың терморегуляция жүйесі толық жетілмегендіктен, олар өте тез қызып кетеді де, сусызданады. Сондай-ақ қауіп тобына мына адамдар жатады:
- Сезімдікке шалдыққан, қант диабеті мен жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдар.
- Терморегуляциясы өзгеріске ұшыраған жүкті әйелдер.
- Далада көп жүретін құрылысшылар, спортшылар.
Дәрігерлер ұсынатын негізгі сақтық ережелері:
1. Көбірек су ішу және дұрыс сусындарды таңдау
Қалыпты температурада салмағы 70 кг адам күніне шамамен 2,1 литр су ішуі қажет болса, қатты ыстықта оған қосымша тағы 1 литр су қосу керек. Шөлді қандыру үшін таза су, морс немесе көк шай ішкен өте пайдалы. Әсіресе көк шай ағзадан тұздың шығып кетуіне жол бермейді, сәйкесінше адам аз шөлдейд. Ал газдалған тәтті сусындар, өндірістік квас, кофе мен құрамында аз да болса алкоголі бар сусындардан (сыра, шарап) қатаң бас тарту керек, себебі олар ағзаны одан сайын сусыздандырады. Судың температурасы салқын болуы тиіс, бірақ тым мұздай су тамырдың тарылуына әкеп соқтырады.
2. Тамақтану тәртібін өзгерту
Ыстық күндері ағзаның қуатқа деген қажеттілігі 5%-ға азаяды. Ағзаға салмақ түсірмеу үшін майлы ет, ащы және ысталған тағамдардан бас тартып, рационды жеміс-жидектермен, көкөністермен және сүт өнімдерімен байыту қажет. Ет және балық тағамдарын таңертең немесе кешке жеген дұрыс, ал түскі асқа асқазанда тез қорытылатын салаттар мен суық сорпаларды қалдырған жөн. Сонымен қатар, тамақтану уақытын ығыстырған дұрыс: таңғы асты таңғы сағат 6-7-де, түскі асты ыстық басталғанша 11:00-11:30-да, ал кешкі асты 18:00-де ішу ұсынылады.
3. Киім мен қорғаныс құралдарын дұрыс пайдалану
- Киім: Тек мақта (хлопок) немесе зығырдан (лен) тігілген, терінің демалуына мүмкіндік беретін жеңіл, кең және ашық түсті киімдер киіңіз.
- Бас киім және көзілдірік: Көшеге шыққанда кең жиекті бас киім немесе қолшатыр ұстау міндетті. Ультракүлгін сәулелерден көзді қорғау үшін күннен қорғайтын көзілдірік тағыңыз.
- Крем: Далаға қысқа уақытқа шықсаңыз да, теріні күйіп қалудан сақтау үшін жоғары SPF факторы бар күннен қорғайтын крем жағыңыз. Баланы далаға шығарғанда да арнайы балалар кремін жағуды ұмытпаңыз.
4. Далада болу уақыты мен температураны реттеу
Күннің ең қауіпті, белсенді уақыты – сағат 11:00 мен 16:00 аралығы (кейбір педиатрлар балалар үшін 10:00-ден 16:00-ге дейін деп ескертеді). Осы уақытта мүмкіндігінше далаға шықпай, көлеңкеде немесе салқын ғимаратта болған жөн. Жағажайда қатты қызып тұрғанда суға бірден секіруге болмайды, температураның күрт ауысуынан жүрек тоқтап, адам талып қалуы мүмкін.
Сондай-ақ, кондиционерді абайлап қолданыңыз: ыстықтан қатты терлеп келіп салқын бөлмеге кіргенде ЖРВИ (ОРВИ) немесе ангинамен ауырып қалу қаупі жоғары. Көлікте терезені сәл ғана ашып жүріп, климат-бақылауды толық қуатында қолданбаған дұрыс. Ешқашан балаларды жабық көлікте жалғыз қалдырмаңыз.
Күн немесе жылу өткенін қалай білеміз?
- Әлсіздік, бас ауыру және бас айналу.
- Жүректің айнуы, құсу, тыныстың жиілеуі және тахикардия.
- Дене қызуының 40 градусқа дейін көтерілуі, терінің қызаруы, суық тер шығуы.
- Ауыр жағдайларда – естен тану, дененің құрысуы (судороги), сананың шатасуы.
Бастан күн өткендегі АЛҒАШҚЫ КӨМЕК:
- Науқасты дереу салқын, көлеңкелі немесе желдетілетін бөлмеге апарып, жатқызыңыз және тар киімдерін шешіп, босатыңыз.
- Маңдайына, желкесіне, қолтығының астына салқын суға (18-20 °C) малынған шүберек немесе мұз қойыңыз. Денесін бөлме температурасындағы сумен сүртіп, желпіңіз.
- Егер адам есін біліп тұрса, оған аз-аздан салқын су (тұзды су немесе әлсіз тәтті шай) беріңі.
- Науқас есінен танып қалса, мұсатыр спиртін иіскетіп, бір қырына жатқызып, дереу жедел жәрдем шақырыңыз.
- Ересек адамдардың қолы мен аяғы мұздап тұрса (бірақ қалтырамаса), сірке суы немесе спиртті сумен араластырып ысқылауға болады. Назар аударыңыз: балалардың терісін спиртпен немесе сірке суымен ысқылауға қатаң тыйым салынады.
- Дене қызуын түсіремін деп парацетамол сияқты дәрілерді берудің қажеті жоқ, өйткені қызу инфекциядан емес, сыртқы ортадан көтерілген. Дәрі-дәрмекті тек дәрігердің нұсқауымен ғана беру керек.


