​Бүйректегі ҚҰМ қайдан ПАЙДА болады?

0
8 010

Себебі, белгілері және емі төменде толық жазылған


​Бүйректегі ҚҰМ қайдан ПАЙДА болады?

фото: spravki1.ru

Бүйрек ауруының түрі көп. Қабынады, төмен түседі, құм, тас жиналады. Бұлардың белгілері мен емі бірдей емес. Бүгінгі мақалада бүйректегі құм туралы толық мәлімет аласыздар. Құмның қалай пайда болатыны, оның белгілері мен емделу жолдары туралы Түркістан облысы, Қазығұрт аудандық орталық ауруханасы "Абай" дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелі дәрігері Бекбосын Арайгүл Балтабайқызы (суретте) толық айтып береді.


– Арайгүл Балтабайқызы, бүйрекке құм қалай жиналады?

– Бүйректегі құм несеп-тас ауруының алғашқы көрінісі. Егер ем уақытында қабылданбаса, адамның өмір сүру салты өзгеріп, бүйректе тас пайда болады. Бүйректегі құмның пайда болуының бірнеше теориялары бар. Олардың көпшілігі тамақтануға, су балансына, инфекцияларға және басқа қолайсыз факторлардың әсерінен болады. Зәрдің рН өзгеруі ұсақ құмның түзілуіне жағдай жасайды. Сонымен қатар, ет тағамдарын пайдалану зәрдің қышқылдануына, ал сүт пен өсімдік тағамдары сілтіленуіне әкеледі. Бүйректегі құм ұзақ уақыт бойы байқалмауы мүмкін. Жалпы бүйрекке құмның жиналуына:

  • Зат алмасудың бұзылуы;
  • Несеп қышқылының көбеюі;
  • Магний элементінің жеткіліксіздігі;
  • Қуық асты безінің қалыптан тыс ұлғаюы;
  • Қалқанша бездерінің гиперактивтілігіне байланысты ағзадан кальцийдің шамадан тыс шығарылуы;
  • Несеп-жыныс жолдарында қан ұйығыштарының пайда болуы, бөгде заттардың болуы, созылмалы қабыну және инфекция;
  • Бүйрек жұмысының өзгеруі;
  • Тұзды, сүт өнімдерін және жануарлар ақуыздарын шамадан тыс тұтыну себеп болады.


– Бүйрекке құмның жиналғанын қалай білеміз? Қандай да бір белгі бере ме?

– Иә, жоғарыда айтып өткеніміздей, бүйреке құмның жиналғаны білінбеуі мүмкін. Бірақ мына белгілер арқылы білуге болады:

  • бел аймағындағы ауырсыну;
  • зәрде қан түйіршіктерінің жасушаларының пайда болуы;
  • дизурия – зәр шығару кезінде ауырсыну және ыңғайсыздық, жиі және баяу зәр шығару.

Осы белгілер байқалса, дереу дәрігерге тексерілу керек. Одан бөлек, велосипед тепкенде, биікке шыққанда, жүгіргенде, секіргенде де ауру байқалады.

фото: avangard-os.ru


– Бүйрекке құмның пайда болуына не себеп болады?

– Оны бір сөзбен немесе бір ғана себеппен түсіндіре алмаймыз. Құмның пайда болуына көп жағдайлар әсер етеді. Нақтырақ айтқанда:

  • энергиясы жоғары және консервіленген тағамдарды тұтыну;
  • майда еритін A, D дәрумені мен аскорбин қышқылының тапшылығы;
  • суды тым аз ішу;
  • көп терлеу және сусыздану;
  • гиподинамия;
  • кіші дәретке уақытында бармау;
  • бүйректің созылмалы қабынуы себеп болады.

Әдетте, несеп буферлік жүйелердің әсерінен тұз кристалданбайтын су физиологиялық ерітіндісі болып табылады. Көбінесе зәр шығару жолындағы тоқырау процестері буферлердің белсенділігін бұзуы мүмкін. Салдарынан құм пайда болады.


– Бүйректе құмның бар екенін қалай анықтаймыз?

– Көп жағдайда бүйректегі құм ультрадыбыстық сканерлеу арқылы анықталады. Ультрадыбыстық дәрігер бүйрек проекциясында экранда акустикалық көлеңкесі бар гиперехоикалық қосындыларды көреді. Кейбір жағдайларда дененің орнын өзгерткен кезде құмның қозғалысы визуалды түрде көрінеді. Ультрадыбыстық рентгендік теріс түзілімдерді визуализациялауға мүмкіндік береді.

Кешенді диагностика бағдарламасына қан мен зәрдің жалпы клиникалық талдауы, биохимиялық қан сараптамасы да кіреді. Бұл сараптама құмның шығу себебі мен химиялық құрамын анықтауға көмектеседі.

фото: clinica-urology.ru


– Бүйректегі құмды қалай түсіреміз? Ауру емделе ме?

– Бүйректегі құм адамның өмір сүру салтын өзгертеді. Сондықтан қандайда бір жайсыздықты байқасаңыз, дереу дәрігерге тексеріліңіз. Жалпы, бүйректегі құмды түсіруге болады. Егер ауруды басталған кезде анықтасаңыз, консервативті ем қабылдайсыз. Ол кезде зәр мен қанның биохимиялық көрсеткіштерін қалыпқа келтіруге бағытталған дәрі қабылдайсыз. Одан бөлек, дұрыс тамақтану, су режимін сақтау, физиотерапия жаттығуларын жасау ұсынылады. Ал асқынған жағдайда хирургиялық емге жүгінуге мәжбүр боласыз. Бүйректегі құм тасқа айналғанда тек ота арқылы тасты алуға тура келді.


– Аурудың алдын алуға бола ма?

– Иә, қайсы бір аурудың алдын алсаңыз, тез жазылады. Мәселен, мына әрекеттер зәр шығару жүйесінде құм мен тастардың пайда болу ықтималдығын азайтуға көмектеседі:

  • күніне кем дегенде 2,5-3 литр сұйықтық ішіңіз;
  • күніне бірдей тағам жеуден сақтаныңыз. Тамақтану мәзіріңізді түрлі тағаммен толықтырасыз;
  • уролог дәрігермен кеңесе отырып дәрумендер мен минералды қабылдаңыз.


– Арайгүл Балтабайқызы, бүйректі сау қалпында сақтау үшін оқырмандарға қандай кеңес бересіз?

– Бүйрек адам үшін ең маңызды мүше. Сондықтан оның сау болуы бүкіл ағзаңыздың сау болуының кепілі екенін ескеріңіз. Бүйректі уақытылы емдемесе, несеп-тас аурулары дамиды және бүйректегі құм тасқа айналады. Аурудың алдын алу үшін ең алдымен жеп-ішетін тамағыңызға өте мұқият болыңыз. Тұз, сүт өнімдері мен газдалған, спиртті сусынды шамадан артық тұтынсаңыз, бүйрекке зауал келтіресіз. Оның орнына дәнді-дақылдарды, көкөніс пен жеміс-жидекті көбірек жеңіз. Күніне кем дегенде 2 литр су ішуге әдеттеніңіз. Оған қоса, физикалық белсенділік, жаттығу жасау, жаяу жүру күнделікті жұмысыңызға айналсын. Сонда сіз тек бүйректің ғана емес, бүкіл ағзаңыздың саулығын сақтай аласыз.


– Арайгүл Балтабайқызы, керекті мәліметтеріңіз үшін көп рахмет!


Л.АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


ШАНШУДАН қалған БЕЗДІ қалай кетіруге болады?


Кімге БАЛМҰЗДАҚ жеуге БОЛМАЙДЫ?


Жазда СУЫҚТАП ҚАЛМАУ үшін НЕ ІСТЕУ керек?