​Маса-шіркей ШАҚҚАН жер неге ІРІҢДЕЙДІ?

0
342

Дәл қазір маса шаққан жер іріңдеп, жараға айналып жатқан жағдай көп, әсіресе балаларда


​Маса-шіркей ШАҚҚАН жер неге ІРІҢДЕЙДІ?

Сурет: ЖИ

Жаз мезгілінде маса мен шыбын-шіркейдің шағуы көпшілік үшін үйреншікті жағдай. Әдетте шаққан жерде кішкентай қызыл дақ, қышу немесе аздап ісіну пайда болып, бірнеше күн ішінде басылады. Алайда дәл қазіргі уақытта маса шаққан жер іріңдеп, жараға айналып жатқан жағдай көп кездесуде. Әсіресе балаларда.


Дәрігерлер мұндай асқынудың екі себебі болуы мүмкін екенін айтады: аллергиялық реакция және инфекция. Осы тұста нақты жағдай аталған екі себептің қайсының әсерінен туындағанын дұрыс ажырату маңызды екенін де ескертті.

Жәндік шаққаннан кейінгі аллергияның өзі іріңді жараға айналмайды. Ал тері зақымданып, оған бактерия түскен жағдайда екіншілік инфекция дамуы мүмкін.

АҚШ Ұлттық биотехнологиялық ақпарат орталығына қарасты PubMed ғылыми мерзімді басылымдардың деректер қорындағы ғылыми шолуларда жәндік шаққаннан кейін аллергиялық реакциямен қатар екіншілік бактериялық инфекция, соның ішінде тері инфекциялары болуы мүмкін екені көрсетілген.


Ағза маса шаққанға қалай жауап береді?

Маса адамды шаққанда оның сілекейіндегі кейбір ақуыздар ағзада иммундық реакция туғызады. Соның салдарынан шаққан жерде қышитын қызыл түйін немесе ісік пайда болуы мүмкін.

Бұл – міндетті түрде қауіпті аллергия деген сөз емес. Көп жағдайда мұндай реакция жергілікті сипатта болады.

2026 жылы жарияланған балалар арасындағы масаға жоғары сезімталдықты зерттеген жұмыста реакцияның түрі әртүрлі болуы мүмкін екені көрсетілген: кей балаларда қызарған түйіндер мен есекжемге ұқсас ісіну байқалған. Зерттеушілер мұндай жағдайды бағалауда зертханалық көрсеткіштен гөрі адамның клиникалық белгілері мен терідегі өзгерістерін ескеру маңызды екенін атап өткен. Сондықтан шаққан жердің қызарып, қышуының өзі инфекцияны білдірмейді.


Аллергия мен инфекцияның айырмашылығы неде?

Ең маңызды сұрақ осы. Аллергиялық реакция кезінде:

  • шаққан жер қышуы мүмкін;
  • қызару пайда болады;
  • ісіну бірнеше сағат ішінде ұлғаюы ықтимал;
  • кейде айналасындағы тері де ісінеді;
  • көп жағдайда реакция біртіндеп басылады.

Маса шаққаннан кейінгі үлкен жергілікті реакциялар да аллергиялық сипатта болуы мүмкін. Ғылыми деректерге сәйкес, қанмен қоректенетін жәндіктердің шағуы жергілікті аллергиялық реакция туғыза алады.

Ал инфекция қосылғанда жағдайдың сипаты өзгереді:

  • қызару біртіндеп кеңейеді;
  • ауырсыну күшейеді;
  • тері ыстық болып сезіледі;
  • ісіну ұлғаяды;
  • жарадан ірің немесе басқа бөлінді шығуы мүмкін;
  • кейде жақын орналасқан лимфа түйіндері ісінеді;
  • адам өзін әлсіз сезініп, дене қызуы көтерілуі мүмкін.


Кембридж университетінің ауруханасы жәндік шаққаннан кейін, әсіресе адам қышыған жерді тырнап жіберсе, екі-үш күннен соң тері инфекциясы дамуы мүмкін екенін ескертеді. Инфекция кезінде қызару мен ісіну күшейіп, тері ысып, ірің пайда болуы ықтимал.


Неліктен қасу қауіпті болуы мүмкін?

Маса шаққанда ең мазалайтыны – қышу. Адам еріксіз қасиды. Ал тырнақпен қатты қасу терінің үстіңгі қабатын жарақаттап, ұсақ сызаттар немесе ашық жаралар пайда болуына әкелуі мүмкін. Осы кезде терінің қорғаныс қабаты бұзылып, бактериялардың енуіне жағдай жасалады.

Яғни мынадай тізбек қалыптасады: маса шағады → қышу пайда болады → адам қасиды → тері жарақаттанады → бактерия түседі → қабыну және инфекция дамиды.

Бұл жерде іріңнің пайда болуына аллергияның өзі емес, кейін қосылған бактериялық инфекция себеп болады.

Тері қабатының бүтіндігі бұзылған жерлер, соның ішінде жәндік шаққан орындар, целлюлит сияқты бактериялық тері инфекцияларының кіреберіс қақпасына айналуы мүмкін.


Алғашқы көмек және емдеу шаралары

Дереу орындалатын әрекеттер: Шаққан жерді салқын сумен және сабынмен жуу, 10–15 минутқа мұз немесе салқын компресс басу.

Қышуды басу: Құрамында каламин, гидрокортизон бар майларды жағу немесе дәрігердің кеңесімен антигистаминді препараттарды қабылдау.

Іріңдей бастағанда: Антисептикалық ерітінділермен (хлоргексидин, мирамистин) өңдеп, бактерияға қарсы жергілікті майларды (мысалы, левомеколь) қолдану ережелері.


Халық еміндегі жиі жіберілетін қателіктер

  • Жараға йод немесе зеленканы ашық күйінде жағып, теріні күйдіріп алу.
  • Іріңді өз бетінше сығып тастау. Бұл инфекцияның қанға таралуына әкеледі.
  • Сірке суы немесе спиртпен тым қатты сүрту. Бұл әрекет терінің қорғаныс қабатын зақымдайды.


Асқынудың алдын алу шаралары

Жәндік шаққаннан кейін асқынулардың алдын алудың ең тиімді жолы – теріні жарақаттан және инфекция түсуден қорғау. Ол үшін мынадай қарапайым, бірақ маңызды ережелерді сақтаған жөн.

Қорғаныс құралдарын (репелленттерді) дұрыс таңдау. Масаға қарсы спрей мен кремді жас ерекшелігіне қарай қолданған абзал. Ересектер мен жасөспірімдер үшін DEET (диэтилтолуамид) немесе икаридин концентрациясы жоғары құралдар жарамды болса, кішкентай балаларға бұл заттардың мөлшері төмен (немесе эфир майлары мен өсімдік сығындыларына негізделген) арнайы өнімдерді таңдаған дұрыс.

Балалардың гигиенасы мен тырнақ күтімі. Балалар қышынған жерді бейсаналы түрде қаси береді. Ал тырнақ астында миллиондаған бактерия жиналатындықтан, бұл екіншілік инфекцияның басты көзі. Соған байланысты жаз мезгілінде балалардың тырнағын жиі әрі қысқа етіп кесіп, қолды сабындап жууды әдетке айналдыру керек.

Қауіп тобындағы адамдарға ерекше көңіл бөлу. Қант диабеті бар, иммундық жүйесі әлсіреген немесе атопиялық дерматит сияқты тері ауруларымен ауыратын жандарда кез келген кішкентай сызаттың өзі баяу жазылады. Бұл топтағы адамдарда микроорганизмдердің терінің терең қабаттарына өтіп, іріңді қабыну тудыру қаупі жоғары, сондықтан олар маса шаққан орынды дереу антисептикпен өңдеп, мұқият бақылауы қажет.


Қай кезде дәрігерге барған жөн?

Үй жағдайында «аллергия екен» немесе «жара іріңдеп жатыр екен» деп өз бетімен диагноз қоюға болмайды. Белгілердің өзгерісі мен дамуын бақылау маңызды. Шаққан жердегі қызару немесе қышу біртіндеп азайып келе жатса, әдетте жағдайды бақылау жеткілікті болуы мүмкін. Ал мына белгілер байқалса, медициналық маманға қаралған дұрыс:

  • қызару тез үлкейсе;
  • ісіну күшейе берсе;
  • ауырсыну пайда болып немесе арта түссе;
  • тері қатты ысып тұрса;
  • ірің немесе басқа бөлінді шықса;
  • қызару бойымен қызыл жолақ пайда болса;
  • лимфа түйіндері ісінсе;
  • дене қызуы көтерілсе;
  • адам өзін жалпы нашар сезінсе.

Мұндай белгілер тері инфекциясына тән болуы мүмкін.


Аллергияның қауіпті түрі ше?

Жәндік шаққаннан кейінгі аллергиялық реакция сирек жағдайда тек шаққан жермен шектелмей, бүкіл ағзаға әсер етуі мүмкін. Егер шаққаннан кейін ерін, тіл немесе тамақ аймағы ісініп, тыныс алу қиындаса, адам қатты әлсіресе немесе есінен танатындай жағдай болса, бұл ауыр аллергиялық реакцияның белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда шұғыл медициналық көмек қажет.

Бұл белгілер іріңді жарадан бөлек қарастырылады: мұнда мәселе бактериялық инфекцияда емес, аллергиялық реакцияның ауыр түрінде болуы мүмкін.

Ең бастысы – аллергия мен инфекцияны бір нәрсе деп қабылдамау. Бірі – иммундық жүйенің реакциясы, екіншісі – теріге бактерия түсіп, қабынудың дамуы. Ал нақты диагнозды тек медицина маманы белгілерді қарап анықтай алады.

Төре СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

МЕКТЕПКЕ ДАЙЫНДЫҚ кезінде баланың ТІСІН де тексеру маңызды
БАЛАЛАРДАҒЫ АУТИЗМ: ата-ана байқауы тиіс алғашқы белгілер