"Қазақстанда да мұғалімдерге дәл осы еркіндік, сенім жетіспей жатқан сияқты..."
Соңғы жылдары қазақстандық білім кеңістігінде жиі айтылып жүрген есімдердің бірі — Әсел Амангелді. Оның жолы көп адамға мотивация, ал мұғалімдер үшін — ойланатын үлкен тақырып. Түркістан облысы, Арыс қаласында дүниеге келген қарапайым қазақ қызының Гарвард университетіне дейін жетуі кездейсоқтық емес, жүйелі еңбектің, дұрыс бағыттың нәтижесі.
Әсел білім жолын Шымкенттегі Назарбаев Зияткерлік мектебінде бастайды. Кейін Назарбаев университетіне грантпен оқуға түсіп, білім мен көшбасшылық бағытында өзін қалыптастырады. Студент кезінде-ақ әлеуметтік жобаларға араласып, білімнің қоғамға әсері туралы ойлана бастайды. Осы ізденістер оны әлемдегі ең үздік университеттердің бірі — Гарвардқа алып келеді.
Гарвард университетінде Әсел Education Leadership, Organizations and Entrepreneurship мамандығы бойынша білім алды. Бұл — жай ғана педагогика емес, білім жүйесін басқару, өзгерту, жаңа модельдер ұсыну бағыты. Ең маңыздысы — ол бұл университетке грантпен қабылданды. Яғни, әлемдік деңгейдегі оқу орны қазақтың бір қызының әлеуетіне сеніп, оның оқу ақысын толықтай өзі көтерді.
Бүгінде Әсел Амангелді Гарвардта тек білім алушы емес, оқытушы ретінде де жұмыс істейді. Ол болашақ педагогтармен, зерттеушілермен, білім саласының көшбасшыларымен бірге жұмыс істеп, түрлі елдердің білім жүйесін зерттеп жүр. Бірақ оның басты мақсаты өзгермеген — Қазақстандағы білім жүйесіне жаңа көзқарас әкелу, мұғалімдердің ойлау жүйесін кеңейту, білімге деген қатынасты өзгерту.

Осы сұхбатта біз Әселмен дәл осы тақырыптар төңірегінде ашық сөйлестік.
– Әсел, сіздің жолыңызға қарасақ, бәрі бірден оңай болғандай көрінеді. Ал шын мәнінде осы жолдың ең күрделі тұсы қайсы болды?
– Шыны керек, оңай болды деп айта алмаймын. Әсіресе өз-өзіңе сену мәселесі қиын. Арыс сияқты шағын қалада өскен бала үшін «мен әлемдік университетке түсе аламын» деп ойлау оңай емес. Бірақ дәл сол жерде мектептегі мұғалімдерімнің әсері болды. Олар мені тек үлгеріммен емес, ойыммен, сұрағыммен бағалады. Сол сенім ішімде бір жауапкершілік қалыптастырды: «егер саған сенсе, сен де соған лайық болуға тырыс».
– Гарвардта оқу сіздің білімге деген көзқарасыңызды қалай өзгертті?
– Гарвард маған бір нәрсені нақты түсіндірді: білім — жеке адамның жетістігі үшін емес, жүйені өзгерту үшін керек. Мұнда бәрі «сен не білесің?» дегеннен гөрі «сен соны қалай қолданасың?» деген сұраққа тіреледі. Сабақтарда нақты кейстер, нақты елдердің білім жүйесі талданады. Сол кезде Қазақстанға сырт көзбен қарауды үйрендім. Бізде әлеует өте жоғары, бірақ кейде ойлау шеңбері тар болып кетеді.
– Сіз қазір Гарвардта мұғалім ретінде де жұмыс істейсіз. Бұл тәжірибе сізге не үйретуде?
– Мұғалім болу — үлкен жауапкершілік. Мұнда студенттер өте еркін, сұрақ қояды, қарсы пікір айтады. Бұл маған бір нәрсені түсіндірді: жақсы мұғалім бәрін білетін адам емес, ойлауға мүмкіндік беретін адам. Қазақстанда да мұғалімдерге дәл осы еркіндік, сенім жетіспей жатқан сияқты.
– Сіз «қазақстандық білім жүйесін өзгерткім келеді» деп жиі айтасыз. Нақты қандай өзгерістер туралы айтып жүрсіз?
– Ең алдымен, мұғалімнің рөлін қайта қарау керек. Мұғалім — орындаушы емес, шешім қабылдай алатын тұлға болуы тиіс. Бізде кейде мұғалімді қағазбастылықпен, есеппен тұншықтырып тастаймыз. Ал шын мәнінде мұғалімге сенім берілсе, ол өзі-ақ жақсы нәтиже көрсетеді. Мен осы ойды халықаралық деңгейде айтып, дәлелдеп жүрмін.
– Сіз шетелде жүріп, қазақ тілін, ұлттық құндылықтарды ашық айтып жүрсіз. Бұл сіз үшін қаншалықты маңызды?
– Өте маңызды. Өз болмысыңды жоғалтпай, әлеммен тең сөйлей білу — үлкен күш. Мен қазақша ойлап, қазақша сөйлеймін, сонымен қатар әлемдік ортада еркінмін. Бұл да мектептен басталады. Мұғалім баланың бойына «сен кімсің» деген сұрақтың жауабын сіңіреді.
– Қазіргі қазақстандық мұғалімдерге не айтар едіңіз?
– Өздеріңізді төмен бағаламаңыздар. Сіздер кейде бір ауыз сөзбен баланың тағдырын өзгертіп жібересіздер. Мүмкін сіздің сыныбыңызда болашақ ғалым, болашақ реформатор отыр. Оған тек сенім керек. Менің жолым — соның дәлелі.
Сұхбаттасқан: Ж.Кәрімхан,


