Тәрбиешілердің жұмысын жеңілдететін керемет жасанды интеллект құралдары бар.
сурет: region03 сайтынан
Тәрбиеші болу – балаларды күн сайын жаңа дүниелермен таңғалдыру, олардың танымын арттырып, шығармашылығын дамыту деген сөз. Оның үстіне ата-аналармен байланыс жасап, тәрбие жұмыстарын жоспарлау да бар. Қысқасы, тәрбиешінің жұмысы күн сайын тынымсыз еңбекке толы.
Бірақ технология дамыған заманда тәрбиешілердің жұмысын жеңілдететін керемет ЖИ құралдары бар. Олар сабақты қызықты етумен қатар уақытты үнемдейді.
Ойын арқылы білім беріңіз
Kahoot – викторина мен тест сұрақтарын ойын түрінде ұсынатын керемет платформа. Мысалы, «Түстер әлемі» тақырыбында балаларға түрлі түстерді үйрету үшін сұрақтар дайындауға болады.
Тапсырма мысалы:
- «Қызыл түс қандай жемістің түсіне ұқсайды?»
- «Көк түсті аспанды қай кезде көреміз?»
Балалар интерактивті тақта арқылы дұрыс жауаптарды таңдайды. Жауап берген сайын экранда көңілді анимациялар пайда болады. Мұндай ойын балалардың білімін тексеріп қана қоймай, олардың қызыңушылығын оятады.
ЖИмен сурет салудың жаңа деңгейі
AutoDraw – қарапайым сызықтарды әдемі суретке айналдыратын керемет құрал. Балабақшада балалар кейде фигураларды дұрыс сала алмай қиналады. Осы платформаның көмегімен бала өз фантазиясымен сурет салады, ал ЖИ оны автоматты түрде танымал пішіндерге айналдырады.
Тапсырма мысалы:
- «Дөңгелек пен төртбұрыш салып көрші, AutoDraw оны қандай пішіндерге айналдырады екен?»
- «Үйдің суретін салайық, сенің үйің қандай болады?»
Балалар өз суреттерін экранда көріп таңқалып, қиялын еркін дамытады.
Оқыту бейнероликтерін пайдаланыңыз
Балаларға бейнероликтер арқылы жаңа тақырыпты түсіндіру әрқашан қызықты. YouTube Kids платформасы тәрбиешілерге қауіпсіз контент ұсынады. Мысалы, «Жеміс-жидектер әлемі» туралы мультфильмдер арқылы балалар жемістердің түрін тез жаттайды.
Тапсырма мысалы:
- «Алма туралы мультфильм көрдік. Қандай түсті алма көрдің?»
- «Мультфильмде қандай жаңа жеміс туралы білдің?»
Балалар бейнероликтен алған ақпаратты ойын арқылы қайталаса, есте сақтау қабілеті артады.
Simply Piano – Музыкалық шығармашылықты дамытады
Simply Piano – балаларға пианинода ойнауды үйрететін тамаша қосымша. Балабақшадағы музыка сабақтары үшін өте пайдалы. Платформа балаға дұрыс ноталарды үйретіп, ойын арқылы әуен ойнауға мүмкіндік береді.
Тапсырма мысалы:
- «Қазір пианиноның ақ ноталарын басып көрейік. Қандай әуен шықты?»
- «Музыканы қайталап ойнап көрші, бұл біздің балабақшадағы сүйікті әніміз болсын!»
Балалар музыкалық шығармашылықтарын дамытып қана қоймай, музыкаға деген қызығушылықтарын арттырады.
ЖИ арқылы балалардың тәртібі мен мотивациясын бақылаңыз
ClassDojo платформасы тәрбиешілерге балалардың тәртібін бақылауға және олардың жетістіктерін ата-аналармен бөлісуге көмектеседі. Әр балаға жеке аватар жасалып, жетістіктеріне қарай ұпайлар беріледі. Мысалы, «Үлкендерге көмектесу», «Ойын кезінде тәртіп сақтау» сияқты тапсырмалар үшін балаларға қосымша ұпай беріледі.
Тапсырма мысалы:
- «Кім бүгін ойынды тыныш ойнап, достарына көмектеседі – сол Dojo ұпай алады!»
- «Бір-бірімізді тыңдайық. Тыңдаған әр балаға жұлдызша!»
Балалар үшін бұл үлкен мотивация болып, тәрбиешіге тәртіпті жеңіл бақылауға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект құралдары балабақша тәрбиешілерінің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, балалардың қызығушылығын оятатын шығармашылық орта құруға көмектеседі. Мұндай платформалар сабақтарды қызықты, ал тәрбие жұмыстарын тиімді етуге зор мүмкіндік береді.