Арнайы бірнеше кітапхана бар.
суретте: АҚШ-тың "Reading to Dogs" бағдарламасы негізінде Калифорния штатында өткен итпен кітап оқу
Кітап оқу, үй тапсырмасын орындау — кейбір балалар үшін қиындық тудырады. Әсіресе, бала оқудан бас тартса, мұғалімдер абдырап, әртүрлі әдістерді іздеп, түрлі әдістемелерді қолданып көреді. Кейде тіпті ұрсады, ата-анасын шықарады, жазалау шараларын да қолданып көреді. Ал шындығында, шет елде баланы кітапқа қызықтырудың мүлдем басқа жолы бар екен. Ол — итпен бірге оқу! Бастапқыда бұл қызық естілуі мүмкін, бірақ бұл әдіс әлемде 25 жылдан астам уақыт бойы қолданыста. Қызық, иә!?
Итпен бірге қалай оқиды?
Әдістің механикасы өте қарапайым: бала кітапты дауыстап оқиды, ал ит оны тыңдайды. Ит жанында жата береді немесе ұйықтап та қалады. Бұл тәжірибе алғаш рет 1999 жылы АҚШ-тың кітапханаларында пайда болып, әлемге тез тарады. Бүгінгі таңда Финляндияда тіпті иттер кітапхананың штатында ресми қызметкер ретінде тіркелген екен! Иә, иттер кітапхананың, коворкинг орталықтарының тұрақты қызметкері есебінде жүреді. Оларды күтіп, баптап, тамақтарын беретін арнайы мамандары болады екен.
АҚШ-та балалардың иттермен бірге оқуға қатысуына мүмкіндік беретін бірнеше кітапхана бар. Мысалы, Нью-Йорктегі қоғамдық кітапханаларда «Paws to Read» бағдарламасы жүзеге асырылады, онда балалар арнайы дайындалған терапиялық иттерге дауыстап оқиды. Сондай-ақ, Лос-Анджелестегі кітапханаларда «Reading to Dogs» бағдарламасы бар, мұнда балалар иттермен бірге оқып, оқу дағдыларын жетілдіреді. Бұл бағдарламалар балалардың оқу дағдыларын дамытуға және кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Итпен сабақ оқудың артықшылықтары
1. Оқу процесі ойынмен ұштасады
Итпен оқу ұзақ уақытты қажет етпейді (шамамен 10-20 минут) және бейресми ортада өтеді. Бала алдымен кітап оқып, сосын итпен ойнап, оған команда беріп немесе тәттісін сыйлап көңіл көтере алады. Бұл тәсіл баланың когнитивтік кернеуін жеңілдетіп, оқуды қызықты процесс ретінде қабылдауына көмектеседі.
2. Стресс факторы болмайды
Оқу кезінде баланың жанында тек ит және қауіпсіздікті қадағалайтын ерікті болады. Мұнда мұғалімдер, ата-аналар немесе сыныптастар жоқ. Бұл баланың еркін сезінуіне және қателесуден қорықпай оқуға мүмкіндік береді. Ерікті тек қолдау көрсетеді, бірақ ешқашан баланы түземейді.
3. Ит— мінсіз тыңдаушы рольін атқарады
Ит баланың қатесін елемейді, оған түсіністікпен қарайды. Егер бала қобалжып кетсе, итті сипау арқылы тынышталуы мүмкін. Бұл тактильді сезімдер баланың ми ресурстарын белсенді етіп, оқу процесін жеңілдетеді.
Кез келген ит жарай ма?
Әрине, жоқ. Ит үшін де сабақ жайлы болуы керек. Егер ит балалардан немесе жаңа орындардан қорқатын болса, ол тек күйзеліске түседі. Сондай-ақ агрессивті немесе үйретілмеген иттер де мұндай сабақтарға жіберілмейді. Бірақ иттің түрі, түсі немесе тұқымы маңызды емес. Ерікті иттің ерекшеліктерін пайдаланып, баламен қарым-қатынас орнатады.
Итпен бірге оқу тек баланың оқу дағдысын дамытып қана қоймайды, сонымен қатар жануарларға деген жауапкершілікті қалыптастырады. Бұл ерекше тәжірибе балаларға кітапты жақсы көруге мүмкіндік береді. Мәскеуде тіпті үй іздеген иттерді кітапханаларға алып келу жобасы іске қосылған. Осылайша, балалар оқуды үйренеді, иттер жаңа отбасы табады, ал кітапханалар ерекше белсенділікке ие болады.
Қызық, сіз балаларыңызбен немесе оқушыларыңызбен осындай әдісті қолданып көрер ме едіңіз? Итпен бірге оқудың жаңа деңгейі сізді де таң қалдыруы мүмкін!