​ҰСТАЗдар ЖАЗғы демалыста неден ҚАТЕЛЕСЕДІ?

0
275


​ҰСТАЗдар ЖАЗғы демалыста неден ҚАТЕЛЕСЕДІ?

Сурет: ЖИ

Мұғалімдер үшін жаз мезгілі – демалыс, тынығу және күш жинау уақыты болуға тиіс. Алайда, кейбір ұстаздар байқамай өзіне зиян келтіретін әдеттерге бой алдырады. Бірі бүкіл жазын тек жұмысқа арнаса, енді бірі, керісінше, күн тәртібін мүлде бұзып алады. Мұның бәрі жаңа оқу жылын сергек көңіл-күймен емес, шаршаңқы қалыпта бастауға себеп болуы мүмкін. Сондықтан жазғы демалысты тиімді өткізу – мұғалімнің кәсіби дамуының да, жеке денсаулығының да маңызды бөлігі.


1. Жаз бойы жұмыстан қол үзбеу

Кейбір мұғалімдер демалыс басталысымен келесі оқу жылына дайындыққа кіріседі. Жоспар, күнтізбелік жоспар, презентациялар, есептер – бәрін жазда аяқтап тастағысы келеді.

Әрине, алдын ала дайындалудың пайдасы бар. Бірақ жаздың бар уақытын жұмысқа арнау эмоционалдық шаршауды күшейтеді. Ми үздіксіз жұмыс істегенде толық қалпына келе алмайды. Соның салдарынан қыркүйек келгенде-ақ адам өзін қажып жүргендей сезінеді. Америка Психологиялық Ассциациясы жүргізген зерттеулер жұмыстан толық үзілмеу кәсіби қажуды созатынын және когнитивтік функциялардың қалпына келуіне кедергі келтіретінін дәлелдейді.

Не істеу керек?

Жұмысқа нақты уақыт бөліңіз. Мысалы, аптасына бір-екі күн ғана кәсіби мәселелермен айналысып, қалған уақытты демалысқа, отбасыға және жеке қызығушылықтарға арнаңыз.


2. Ұйқы режимін толықтай бұзу

«Енді таңертең сабаққа асықпауға болады, қалаған уақытымда ұйықтаймын, ұйқым қанғанша жатамын» деген ой ұйқы режимін түбегейлі бұзады. Демалыстың бір-екі аптасы өткен соң ес жиғанмен де, «Бүгін ерте жатамын» деп ойлап, түнде YouTube-тен «Жаңа форматтағы сабақ жоспарлары» немесе түрік сериалын көріп кеткеніңізді байқамай қалған сәттер таныс па?

Бірнеше уақыт ішінде ағза дәл осы тәртіпке бейімделеді. Ал тамыздың соңында қайтадан ерте тұру қиынға соғады. Соның әсерінен алғашқы апталарда шаршау, ашушаңдық, зейіннің төмендеуі байқалады.

Не істеу керек?

Демалыс кезінде де ұйқы уақытын тым қатты өзгертпеген дұрыс. Ерте тұру міндетті емес, бірақ күн сайынғы айырмашылық 1–2 сағаттан аспаса, ағзаға жеңіл болады. Сомнологтардың тұжырымы бойынша, ұйқы режимін демалыс күндері 2 сағаттан артық жылжыту «әлеуметтік джетлаг» тудырып, циркадтық ырғақты бұзады.


3. Өз денсаулығын кейінге қалдыру

PubMed, BMC Public Health журналында жарияланған жүйелі медициналық шолулар көрсеткендей, мұғалімдерде созылмалы дауыс жүктемесі (дисфония), тірек-қимыл аппаратының бұзылуы (омыртқа, мойын, арқа) және стресске байланысты қан қысымы аурулары ең жиі кездесетін кәсіби патологиялар болып табылады.

Оқу кезінде уақыт жетпегендіктен көптеген мұғалімдер дәрігерге қаралуды кейінге қалдырады. Бірақ кейде жазда да оған уақыт бөлмей, «кейін барамын» деп жүре береді.

Не істеу керек?

Жазғы демалысты денсаулыққа инвестиция деп қабылдаңыз. Бір айын «Денсаулық айы» деп жариялаңыз. Жоспарлы тексеруден өтіп, қажет болса ем қабылдап, стоматологқа қаралып, денсаулық мәселелерін шешіп алған дұрыс. Ең бірінші кезекке скрининг пен стоматологты қойыңыз.


4. Кәсіби дамуды мүлде тоқтату

Кейбір мұғалімдер демалыс кезінде білім беру саласына қатысты ештеңе оқығысы келмейді. Бұл қалыпты жағдай болғанымен, үш ай бойы кәсіби ортадан толықтай алыстап кету де пайдалы емес. Күзде жаңа бағдарламаларға, цифрлық платформаларға немесе өзгерістерге бейімделу қиындай түседі.

Не істеу керек?

Күн сайын болмаса да, айына бірнеше рет қана педагогика, психология немесе цифрлық технологиялар туралы қызықты материалдарды оқып тұрған жеткілікті. Бұл жұмыстан шаршатпайды әрі кәсіби қызығушылықты сақтайды.


5. Қозғалысты азайту

Оқу жылы кезінде мұғалімдер күні бойы қозғалыста жүреді: сыныптан сыныпқа өтеді, тақтаға жазады, оқушылармен жұмыс істейді. Ал жазда бұл белсенділік күрт төмендеуі мүмкін. Қозғалыстың азаюы арқа мен мойынның ауырсынуына, салмақ қосуға және жалпы әлсіздікке әкеледі.

Не істеу керек?

Күн сайын ұзақ серуендеу, жүзу, велосипед тебу немесе қарапайым жаттығулар жасау жеткілікті. Міндетті түрде спортзалға барудың қажеті жоқ.


6. Өз қызығушылықтарын ұмыту

Көптеген мұғалімдердің өмірі тек мектеппен байланысты болып кетеді. Демалыс кезінде де олар өзіне ұнайтын істерге уақыт бөлмейді. Ал шығармашылықпен айналысу, саяхаттау, кітап оқу, бау-бақша күту немесе жаңа хобби табу адамның эмоционалдық қорын толықтырады.

Не істеу керек?

Өзіңізге «мұғалім емес, жай ғана адам» болатын уақыт сыйлаңыз. Жаңа әсерлер шығармашылық ойлауды да дамытады.


7. Тамыздың соңына дейін бәрін кейінге қалдыру

Кейбір ұстаздар жаз бойы ештеңе істемей, барлық дайындықты тамыздың соңғы аптасына қалдырады. Нәтижесінде бірнеше күннің ішінде кабинет дайындау, жоспар жасау, құжаттарды реттеу, әдістемелік материалдарды жинақтау сияқты жұмыстар қабаттасып кетеді. Бұл жаңа оқу жылы басталмай жатып күйзеліс тудыруы мүмкін.

Не істеу керек?

Дайындық жұмыстарын шілде мен тамыз айларына аз-аздан бөліп орындаңыз. Сонда соңғы күндері асығыстық болмайды.


Көпшілік жазғы демалысты тек уақытша үзіліс деп қабылдайды. Шын мәнінде, бұл – мұғалімнің физикалық және эмоционалдық күшін қалпына келтіретін ең маңызды кезеңдердің бірі. Демалысты дұрыс жоспарлау, денсаулыққа көңіл бөлу, жаңа әсер жинау және жұмыспен жеке өмірдің тепе-теңдігін сақтау жаңа оқу жылын сергек көңіл-күймен қарсы алуға көмектеседі.

Ұстаздың кәсіби шеберлігі тек сабақ үстінде ғана емес, өзіне қаншалықты қамқорлық жасай алатынында да көрінеді. Сондықтан жазды тек «пайдалы өткізуге» емес, ең алдымен өз күшіңізді қалпына келтіруге арнаған жөн.

Ұмытпаңыз: Шаршаған, энергиясы таусылған мұғалім оқушыға шабыт бере алмайды. Сондықтан жазда демалу — бұл жұмыстан қашу емес, келесі жылғы жетістіктердің негізін қалау.

Ханбибі ОРАЛ,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

БЖБ мен ТЖБ жойылса: МҰҒАЛІМ не ұтады, неден ұтылады?
Әлем елдеріндегі МҰҒАЛІМДЕР ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСЫН қалай өткізеді?