Қазыбек болашақта шет елде білім алып, осы жобаларын одан әрі дамытқысы келеді.
фотосурет: инстаграм әлеуметтік желісінен
Қыдырбай Қазыбек – Атырау қаласындағы «IT мектеп-лицейінің» 11-сынып оқушысы. Ғылым мен техникаға қызығушылығы бала кезінен қалыптасқан Қазыбек қазір өз жобалары арқылы үлкен жетістіктерге жетуде. Жаңашылдық пен табандылық – оның басты қасиеттері. Әр жетістігіне қажырлы еңбегімен қол жеткізген Қазыбек, тек өз мектебінің емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышы.
Қазыбек «Ғарыштық станциялар мен ғарыштық колониялардағы адам өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі» атты жобасын жасап, оны «Ғылым әлемін ашамыз» халықаралық ғылыми байқауында ұсынды. Бұл жоба ғарышта адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, жердегі төтенше жағдайларда да пайдалы болады. Қазіргі таңда оның 2 негізгі жобасы бар:
Бірінші жобасы ҚАУІПТІ ЗАТТАРДЫ АНЫҚТАЙТЫН ҚҰРЫЛҒЫ: Бұл құрылғы кез-келген жерде газ, түтін, пропан немесе бутан сияқты зиянды заттарды бірден анықтайды. Егер қандай да бір қауіп байқалса, құрылғы бірден сигнал береді. Бұл адам өміріне қауіп төндірмес бұрын әрекет етуге көмектеседі.
Екінші жоба ЖАҢА ҒАРЫШТЫҚ СТАНЦИЯНЫҢ МАКЕТІ: Қазыбектің макеті – казіргі ғарыш айлақтарының қауіпсіздік жүйесінің моделін көрсететін ерекше туынды. Яғни ол қазір қолданыстағы макеттің қауіпсіздік деңгейін арттырып, ондағы технологиялық қызметтердің барлығын автоматтандыруды ұсынған.
Қазыбектің өзі жобалары туралы: «Менің жобам адамдардың өмірін қауіпсіз етуге арналған. Ғарыштық станциялардағы түрлі апаттық жағдайларды болдырмау – жобаның басты мақсаты. Бұл тек идея ғана емес, шын мәнінде жүзеге асыруға болатын шешім. Қазылар алқасы менің жұмысымды жоғары бағалап, екінші орынға лайық деп тапты. Бұл маған үлкен шабыт берді. Мен бұл жобам арқылы тек ғарышта ғана емес, күнделікті өмірде де адамдарға көмектескім келеді. Қауіпсіздік – ең маңызды құндылық. Егер менің жобам біреудің өмірін сақтап қалуға көмектессе, мен өзімді бақытты сезінемін», - дейді. Биыл 11 сынып оқитын Қазыбек болашақта шет елде білім алып, осы жобаларын одан әрі дамытқысы келеді.
Қазыбек өз жобасы арқылы көптеген байқауларда жеңіске жетіп үлгерді. 2023 жылы «Шапағат-2024» байқауында «Жас талант» номинациясын жеңіп алып, 1 000 000 теңге сыйақыға ие болды. Ол сондай-ақ Әлемдік World Robot Olympiad жарысында және IT Жоба-2024 байқауында жеңімпаз атанды.
Қыдырбай Қазыбек – Қазақстанның ғылым мен техника саласында жетістікке жетіп келе жатқан дарынды жас. Оның жобасы тек ғылыми ортада ғана емес, адам өмірін жақсарту жолында да үлкен маңызға ие. Қазыбектің армандары биік, ал еңбекқорлығы мен таланты оған болашақта үлкен табыстарға жетуге көмектесетіні сөзсіз.
Дайындаған: Кәрімхан Ж.М.