"Аға-жеңеміз барын берген жалғызынан рахат көре алмады"

0
190

"Ауылда бие сауып, қымыз ішіп отырған, аз-маз малы бар, бақуатты отбасы еді"


Сурет: ЖИ

ERNUR.KZ порталы редакциясына бас сұққан Асылзат атты оқырман "Тағдырдың бұралаң жолдары көп қой. Өзімізде болмаса да, талай куәгері болып едік. Сіздерге сондай бір оқиға жайлы айтқым келіп отыр" дейді.


"Мен ес білгелі ауылымыздың көпшілігі бір-бірімен ағайын-туыс болып келеді. Бір рудың адамдары.

Біздің бір көршіміз болатын. Бір жағынан, туыстық жақындығы да бар. Ол кісілерді «аға-жеңге» деп атайтынбыз. Сол кісілердің жалғыз қыздары болды. Ол қыз менен едәуір жас үлкен. Алдымдағы әпкелерім сол қызбен тай-құлындай тебісіп бірге өсті.

Әрине, ауылдық жерде екі-үш балалы отбасылар жоқтың қасы еді, көпшілігі көпбалалы отбасылар. Ал біздің осы көршімізде жалғыз қыз. Мен сол қызға қарап қатты қызығатынмын. Өйткені, көпбалалы үйде белгілі ғой, жетіспеушіліктер, талас-тартыс болып тұрады. Үлкеннен қалған киімді кішісі киіп, бір табақтан таласа-тармаса тамақтанып, аш қалмауға тырысатынбыз.

Ал, көршінің қызында барлығы жеткілікті еді. Жаңа киім кию бізге арман болса, ол қыз тек қана жаңа киім киетін. Ауылда үйдің үлкендеріне ғана бұйыратын бақ қой бұл.

Солай, көрші ағамыз ауылда почтаның бастығы, жеңгеміз үй шаруасымен айналысып, ері мен қызының жағдайын жасап отырған әйел еді. Сырттай қарасаң, бақытты жанұялардың бірі. Дегенмен, сол бір қыздан соң бала сүймеген аға-жеңгеміз қартайған шақтарында қалай болар екен деп уайымдады ма екен? Бәлкім, біз білмейміз ғой.

Содан жалғыз қыз бойжетті. Мектепті бітірген соң, оқуға түсу үшін қалаға кетті. Енді сол көрші аға-жеңгеміз жалғызсырай бастаған болар, қыз кеткен соң, ағайын інісінің баласын асырап алыпты деп естідік. Ол баланы он айлығында алғанын білемін, көргенмін. Бірақ кішкентай бала болған соң, ол үйге көп бара бермейтін болдық. Бұрын қызы барда әпкелерім іздеп барып тұратын.

Ауылда сол күйбең тіршілікпен күндер өтіп жатты. Мектепті бітіріп, қалаға мен де кеттім. Ағаларым үйленіп, әпкелерім тұрмысқа кетіп, өз өмірімізбен әлек болып кеттік те, көршілердің жағдайына қызықпаппыз да. Әрине, ата-анам олармен көрісіп, ауыл ішіндегі жиындарда дастархандас болады ғой. Кейін ата-анамнан естуім бойынша, көршілеріміздің асырап алған баласы тоғызыншы сыныптан соң, оқымаймын деп, өз ата-анасына қашып кетіпті. Жалғыз қыздары әлі күнге дейін тұрмысқа шықпаған көрінеді. Қаладағы оқуын бітіріп, сонда жұмысқа орналасып қалып қойыпты.

Ашуы жаман, мейірімсіз екенін бұрын бала болып байқамадық па екен, ата-анасына қайырылмайтын қатыгездеу екен. Сонда да болса, ата-анасы «жалғызым» деп өздері артынан іздеп барып тұрды, қызы жұмыс істеп, табыс тауып тұрса да, ештеңе алмады. Өздерінің де жағдайы жаман емес болатын. Ауылда бие сауып, қымыз ішіп отырған, аз-маз малы бар, бақуатты отбасы еді.

Жалғыз қыздары 30-ға келгенше ата-анасы асырады. 32 жасқа келгенде әупірімдеп жүріп, күйеуге шығып еді, онысымен де көп тұрмады. Қайтадан ауылға, ата-анасының қолына келді.

"Жасым өтіп бара жатыр, бала таппадым, бір бала асырап алайын» деген ойымен ата-анасы да келісіп, балалар үйінен бір қызды асырап алды. Бала асырап алудың да шарттары бар екен ғой, сол үшін бе әлде шынымен ойланды ма, күйеуімен қайта табысып, сол қызды асырап алған соң, өзі де бір қыз туып, қайтадан ажырасып кетіпті. Ол тек қана отбасылық бақытты сезінбеді, толыққанды отбасын сақтап қала алмады. Әйтпесе, тұрмыстық жағдайлары өте жақсы. Астында жеке көлігі, үй-жайы бар, әке-шешесі барлық жағдайын жасады.

Ағам мен жеңгем қартая бастағанда қыздары қалаға алып кетем деп қоймаған көрінеді. Сонымен бар малын сатып, қызының айтқанымен жүріп, көрші аға мен жеңгем де қалаға кетті.

Естігенде ішімнен "Әттең-ай, неге көшті екен? Ауылдағы жағдайлары жақсы еді ғой, қалада өмір сүру қиындау ғой" деп өкінішімді білдірдім.

Ауылда жылқыларын айдап, құлындарын жетектеп, үлкен төбет итін артынан ертіп, сәнімен жүретін ағам, ошағынан таба нан пісіріп, малдың іш майына бауырсақ пісіретін жеңешем қалаға үйренісе алар ма екен деп те уайымдадым.

Уайымдайтындай-ақ бар екен. Көрші аға-жеңгемізді қалаға апарып, екеуіне күн көрсетпепті. Қарт ата-анасы бөлек кетейін десе, үй жоқ, ақша таусылған. Амал жоқ, қаланың сыртындағы саяжайдан кішкене кепе сияқты үй алып, сонда тұрады. Кейін ағамыз инсульт алып қайтыс болады, жеңгем жалғыз қалған соң, амалсыздан қайтадан қызымен бірге тұрып, немере қыздарына қарайды. Ол кісіні де соңғы рет көргенімде беті жыбырлап тұратынын байқадым. Қатты әбіржіген. Содан кейін көп ұзаған жоқ, ол кісінің де өмірден өткенін естідім.

Осы оқиға барлығымызға сабақ болсын деп жазып отырмын. Ата-анамызды барында бағалап, оларға құрметпен қарап, батасын алайық. Бата өмірлік қорғанымызға айналары сөзсіз."