​«Әйелім қызына қарамай кетіп қалды»: шымкенттік азамат басынан өткен оқиғаны бүкпесіз жайып салды

0
2 661

«Ең кішіміз 1,5 жаста ғана...»


​«Әйелім қызына қарамай кетіп қалды»: шымкенттік азамат басынан өткен оқиғаны бүкпесіз жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Алған жарың адал болмаса, еркек үшін одан асқан қорлық жоқ екен», - дейді ERNUR.KZ тілшісіне хабарласқан шымкенттік Сабырхан есімді азамат.


Айтуынша, әйелі орта жолда тастап, өзге еркектің етегінен ұстап кеткен. Қазір өзі үш баланы бағып-қағып отыр екен.


«Әйелім екеуміз ерте үйлендік. Мен оны мектеп бітіре салысымен алып қашқанмын. Өзім шын сүйіп, ұнатып үйленген соң, барынша әйелімді еркелетуге, айтқанын екі етпеуге тырысатынмын. Соның айтуымен қалаға қоныс аудардық. «Ауылда екеумізге де жұмыс жоқ. Балаларымыз кішкентай кезде қалаға барып, мықтап орналасып алайық» деді. Оған ата-анам да қарсы болған жоқ. «Немерелерді бізге тастап кетіңдер, біраз уақыт біз қарап берейік, кейін қолдарыңа аласыңдар» деді. Тура сол кезде туыс әпкеміз отбасымен Нұр-Сұлтан қаласына көшіп жатты да, қала шетіндегі үйлерін «қарап отырсаңдар болды» деп бізге тастап кетті.


Қалаға көшіп келген соң балабақшаға күзетші болып орналастым. Кешке қарай барамын, күндіз базарда жүк түсіремін. Бар ойым ертерек жер алып, кішігірім болса да үй салу еді. Сол себепті бел жазбай жұмыс істедім. Балабақшадан алатын жетпіс мыңның «мұртын бұзбай» жинай бердім. Жүк түсіргеннен түскен табыс күнделікті шығынның орнын жауып тұрды. Әйелімнің жоғары білімі болмаған соң жұмыс табуы қиын болды. Ақырында үй тазалаушы болып орналасып алды. Сенбі-жексенбі күндері байлардың қонағын күтіседі, ыдысын жуып, тамағын пісіріп беретін.


Апта сайын ауылға барып, балаларымызды көріп қайтамыз. Олар бізді сағынып, ішігіп қалып жүрді. Сосын өзім істейтін бақшаның меңгерушісімен сөйлесіп, екі қызымды сонда кіргізіп қойдым. Сөйтіп жүргенде әйелім үшінші баламызға жүкті болды. Бар жауапкершілікті өз мойныма алып, ертерек үйлі болу үшін тағы бір қосымша жұмыс таптым. Түске дейін автобуста науқас балаларға ақша жинайтын ерікті болып істеймін, түс қайта жүк түсіремін, түнде қарауылмын. Үй бетін көрмей кеттім.


Әйелім үшінші қызымызды босанған соң бірден өзгеріп кетті. «Бірдеңе сұрасам «үй салып алайық, қоя тұр» дей бересің. Біз осы қашан жарқырап киінеміз? Осылай өміріміз өтетін болды» деп құлақ етімді жеп бітті. Бұл уақытта үш мың доллардай ақша жиналып қалған-тұғын. Жер қарастыра бастадым. Қала шетінен тәп-тәуір жер шықты. «Маған керек жер екен, теп-тегіс» деп қуанып кеттім. Дереу жердің иесіне ақшаны бере қояйын деп үйге келсем, әйелім жоқ. Балаларды алып төркініне кетіп қалыпты. «Аяқ астынан неге кеттің? Ақша қайда, орнында жоқ қой?» деп телефон шалдым. «Ағам ауырып қалыпты, соның көңілін сұрауға кеттім. Екі-үш күн жанында болайын, сосын қайтамын. Жерді мен барған соң да аласың ғой, ақша менде тұр» деп жауап берді.


Әйелім сол кеткеннен мол кетті. Екі апта өтті, әлі жоқ. Содан кейін өзім іздеп бардым. «Сенен қорқып қайтпай жүрмін» деді. Қысқасы, жер аламын деп тірнектеп жинаған ақшамызды қаржы пирамидасына салып жіберіпті. «Қайдан білейін, салған ақшаң бір ай ішінде екі еселенеді деген соң екі орынды бірден алып, ақшамызды көбейтіп алайын деген едім, күйіп кетті» деп тұр. Мұншалықты ашуланбаспын. Ұрып жіберуге сәл қалдым. Бірақ қыздарым жанымызда жәутеңдеп қарап тұрған соң, өзімді әрең ұстадым. Сосын кешіріммен қарап, үйге қайтып әкелдім. Әйелім «Күндізгі жұмысыңды тоқтата сал, мен бұрынғы қызметіме кірісейін, содан табыс көптеу түседі, кешке қарауылдығыңа бара бересің» деп қоймаған соң, күндіз бала қарап, үйде отыратын болдым. Соным бекер-ақ болған екен...


Әйелім өзі қызмет етіп жүрген үйдің көлік жүргізушісімен көңіл жарастырып, екеуі ойнастық жасап жүріпті. Бір күні аяқ астынан киім-кешегін жинады да, «Сенімен өмірімді қорлағым келмейді. Жетіспеушіліктен шаршадым, сенің үйің бітіп, байығанымызша менің қартайып кететін түрім бар» деп кетіп қалды. Үш қызына бұрылып қараған да жоқ. Ең кішкентайымыз бір жарым жаста еді, шырқырап жылған күйі қалып кетті.


«Есіңді жи, менімен ажырассаң да қыздардан бас тартпа» деп жұмыс істеп жүрген үйге талай мәрте бардым. Соңғы барғанымда сол үйдің қожайыны шығып «Бауырым, әйеліңнің мінезі жеңіл, санасы таяз адам екен. Қайтесің оны, балаларыңды ойла да, ары қарай өміріңді сүрсейші. Жүргізушіміз жұмыстан шығып, әйеліңмен бірге Алматыға кетіп қалған, екі күн болды» деді. Үй иесі Құдайға қараған адам екен, жүргізуші куәлігің болса, сені жұмысқа алайын. Айлығыңды да барынша көтеріп берейін, қарасқаным болсын» деді. Қуанып кеттім. Кіші қызымды да бақшаға бердім де, шопыр болып жұмысқа кірдім.


Міне, қазір алты айдың көлемі болды, жалғызбасты әкемін. Қыздарым «мамам қашан келеді» деп миымды жеп жүр. Сағынады, анасыз өскен қиын екен. Шешем келіп, апталап жатып кетеді. Тамағымызды пісіріп, үйімізді жинап, қыздардың жанында болуға тырысады. Бірақ бәрібір бірдеңе жетіспейтіндей. Көздерінде мұң бар. Оларды көрген сайын әйеліме деген ренішім, ашу-ызам көкіректі кернеп барады. Ұстап алсам мойнын үзіп алуға дайын жүрмін.


Құдай сана бермеген соң қиын екен. Үйленер кезімде әке-шешем «оқыған, кішкене ақыл тоқтатқан қызды алсайшы, енді мектеп бітірген қыз не көрді дейсің» деп ескертіп еді. Бекер тыңдамаған екенмін. Бірақ енді өкінгеннен пайда жоқ. Амалдап тіршілігімізді жалғастыра береміз.


Мен өзімің басымнан өткен оқиғаны кейінші інішектерге сабақ болсын деп айтып отырмын. Аяқтан нық тұрып, баспаналы болып барып үйленген дұрыс-ау. Қу жетіспеушіліктің кесірінен талай отбасы ойран болып жатыр. Осыны кейінгі жастар ескеріп, білім алуға, дұрыс қызметке орналасуға тырысса деймін».