​«Әйелімнен айырылып қалатын сияқтымын»: арбаға таңылған азамат әйелінен күдіктенетінін айтады

0
2 679

«Бриллиант жүзік, әдемі көйлек... Ол өзгеріп жүр»


​«Әйелімнен айырылып қалатын сияқтымын»: арбаға таңылған азамат әйелінен күдіктенетінін айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Алла басқа салған соң пенденің көнбеске амалы жоқ екен. Мен де тағдырдың берген сынағына сабыр етіп келе жатқан жандардың бірімін. Алты жылдан бері арбаға таңылғанмын. Әйелім мен сегіз жасар ұлым бар. Десе де соңғы уақытта қатты жалғызсырап жүрмін», - дейді қызылордалық Жанатбек.


Ол әйелі көзіне шөп салып жүр ме деп күдіктеніп отыр. Себебін ERNUR.KZ тілшісіне Жанатбектің өзі түсіндіріп берді.


«Мен қатарымнан кеш үйлендім. Өзімнен кейінгі бауырым ерте үйленді де, «анама қарайласатын келін бар ғой» деп арқаны кеңге салып жүре бердім. Отыздан асқан шақта қаладан үй алып, бар жағдайымды жасап алған соң ғана өзімнен әлдеқайда жас, оқуды енді бітірген бойжеткенмен таныстым. Көп ұзамай екеуміз шаңырақ көтердік.


Солай отбасылық өмір басталып кетті. Әйелім мектепке мұғалім болып кірді. Мен сол сауда-саттығымды жалғастыра бердім. Жасым біразға келсе де бойдақтық өміріммен қоштасқым келмеді. Алғаш үйленген жылдары түнге дейін достармен қыдыру дегенді тоқтата алмадым. Кейде тіпті үйге қонбай қалушы едім. Бірақ әйелім өте сабырлы адам болып шықты. Бір ауыз артық сөз айтқан емес. Ол үшін жарыма айтар алғысым шексіз. Егер оның орнында басқа адам болса, бәлкім сол кезде-ақ ажырасып кетер ме едік.


Арада екі жыл өткенде Жадыраның аяғы ауырлады. Сол сәттен бастап қыдыруды азайттым. Шамам келгенше әйелімнің жағдайын жасауға тырыстым. Ай күні толғанда әйелім дүниеге ұл әкелді. Бұл біздің отбасымыздағы алғашқы ең үлкен қуаныш болды. Енді жұмыстан кейін үйге асығатын болдым.


Бірде біз ауылға баратын болдық. Анам «немеремді қатты сағындым» деген. Отбасымды машинаға салып алып, ауылға тартып отырдық. Жете бергенде достарым хабарласып, отырысқа шақырды. Дереу әйелім мен баламды тастап, қалаға кері қайттым. Кеш түсіп қалған еді. Не болғаны белгісіз, кенет, қарсы келе жатқан жүк көлігі менің жолыма шығып, соқтығыстық. Одан кейінгісі есте жоқ. Ауруханада біраз жаттым. Бел омыртқама зақым келген екен. Соның кесірінен белден төмен жақ ештеңе сезбейтін болып қалды. Екі айдан кейін ауруханадан мүгедектер арбасына таңылып шықтым.


Міне солай арбада отырғаныма алтыншы жыл. Бастапқы кезде өз-өзімнен жынданып, болмашы нәрсеге айғай шығаратынмын. Тіпті өз-өзіме қол жұмсамақ болған кезім де болды. Бірақ адам бәріне де көндігеді екен. Жадыра жадырап жүріп менің бар еркелігімді көтере білді. Жұмысына да, үй шаруасына да үлгереді. Саудадағы серіктестеріме де рахмет, ара-тұра «мынау сенің үлесің» деп азын-аулақ ақша тастап кетеді. Зейнетақым бар, әйелімнің айлығы бар, ептеп күнімізді көріп жатырмыз.


Соңғы кезде мені бір ой мазалап жүр. Жадыраның бойынан бір өзгеріс байқағандаймын. «Біреуді тапты ма екен?» деген қызғаныш ішімді мысықша тырналап жүр. Әйелім ерекше киініп, сыланып-сипанатын болды. Оқу ісінің меңгерушісі болыпты. Бірақ оны менен осы күнге дейін жасырып келіпті. «Соңғы кезде жұмысың көбейіп кетті ғой» деген соң ғана «Сені дұрыс түсінбей ме деп айтпадым, мен «завуч болдым» деп қалды. «Түсінбейтін несі бар, оған неге ренжуім керек?» дедім де қойдым. Бірақ осы бір әңгімеден кейін көңілімде күдік пайда болды.


Көп ұзамай күдігім еселене түсті. Өйткені, сол әңгімеден кейін Жадыра «жиналыс болды, комиссия келді» деген секілді сылтаулармен жиі-жиі жұмыстан кеш қайтатынды шығарды. Сегізінші наурызда ұжымдық отырыс болып, үйге таң ата бір-ақ келді. «Неге кеш келдің, мейрамханалар бір-екіден кейін жұмысын тоқтатушы еді ғой» деп едім, «мейрамханадан кейін қыздармен директор апайдың үйінде отырдық» деді. Шынымды айтсам, Жадыраның ол сөзіне сенгем жоқ. Бірақ менің көзіме шөп салып жүргеніне дәлелім де жоқ.


Таяуда туған күні болған. Екі-үш күннен соң қолына бриллиант жүзіп тағып алыпты. Көрініп тұр. Арзан емес. Сұрап едім, «өзім сатып алдым, туған күніме өзіме сыйлық жасадым» деді. Көмейіме бірдеңе тығылды да, одан әрі сөйлесуге шыдамым жетпей, кері бұрылып кеттім.


«Дәптер тексеруім керек, қағаз толтыруым керек» деген сылтаумен бөлмеге қамалып алатын болған. Телефоны қолынан түспейді. Біреулермен хат жазысып отыратынын байқаймын. Бірақ осы тақырыпта сөз қозғауға батылым жетпей жүр.


Қазір есік алдына шығуды да азайттым. Елдің бәрі маған мүсіркеп қарайтын сияқты көрінеді. Бар алданышым - ұлым. Шарасыз күй кешіп жатырмын. «Кет» деп әйелімді үйден қуып шығатын жағдайда емеспін. Онсыз не істей аламын?! Бірақ қызғаныш жанымды жегідей жеп барады. Сіздер менің орнымда болсаңыздар не істер едіңіздер?»