​«Әйелімнің құпиясын құрбысы «Айфонға» айырбастады»: қарағандылық азамат әйелінің қалай алдағанын жайып салды

0
2 499

«Бәрінен де анам мен қызыма обал болды»


​«Әйелімнің құпиясын құрбысы «Айфонға» айырбастады»: қарағандылық азамат әйелінің қалай алдағанын жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жасанды қыздық перде салдырып алады» дегенді бұрын еститінмін. Бірақ басқа емес, өз әйелім мені алдап тұрмысқа шыққанын білгенде, үш жыл өмірімнің зая кеткенін түсіндім», - дейді Сырым дейтін азамат.


Әкеден ерте айырылып, жастайынан еңбекке араласқан оқырманымыз ешкімге айта алмаған өкінішін ERNUR.KZ тілшісіне жеткізді.


«Мектеп бітіргелі отырғанда әкеміз өмірден өтті. Үйдің бар шаруасын өзі күйттеп, үш перзентін асырап отырған қорғанымыз еді. Ол кісінің көзі кеткесін анам қажып кетті. Сосын амал жоқ, білекті сыбана тірлікке араластық. Өзімнен кейінгі інімді ертіп, жаздыгүні ауыл шетіндегі егістікке жалданып жұмыс істедік. Беліміз қайысып, кешке үйге сүйретіліп, әрең жететінбіз. Ауылда тұрмысы тәуірлеу үйдің отынын жарып, көмірін тасып беріп те ақы табатынмын. Мұндай тірліктерім үшін арланбадым. Анамның көңіліне қаяу түспесін деп барынша болысуға тырыстым.


Өмір бізді ерте есейтті. Бала болып еркелеу, шолжаңдау деген бізде болған жоқ. Тіпті ойыншықты қолға ұстап ойнап та көрмеппіз. Мектеп бітірген соң анам жоғары білім алғанымды қалайтынын айтты. Бағым жанып оқуға түсіп кеттім. Егер түсе алмағанымда ақысын төлеп оқытуға анамның жағдайы да жоқ еді. Тегін оқудың қадірін білейін деп алғашқы екі жылда жақсы оқыдым. Кешке қарай вокзалға барып, вагоннан жүк түсіремін. Шәкәртақым бар, тапқаным бар, өзімнен артылдырып, ауылға салып тұрдым. Бұл кезде інім ержетіп, тірлікке жарап қалған. Мен жіберген ақшаға азық-түлік әкеп, екі күннің бірінде ауырып, төсек тартып қалатын анамның бабын жасап отырды.


Жақын араласатын досым бар еді, «Қырғызстаннан тауар әкеліп,базарларға өткізейік, алғашқы ақшаны өзім шығарам, жағдайыңды көріп жүрмін ғой, түскен табысты теңдей бөлеміз» деп ұсыныс білдірді. Екеулеп жүріп, сауда жасауға кірістік. Сабақтан қалған күндері оқытушыларымызбен келісіп, сый-сыяпатымызды жасап қоямыз.


Маусымына қарай қыста шұлық, жазда жеңіл киімдер әкеліп сатып жүрдік. Досым аңғалдау, ақшаны есепсіз жұмсап қоя береді. Онысын өзі білгесін, бүкіл ақшаны маған ұстатты. Тапқанымыздың берекесі артып, ақшаның басы құралған кезде «Досым, базардан бутик алайық. Сөйтіп әкелген тауардың біразын өзіміз сатайық» деп айттым. Ол бірден келісті. Сол сауда бізге берекелі болды. Тапқаныма киім кимей, қыз-қырқынға қарамай, тірнектеп жинап, ескілеу ауданнан екі бөлмелі пәтер алдым да, інім мен анамды қалаға көшіріп әкелдім.


Оқуымды да, саудамды да қатар алып жүріп, әйтеуір дипломды да қолыма алдым. Менің тырбанып, қандай жұмыстан болса да қашпайтынымды білетін достарымның бірі әкесінің компаниясына жақсы қызметке шақырды. Жалпы, әйелден жолым болмаса да, достарды Құдай бере салған екен. Сол досымның арқасында қазір үлкен бір компанияның директорымын. Баяғы саудаға інімді қойғам. Әжептеуір жүріп жатыр, қаланың біраз базарынан сауда желісін құрып қойдық.


Айтпағым, үй аламын, анам мен інімнің жағдайын жасаймын деп жүріп үйленуді кешеуілдетіп алдым. «Балам, бас құрасайшы, бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дей берген соң айналамнан қыз іздедім. Сөйтіп жүргенде Жаннұр деген қызбен таныстым. Сыпайы, көпбалалы отбасыдан шыққан, ауылдың қарапайым қызы екен. Ауылдың қызынан арамдық шықпайды деп ойлап, көп ұзамай үйлендім.


Отбасылық өміріміз тәп-тәуір басталды. Бастысы Жаннұрдың анамның көңілін тапқаны еді. Тамағын істеп, шүйіркелесіп, жүгіріп жүрген келін енеге неге жақпасын? Бұл кезде жағдайымыз жақсарып, орта дәулеттілердің қатарына қосылғанбыз. Келіншегім не ішем, не кием демейді. Жаңадан шыққан сәнді көйлек, шуба соның үстінде, көлік әперіп қойғам. Үйдің шаруасын тындырып болған соң құрбыларымен қыдырып келеді. Кішкентай қызымыз бар, анам қарайды. «Келін жас қой, қыдырып келсін, өзім жібердім» дегесін үндемейтінмін. Жаннұрдың аузынан шыққан әр сөзі мен үшін заң. Сол заматта-ақ орындалады. Өзім әбден қиналып, тауқымет тартып өскен соң, тым болмаса әйелім мен қызым қиналмасын деп тартынбаймын. Бірақ соның қадірін әйелім білмей келіпті...


Бір күні Жаннұрмен базарға бардық. Әшейінде телефонын құшақтап жүретін әйелім бұл жолы көлікте ұмытып кетіпті. Жан баласының телефонын ақтармайтын әдетім бар еді, бұл жолы не қара бсқанын білмеймін, алып, ішін ашып көрдім. Шынар деген құрбысынан хат келіпті. «Күйеуің шынында да лох екен. Ризамын бар ғой» деп жазыпты. Оған дейінгісін өшіріп үлгерген. Ішім қылп ете қалды. Дереу жіберілген хабарламаларды ақтарып көріп дым таппадым. Осы аралықта әйелім ентіге жүгіріп келді де, «телефоным қалып кетіпті» деп алып кетті. Сыр білдірген жоқпын.


Қалайда Шынарды торға түсіріп, сөйлету керек деп шештім. Ертеңіне оны түскі асқа шақырып, басын айналдырдым. «Жаннұрға жазғаныңды тарқатып айтып бер. Ақысына Айфон 13 промакс менен» деп едім, бірден көне салды. Менікі де адамдық емес шығар, бірақ әлгі хабарламадан кейін олай етпеске шара жоқ еді. Шынар шынын айтып берді. Әйелім маған дейін талайлармен ойнап-күлген екен. Соңғы уақытта бұрынғы жігітін қайта жолықтырып, бір-екі мәрте кездесіпті. «Қалай сонда, неке түні таза болып шығып еді ғой...» деп Шынарға қараймын. «Сен шынында да лох екенсің ғой, қыздық перде салдыру дегенді білмейсің бе?» деп аңтарыла қарап қалыпты.


Аяғымның астындағы қара жер қақ айырылып бара жатқандай теңселіп кеттім. Ішім алай-дүлей. Үйге қалай келгенімді білмеймін. Күні-түні ұйықтамай жұмыс істеп, адалдап тапқан ақшамды арамдап жүрген оңбағанды пышақтап тастауға шақ тұрмын. Жаннұрға «аман тұрғаныңда көзіңді жоғалт, қызды таста да, қараңды батыр» дедім. Анам ештеңеге түсінбей аңтаралып қалыпты. Ашудан түтігіп кеткен маған бірдеңе айтуға да жасқанып тұр. Анамды аядым, өзімді аядым. Осыншалықты ақымақ болғаныма күйіндім. Өзінің айыбын түсінген әйелім ештеңеге қараған жоқ, үстіне ілінгенін киді де, қашып шықты.


Бұдан кейін кімге сенейін, айтыңызшы. Қойнымда жатқан, аузынан шыққан әр сөзі заң боп келген әйелім алдағасын басқасынан не үміт, не қайыр?..»