​«Ақ киімді қыздың елесі жүретін»: шымкенттік әйел проблемадан қалай құтылғанын айтып берді

0
6 920

«Сол жерде тұрғалы проблемадан көз ашпадық»


​«Ақ киімді қыздың елесі жүретін»: шымкенттік әйел проблемадан қалай құтылғанын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Тылсым дүние дегенге қанша жерден сенбейін десең де, өмірдің өзі сендіріп қояды екен. Баяғыда осындай тақырыптағы газеттерді оқып, «оттаған әңгіме» деп отырушы едім. Осыдан он бес жыл бұрын бір оқиғаны бастан өткеріп, иланбасқа шара қалмады», - дейді Жұпар есімді шымкенттік оқырман.


Жұпардың көрген қиыншылықтарының бәрі жалдамалы пәтерден болыпты. Тылсым оқиғаның мән-жайын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Күйеуге тиіп, ата-ененің қолында төрт жыл тұрдық. Бізден кейін қайнымыз үйленіп, олардың баласы апыл-тапыл баса бастағанда енемізз біздің еншімізді берді. Енші дейтіндей, дайын тұрған үй жоқ. Қолымызға киім-кешегіміз салынған дорба мен ыдыс-аяқ салынған қорапты алып жүре бердік қой.


Ата-енеміз «алысқа ұзамай, осы ауылдағы біреудің үйін қарастырыңдар» деген. Бірақ оған Ықылас көнбеді. «Қалаға кетем, екі жақтап жұмыс істеп, үй алудың әрекетін жасаймыз» деді. «Арзандау пәтер іздеп келейін» деп, екі күн жүріп біреудің фундаменті жерге кіріп кеткен, ескі «времянкасымен» келісіп келіпті. «Іші таза екен, соған көшіп барамыз» деді.


Басында бәрі жақсы болды. Бірақ күн суытып, қара күз келгенде үйдің іші жылымай, сау басымызға сақина тілеп алдық. Енді ғана еңбектей бастаған екінші баламыз суықтап, жөтелі қайтпай, қайта-қайта ауруханаға түсе бердік. Болмағасын «этаж үйден пәтер тапшы» деп жалынып, күйеуімді көндіріп, әлгі жерден көштік.


Екінші пәтерді таңдауға күйеуіме қосылып өзім шыққам. «Менің де таңдауға қақым бар» деп. Барған үйіміздің ақысы тым қымбат. Сөйтіп-сөйтіп бір жатақхананың бөлмесіне тап болдық. Іші тап таза екен, маған ұнай кетті. «Сендер осыны неғылса сатып алсаңдаршы, ақшасын асықтырмайм, бөліп-бөліп төлеп тастайсыңдар» деп қожайын жата жабысты. «Сатып алуға шама жоқ, арендаға алайық» деп келісіп, екі күннен кейін әлгі бөлмеге көшіп бардық.


Жылы үйге келдік деп мәз болдым. Оның үстіне әлгі жатақханадада тұратындардың көбі өзіміз секілді жастар екен. Араласатын орта табылды деп қуандым. Бірақ араласпақ түгілі шайымызды дұрыстап іше алмайтын халге түсерімізді ол кезде білсемші...


Бір аптадай тыныш болды. Одан кейін басталды ғой бәрі. Түнде ұйқыға жатқаннан бірдеңе тықырлайды. Тышқан жүр ме деп тың тыңдайм, көршілерден бе деп есіктің сыртына елеңдеймін. Бірақ әлгі дыбыс сол күйі құлақтан кетпей қойды. Бірте-бірте бөлмеде біреу жүргендей, көзіме елестер көріне бастады. Күндіз тірлікке, балаларға алданып, уақыт тез өтеді. Кешке сол нәрсе тағы қайталанады.


Алдын күйеуім екеуміздің махаббатымыз күшті еді. Жан жарым жұмыстан келе сала екі ұлы мен бір қызын ойнатып, одан қалса, ас үйде жүрген маған көмектесіп, жаны қалмайтын. Табысының бір тиынын сыртқа шашпай алып келуші еді. Сенбі, жексенбі күндері отбасымызбен қала сыртына барып демалып, мәре-сәре болып жатушы едік.


Бірақ осы үйге келгелі соның бәрі қазір көрген түстей болып қалды. Соңғы кезде күйеуім қатты өзгерді. Жұмыстан жай келеді. Пісірген тамағым, қайнатқан шайым ұнамайтын болды. «Шуламаңдар» деп балаларына зекитінді шығарды. Жұмысында бірдеңе болған шығар, шаршап жүрген шығар дегем. Себебін сұрасам мардымды жауап ала алмайм. Осылай мың сұрақтың жауабын таба алмай жүргенде өкпесіне суық тигізіп алған баламның ауруы қайта асқынып, жиі ауруханаға жатып қалып жүрдік.


Ауруханадан емделіп, үйге шыққан түні ғой, ұйқым келмей, ояу жатқам. Ақ киімді, шашы беліне түскен бір қыз кереуетіміздің жанынан өтіп, балалардың қасында отырғандай сезілді. «Ықылас, біреу жүр» деп түрттім. Ол болса «Қойшы, ұйықташы» деп теріс қарап жатып қалды.

Мынадан кейін қайдағы ұйқы, баламның түнде тұрып сүт ішетіні бар еді, соны жылытып келейін деп ортақ асханаға беттедім. Барсам бір әйел шай қайнатып отыр екен. Мені көрді де, бірдеңе айтқысы келгендей күмілжіп қалды. «Сіздер 78 бөлмеде тұрасыздар ма» деді ол. Сосын жағдай сұрады. «Менің атым Жұпар, таныс болайық, балам қайта-қайта ауырып, үйде тұрмай кеттік. Мұндағылармен танысуға уақыт болмады» деп қол создым. «Негізі сол балаңыздың қайта-қайта ауырып қалуында бір гәп бар-ау» деп әлгі әйел әңгімесін бастады.


Сөйтсек, біз тұратын бөлмеде бұрын ұлты басқа бір әйел тұрған екен. Ол студент қыздарды осы жерге әкеп, жезөкшелікке салған көрінеді. Сондай күндердің бірінде өрімдей бір қыз өлім құшып, денесі бір аптадай әлгі бөлмеде жатып қалыпты. «Сіздерге дейін бұл бөлмеге адам тұрақтамаған, мүмкін болса сіздер де көшіп кетіңіздер» деді көршім.


Естігенімді күйеуіме айтып ем, көзі алақандай боп кетті. «Негізі сені қорқытпайын деп жүр ем, осы үйге көшіп келгелі менің де мазам жоқ. Кешке үйге сүйретіліп әрең келем. Келсем сендерге ұрыса бергім кеп, жын кіргендей аласұрам. Мұның бәрі шаршағандікі шығар деп жүрсем, мәселе мынада екен ғой...» деп Ықылас ағынан жарылды.


Қалай басқа пәтерге көштік, басымыздағы бүкіл проблема шешіліп, денсаулығымыз да түзеліп, жанымыз кіріп қалды ғой. Кейде сенгің келмесе де осындай оқиғалар болып тұрады екен. Әлгі көршім ағынан жарылмағанда отбасымыздың ойраны шығар еді-ау...»