«Шын жыласа, соқыр көзден жас шығады» деуші ме еді?
"Анамның туған күні – маусымның 29-ы. Әкеміз екеуі алғаш танысып жүрген кездер болса керек. Әңгіме барысында анам өзінің туған күніне қарсы түймедақ жаңадан гүл аша бастайтынын, оны табиғаттың өзіне жасаған сыйы деп түсінетінін, содан да түймедақты жақсы көретінін айтқан екен. Сойтіп әкем әр жылы туған күнінде басқа сыйлығымен қоса түймедақ гүлін беруді дәстүрге айналдырыпты. Сондай әсершіл, кісінің көңілін, жанын жоғары бағалайтын кісілер екеуі де" деп ERNUR.KZ порталының тілшісіне түркістандық Сабира бала кезіндегі оқиғасын ерекше сүйіспеншілікпен баяндады.
"Бір жылы тап анамның туған күнінде отбасымызбен жол жүруге тура келді. Әке-шешем, інім мен сіңлім – түгеліміз пойызбен Алматыдағы туыстарымыздың тойына шықтық. Түн ауғанда анамды туған күнімен құттықтадық, сыйлығын бердік. Бірақ әкемнің көңілі толмай, анама білдірмей гүл ала шықпағанына қынжылды. Анам еш реніш білдірмесе де, «Ештеңе етпейді, қажеті қанша?» деп әкеме болысса да, түймедақ букетін ұйымдастырмағаны үшін өзін шынымен кінәлі санады.
«Шын жыласа, соқыр көзден жас шығады» деуші ме еді? Таңертең бір станцияның тұсына келгенде түймедақ өсіп тұрған алаңқайды көрдік. Осындай да сәйкестік болады екен-ау. Тіпті, ғажап десе де артық емес. Әкемнің көзі жайнап кетті.
Дереу жоспар құрып, онысын маған айтып әлек. Жолсеріктен сұраса, осында он бес минут аялдайды екен. Анама «Біз су-пу әкелеміз» дедік те, пойыз станцияға тоқтағанда екеуміз бірінші болып түстік. Мен сол жерде қалдым, ал әкем арт жақта қалып қойған алаңқайдан түймедақ жұлып әкелмекші. «Жүруге бес минут қалғанда қоңырау шалыңдар, мен жүгіріп жетем» деді жолсерік екеумізге асыға-аптыға. Сөйтті де, жас балаша секіріп, аяғын әр жерден бір басып жүгіріп кетті.
«Бес минут қалды» деп белгі берді жолсерік. Әкеме қоңырау шалдым. «Қазір-қазір, міне кеп қалдым» деген ентіккен даусынан кейін өзі әрең көрінді. Әйтеуір орнынан қозғалып бара жатқан пойызға ілінді-ау. Екеуміз бір ерлік істегендей мәз боп кірдік вагонға. Сондағы өзі алқынып, екі езуі екі құлағына жетіп тұрған әкемді көріп таңданған анам қолындағы түймедақты көрогенде мүлде аңқайып қалды.
Сол жолы әкемнің жыл сайынғы түймедақ сыйлайтын дәстүрін, тап қазіргі дала гүлін жинап келген ерлігін, екеуінің өзара сыйластығы мен жарастығын вагондас сапарластар Алматыға жеткенше аңыз сияқты тыңдап келді.
Қазір гүл сататын дүкендерді, жүз бір розаны белінен бір-ақ буған үлкен-үлкен букеттерді көргенде үнемі есіме осы жағдай түседі. Шын мәнінде, бұл сатылып жатқан гүлдерде соншалықты шынайы махаббат, жүрек, көңіл мен ниет жоқ секілді көрінеді. Ал әкемнің жол үстінде болғанына, уақыттың тығыздығына қарамастан даладан теріп әкелген гүлі қаншалықты сезімді, жылуды, көңілді жеткізді десеңізші. Олардың махаббатының тағы біраз жыл бойы сөнбей маздауына тамызық болса, біздің – балаларының ата-ана махаббатына тойып өсуімізге жеткілікті азық болды."