​“Әкесі де тоқал алған”: Күйеуінің екінші әйел алғысы келетінін айтқан келіншек уайымымен бөлісті

0
2 488

“Қайын атамның екінші әйелі бар екенін келін болып түскен соң білдім...”


​“Әкесі де тоқал алған”: Күйеуінің екінші әйел алғысы келетінін айтқан келіншек уайымымен бөлісті

Екінші әйел немесе тоқал алу турасында сөз де, пікір де көп. Дұрыс көретіндер де, бұрыс санайтындар да жетеді.

Ал Шымкент қаласының тұрғыны әлі 25-ке толмаған келіншек күйеуінің тоқал алғысы келетін ниеті барын айтады.

“Үйленгенге дейін ондай ойын мүлде білмеген екенмін. Қазір екінші әйел турасында жиі айтып, тіпті жақында “балалардың да құлағын үйрете бер” деп тапсырма берді”, - дейді қамыққан келіншек ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген әңгімесінде.


Аты-жөнін атамауды жөн көрген ол тек көпшіліктен кеңес сұрап, бұл жағдайдың дұрысы мен бұрысының арасын ажыратқысы келеді.

- Ең бірінші баласының екінші әйел алмақ ойы бар екенін енеме айттым. Басында күлді, “әкесінің жолын қуайын деген бе?” деп артынан ашуланды. Бірақ маған ештеңе демеді. Бекер айттым ба деп өкіндім, бірақ баласының қандай тәуекелге барғалы жүргенін анасы білуі керек деп ойладым, - дейді келіншек ақталып.


Оның айтуынша, күйеуінің әкесінің, яғни, қайынатасының да екі әйелі бар.

- Келін болып түскен соң кейінірек, үлкен бір басқосуда қайын атамның көлігінен жастау әйел түсіп, жиын соңына дейін қатысқан. Оны көре салысымен келіншектер сыбырласып, енемнің қабағы түйілген еді. Естуімше, ол атамыздың кіші әйелі. Енді ғана бірінші әйелінің отбасымен араластырып жүргенге ұқсайды.

Қайын атам белді қызметкер, абыройлы кісі. Ал енем өмір бойына бала-шағасын тәрбиелеп, сол кісінің күтімін жасаған адам. Қызмет істемеген, тек балаларына өмірін арнаған. Абысын-ажыннан естуім бойынша, атамыз екінші әйелді қашан алғаны белгісіз, бірақ одан туған үш баласының жасына қарағанда ешкімге айтпай ертеректе алып қойған екен екінші әйелді. Бірінші әйелі мен балаларына тек есейген соң ғана айтқан.

Бірсөзді, қатал кісі болған соң ол кісіге ешкім қарсы келмейді. Енем де сырттай ашуланғанмен, қарсылығын білдірмейді, сырттай ашуланады да қояды. Екінші әйелі тек жиындарда ғана бой көрсетеді, енеммен аралары суық, үйге де келмейді. Енем “бір ғана шартым, үйге әкелуші болма” деген көрінеді. Екінші әйелден туған екі қыз, бір ұлы да біздің босағаны аттап баспайды.


Келіншек енді күйеуі де атасы сияқты екінші әйел ала ма уайымдайды. Себебі, сондай ойы бар екенін ашық білдірген.

- Екі баламыз болғанша ондай ештеңе айтпаған. Өткен жылдан бері екінші әйел туралы жиі айтады. Кез келген әңгіменің соңын соған апарып тірейді.

“Көпбалалы болған жақсы, 10-12 балам болса” деп армандайды. “Оның барлығына менің денсаулығым жете береді деп ойлайсың ба?” десем, “екі, үш әйел алсам, туып беретін шығар” деп әзілдейтін басында. Енді ашық айтатын болып жүр.

Мысалы, менің мазам болмаған күні “осындайда екінші әйел керек еркекке” дейді. Баланы жұбата алмай, шаруама үлгере алмай жатсам да екінші әйел керек екенін бір айтып өтеді. Ең жаныма тиетіні, көпшілікпен отырғанда да менің күйеуім екінші әйел туарлы әңгіме бастайды. Әйелдер мен еркектер боп екіге бөлініп, айтыс-тартысқа ұласып кетеді.

Сондай бір отырыста әйелдер оңаша қалғанда мені ортаға алды. “Осы сенің күйеуіңнің алатыны дайын сияқты ғой. Келісім беріп қойғансың ба? Әкесі сияқты екі әйел аламын деп ашық айта ма саған?” деп сұрақ жаудырғанда не жауа берерімді білмедім. Содан соң қайтқанда әдейілеп сұрадым.



“Иә, айттым ғой, аламын деп. Қазақтың саны, менің ұрпағым көп болуы керек. Саған туа бер деп отыра алмаймын, сенің де денің сау болғаны керек мен үшін. Сен де өзіңнен туған балаларды тәрбиелеп, солардың қызығын көруің керек менімен. Бала туу оңай емес, әрі кетсе бесеуін туарсың, бірақ әрі қарайға денсаулық керек қой. Сол үшін өзіңді осы бастан үйрете бер, екінші, тіпті, шамам кеп жатса үшіншісін де алуым мүмкін. Бірақ қашан және кімді алатынымды бірінші өзіңе айтамын. Сыртыңнан ештеңе жасамаймын, бәрін өзіңмен ақылдасып шешемін”, - деді.



Тіпті, не жауап берерімді білмедім. Әзілсіз, ешбір емеурінсіз ашық айтты. Содан бері ойымнан кетпейді. Ашулана да алмадым.

Балаларым жас, бірі 4-те, екіншісі бір жастан енді асты. Оларға ешқандай әсері болмауы мүмкін. Бірақ менің төркінім не дейді бұған? Әке-шешем, ағаларым келісе ме? Бәрін қойғанда, өзім ше? Көндіге аламын ба? Сүйіп, өзім қалап тұрмысқа шыққан жанды басқамен бөлісе аламын ба? Ол басқаның құшағында жатқанда мен қалай сезінемін өзімді? Ол басқадан туған балаларын еркелетіп жатқанда менің перзенттерім не күй кешеді?

Осындай сансыз сұрақтар жүйкемді жұқартып жүр. Әзірге, енем де үнсіз. Баласына ештеңе демеді. Бәлкім, менен бұрын анасына айтып, құлақтандырып қойды ма екен?, - дейді жас келіншек.


“Қазір құрдастар ортасында келіншектер “сенің күйеуіңнен қорқамыз, бәрін екінші әйел алуға үгіттеп жүр” дейді мені кінәлағандай, әзіл-шыны араластыра. Сондайда отырыстарға да барғым келмей қалады. Күйзеліске түсіп кетпесем жарар еді”, - деген ол әңгімесін мұңая аяқтады...


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


“Құрбыма еремін деп…”: Шымкенттік келіншек қарызға қалай белшесінен батқанын айтып берді


«Балаларыңызды қарғамаңыздаршы!»: атыраулық әйел оның зардабын айтты