​“Құрбыма еремін деп…”: Шымкенттік келіншек қарызға қалай белшесінен батқанын айтып берді

0
2 552

Сол үшін күйеуімен де ренжісіп қалған.


​“Құрбыма еремін деп…”: Шымкенттік келіншек қарызға қалай белшесінен батқанын айтып берді

фотоколлаж үшін суреттер ашық интернеттен алынды

“Аттыға еремін деп жаяудың таңы айырылыпты” деген қазақта тамаша сөз бар. Мен де тура сондай жағдайды бастан кештім”, - дейді шымкенттік әйел ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген оқиғасында.

Айтуынша, барлығы да “жұрт сияқты өмір сүруден” басталыпты.

- Мектеп кезінен дос құрбым бар. Екеуміз егіз қозыдай бірге жүретінбіз. Тұрмысқа шыққан соң да бір-бірімізден қол үзбедік, керісінше бұрынғыдан да жақын араласып, тұрмыстық қиындықтарды бастан бірге кештік. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп, балаларымызды босанғанда да бірімізге біріміз қарасып тұрдық. Балаларымыз да кішкентайынан бір-бірін танып өсті.

Бірақ қазір араласпай кеттік. Бәріне мынау қу дүние кінәлі, - дейді мұңайған келіншек.


Оның сөзінше, жылдар өткен соң құрбысының тұрмыстық жағдайы жоғарылап кеткен де, оның араласатын ортасы да өзгерген.

- Тұрмысқа шыққанан соң оншақты жыл өткенде оның күйеуі жеке кәсібінен мол табыс тауып, қалталары қалыңдай бастады. Бұрын екеуміз бірге жүріп базардан көйлектің әдемісін, бірақ арзанын алушы едік. Қыдырғанда қымбат жерге емес, орта кафелерге кіріп немесе асханалардан түстене салатынбыз. Бастысы, тек қалтамызға қарап, бәрін үнемдеуге тырысатынбыз .Базардан екеуміз арзан, бірақ алтынға ұқсайтын әшекейлер жиынтығын алып аустырып тағып, мәз болатын едік.

Күйеуінің жағдайы дұрысталған соң құрбым өзгере бастады. Маған қымбат дүкеннен көйлек алғысы келетін, қасында жүруімді өтінетін болды. Басында онымен бірге қуанып, бұрынғыдай айтқан жеріне құстай ұшып келетінмін. Сосын екеуміз базар аралағандай сауда орталықтарын дым қалдырмай көріп шығып, оған лайықты әрі әдемісін таңдаймыз.

“Күйеуім “адам сияқты киін” деп ұрсып жүр, ертең бір байлармен отырыс болады” деп барынша дұрысын алуға тырысады. Жәй әшекей емес, алтынның түр-түрін, гауһар тасы барын еркін таңдап алады, бұрынғыдай үнемдемейді. Дүкеннен шыққан соң қымбат ресторанға кіріп тамақтанамыз. Не керек, оның өмірі менің көз алдымда ертегіге айнала бастады…


Шымкенттік келіншектің айтуынша, құрбысы да оны өз қатарына қоспақшы болған.

- Ол мені де өзі сияқты киіндіріп, өзі баратын жерлерге апарғысы келді басында. “Ақша деген табылар, күйеуіңе айтсайшы, дұрыс жұмыс тапсын. Қашанғы құрылысшы боп жүреді? Жеке бригада ашса да болады ғой”, - деп мені де үгіттейді. Қарызға ақша береді, мен де оған жетеқабыл дүниелер алып марқайып қаламын да, ақшаны қайтарар кезде қалай етерімді білмей әбіржіп, әркімнен сұрап, бірді бірге жапсырып, әйтеуір бірдеңе етемін. Сөйтемін де “енді алмаймын” деп ол сөзімді құрбыммен кездескен кезде ұмытамын. Оның қасында болсам, екі бөлмелі жөндеу көрмеген пәтерімізді, жаяу жүргенімізді, жасауыммен келген ескі пальтомды, бәрін ұмытып, бір ертегі әлеміне кіріп кеткендей боламын.

Ең жаманы, онымен қыдырып келген соң үйімнің, тұрмысымыздың төмендігі жанымды жегідей жейді. Сөйтемін де ашуланамын. “Айлығы көп жұмыс тап” деп күйеуімнің миын жеймін. Сол үшін ренжісіп қалатын болдық.

Құрбым үй алғанда қонақ боп барып аузымыз ашылып қайтты. Үш қабатты зәулім үй, күйеуі тосынсый жасап соңғы күнге дейін құрбыма айтпаған. Бәрін жабдықтап болған соң ғана айтып, көрсеткенде есінен танып қала жаздапты. Ондай үйді мен де қанша қонаққа барсам да көрмегенмін. Әр баласының жеке бөлмесі, есігінің алдында бассейні мен шетелдегідей ойын алаңы бар үйді көргенде ішімді қызғаныш күйдірді. Мен де сондай үйде тұрамын деп шештім. Үйге келген күйеуіме пәтерді сатып, ипотекаға болса да ең болмаса екіқабатты үй аламыз деп ызыңдай бастадым. Құрбым сияқты менің де зәулім үйде тұрып, үлде мен бүлдеге оранып жүруге лайықпын деп күн сайын қайталай бердім. Соңында қатты ұрсып қалдық та, ол маған “білгеніңді істе” деп үйдің құжатын қолыма ұстатты.


Құрбысы сияқты өмір сүргісі келген келіншек бірден батыл қадам жасай алмай көп ойланған. Бірақ өзінен басқаның барлығы керемет өмір сүріп жатқандай, тек өзі ғана елдің соңында қалып кеткендей сезіндім дейді.

- Ойымда тек сол құрбыммен теңесу, сол сияқты өмір сүру ғана болып, басқа ештеңені ойламаппын. Күйеуім бірдеңе десе “жұрт сияқты қашан байимыз біз?” деп ашуланып шығамын. Бала-шағам бірдеңе керек десе де олардың барлық қажетін тауып бере алмайтынымызға жыным келіп тағы ұрсып кетемін. Сөйтіп жүріп үйді саттым да, екі қабатты, толық бітпеген үй алдық. Туған-туыстың барлығы “оны бітіру үшін қанша ақша керек екенін білесің бе?” десе де қайтпадым. Ішінде не жылуы, не суы жоқ үйге жазда көшіп келдік. Сөйтіп барлығын жасату үшін несие алдым. Ол жетпеді. Сіңлімнің, анамның атынан тағы да банктен қарыз алдым. Ішінің барлығын құрбымның үйі сияқты жасағым келді. Әйтеуір, сабылып, өліп-талып шаршап жүріп жасап біттім-ау дегенде құрбым ұлдарына той жасады. Сондай етіп менің де той жасағым келді.


“Сен аурусың ба? Ол барлық әншіні шақырып той жасаса, қалтасы көтереді. Сен неңмен жасайсың? Байлық бәріне бірдей беріле береді деп ойлайсың ба? Әу баста тұрмысқа шыққанда солай демедің бе? Сонда басқа бай болатын біреуге шығар едің ғой? Қара нан мен қара су ішсең де қайғысыз болғаны, қарызсыз болғаны жақсы емес пе? Кәне, рахат таптың ба осыдан? Бар тапқанымызды тек банкке құйып отырмыз...” Күйеуім осылай деп ренжіді той туралы ұрыс-керісімізден соң. Тіпті, менен бөлек жататын болды.


Банкке төлейтін қарыз, үйдегі ақшаның жетпеуі, күйеуіммен ұрыс-керіс, құрбымның күндегі бір жаңалығы… бәрі қосылып жүйкеме қатты әсер етті. Құрбым соңғы кезде маған менсінбей қарай бастаған еді. Өзі сияқты ортадан достар тапқанын, олармен шетелге қыдырып келгенін, бірге салон мен бассейнге баратынын айтып жиі мақтанатын болды. Күйеуі туған күніне су жаңа көлік сыйлағанда оңашада отырып жыладым. Ішімдегі қызғаныш өзімді өртеп жатты. Сөйтіп жүргенде қатты ауырып ауруханадан бір-ақ шықтым. Сенесіз бе, сонда мені керек еткен тек бауырларым мен күйеуім, бала-шағам ғана болды. Ал құрбым тіпті, төбе де көрсетпеді. Мен оның хабарласып жағдайымды сұрауын екі айдай күттім, бірақ ол хабарласпады да..


Шымкенттік келіншек дүние қуғанның, басқамен жарысудың, еліктеудің соңы жақсы болмайтынына көз жеткіздім дейді. Қазір күйеуі екеуі барынша жұмыс істеп, қарыздарынан құтылуда екен.

- Енді ешқашан дүниеге қызықпаспын. Күйеуімнің әлі реніші бар маған. Арамыз бұрынғыдай емес. Мен де оның алдында кінәлі сезінемін өзімді. Ал құрбым сол күйі үнсіз кетті. Неге сонша онымен жарысқанымды өзім де түсінбеймін. Отбасымның тыныштығы мен қайғысыз қара су ішкенге жетпейді екен ғой, - деп өкініп отыр ол бүгінде...


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Балаларыңызды қарғамаңыздаршы!»: атыраулық әйел оның зардабын айтты


"Күйеу балама жаным ашиды": шымкенттік әйел қызының қылықтарына өзін кінәлайды