"Әскерге кеткеніне жарты жылдан асты. Басында мұндай емес еді."
көрнекілік сурет: ic.pics.livejournal.com
"Сүйген жігітіме тұрмысқа шықсам деген ниетім бар еді. Екеуміз бір-бірімізді жақсы танып-білдік деп ойлағам. Бірақ сол ойымнан бас тартатын сияқтымын. Өйткені, бұрын "сүйемін" деп жүрген жігіт қазір қорлауға айналды.
Жігітімнің әскерге кеткеніне жарты жылдан асты. Алғашқы кезде бәрі жақсы еді, енді өзгере бастаған сияқты. Күннен күнге дөрекілігі артып, маған бұрынғыдай «жаным, күнім» емес, «ей» дейтін болды. Ол аздай, «Мен барғанша насыбай атып үйрен, кейін екеуміз бірге насыбай атамыз, хи-хи...» деп мазақ етіп күледі. Қасындағы жігіттердің көзінше маған неше түрлі боғауыз сөздерді айтады. Көшеде жүрген, жеңіл жүрісті қыз секілді етіп көрсеткісі келетіндей. Әлде оның орнына басқа жігіт сөйлесе ме, білмеймін. Бірақ, даусы – сол дауыс.
"Енді сенімен сөйлеспеймін. Маған хабарласпа" деп ренжіп, телефонды алмай қойған кезімде басқа бір номерден хабарласады. Кейде байқамай алып қоямын. Сол кезде «Неге телефоныңды алмайсың? Әскерден қайтуыма аз уақыт қалды ғой. Барғасын бәрібір тауып аламын. Менен олай қашушы болма!» дейді.
«Мен барғанда дайын бол. Жұмыс істеп жүрсің ғой, ақшаңды жина. Мен барған кезде пәтер жалдайсың тәуліктік болса да. Сол кезде құмарымнан шыққанша сенің жаныңда болам. Анау-мынау емес, жағдайы жасалған, қымбат пәтер аласың. Сол жерде ет асып, дайындап күтіп отырасың, жарай ма? Маған киім керек, барғасын достарыммен қыдыратын ақша керек. Маған беретін шығарсың енді?» дейді.
Оны сүйетінмін, ал қазір жыным ұстайды. Мені сыйламағандығы емес пе бұл әрекеттері? Мені ғана емес, өзін-өзі сыйлаудан қалған сияқты. Жігіттердің алдында бір бұзылған біреумен сөйлесетіндей сөйлейді. Сөйлеспей қоярмын-ау, бірақ ертеңім үшін қорқа бастадым. Әскерден келгесін шынында тыныш өмірімнің быт-шытын шығара ма деп. Ортақ таныстарымыз көп, шын іздесе, тауып алатыны анық.
Бұл жігітпен танысқаныма, байланысқаныма өкініп жүрмін. Бірақ басында мұндай емес еді. Неліктен өзгерді, не түрткі болды, түсінсем бұйырмасын. Әскерден келгенде қайтадан бұрынғыдай болса да, ендігі оған сенбейтін сияқтымын. Әбден көңілімді қалдырды. Жүрегіме ине сұққандай ауыр сөздерін, мазағын естіп, енді қалай дым болмағандай онымен кездесіп немесе тұрмысқа шыға аламын?
"Әскер деген біз ойлағандай емес, ол жақта әртүрлі былықтар жетіп жатыр" деп естіп қаламын. "Біреулердің айтағымен амалсыз осындай тірлікке барып жатқан шығар" деп ақтағым да келеді. Сонда да қандай жағдай болмасын, ол мені қорғауы керек еді. Біреу мәжбүрлеген болса, сол адамның қолында өліп кетсе де, намысын қолдан бермегені дұрыс еді.
"Келешекте мұндай адаммен бас қосып, гүлдей өмірімді қор еткім келмейді. Ол әскерден оралғанша мені аялайтын, қорғайтын нағыз ер-азаматымды тауып, тұрмысқа шығып кетсем деймін. Өйткені, мен одан қорқамын..."