Қайным ішіп келіп күнде айқай-шу шығарады. Әке-шешесін балағаттап, жер-жебіріне жетеді.
"Мен өмірлік жолдасыма қарап отырып отбасында тәрбие көзінің дұрыс болмағанын аңғарамын. Себебі, мінезі тым қиын. Бірақ қаншалықты қыңыр мінезді болса да, мен оның бар тілегін өмір бойы орындап келемін. Өйткені, тағдыр бізді қосты. Сол жаннан бала сүйдім. Үлкен өмірге бірге қадам бастым" - осылай деген оқырман ERNUR.KZ тілшісіне ата-енесінің жайын айтты.
"Ол үйге келін боп түскен кезім әлі есімде. Менің жолдасым үйдің үлкені. Өзінен кейін бес бауыры бар. Бірақ араларында бауырмалдық, ізеттілік деген қасиеттер мүлдем жоқ. Кіндіктен жалғыз болып, әкем мен шешемнің көзінің қарасы болған соң менің бауырға деген аңсарым қашанда бөлек. Ал олар болса бір дастархан басында тыныш отырып тамақ іше алмайды. Сәл болмашы дүниеге бет жыртысып қалады.
Ондайда ата-енемнің де сөзі жүрмейді. Тіпті, бауыр еті балаларынан ауыр-ауыр сөздер естіп, жұмған аузын ашпай отыра береді. Іштері қан жылайтынын білемін. Бірақ амалдары қанша!
Тұңғышымыз бір жасқа таяған сәтте еншімізді алып, бөлек шықтық. Одан кейін қайын інілерім кезекпен үйленіп жатты. Бір түйір қайын сіңілім де ұзатылды. Осылайша әрқайсысы бір-бір ошақтың иесі атанды. Менің де өмірім балдай тәтті болды деп айта алмаймын. Жазықсыз таяқ жеймін.
Күйеуім ішкілікке құмар. Өзі ғана емес, бауырларының бәрі де ішуден алдына жан салмайтын. Ұрыс-керіс, жанжал деген нәрсе мен үшін үйреншікті болып кетті. Тек күйеуім балаларымды аямай ұрған кезде жаным шығып кете жаздайтын. Бірақ сонда да оларға "әкелерің жаман" деген әңгімені айтқан емеспін. Керісінше, "Ол - жақсы адам" деген сөзді саналарына құя бердім. Қиналған сәттерімде кетіп қалғым келетін. Бірақ қайда барамын? Әке-шешем әлдеқашан о дүниелік болып кеткен. Бауырым да жоқ. Оның үстіне елде тоқырау заманы болатын. Бала-шағаммен қайда барамын? Амалсыз барлық ауыртпалықтарға көніп жүрдім.
Уақыт зымырап өте шықты. Күйбең тірлікпен жүріп өмірдің біраз парақтарын жазып өткенімізді сезбей де қалдық. Балаларым ақылды, дарынды болып өсті. Мен бар өмірімді балаларыма арнадым. Бүгінде олар оқуларын тәмамдап, шетел асып, тәжірибелерін шыңдап жүр. Неше жылдан бері тек қиындық көрсетіп келген күйеуім де арақ ішпейтін болды. Оның астарында менің зор еңбегімнің жатқаны анық.
Ата-енем бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан жандар. Кенже баласының қолында тұрады. Бірақ ол үйде өтіп жатқан күндері туралы ойлағым да келмейді. Қайын інім ішіп келіп күнде айқай-шу шығарады. Әке-шешесін балағаттап, жер-жебіріне жетеді.
Бір күні жолдасым екеуміз шыдамай ата-анамызды қолымызға алдық. Біздің үйде тып-тыныш қана тұрып жатқан еді. Қарашаңырақтағы қайным кешірім сұрап келіп, ертіп кетті.
Әйелі де, өзі де жастары қырықтан асса да әке-шешенің зейнетақысына қарап отырған адамдар. Екеуі де жұмыссыз. Ата-енем біздің қолымызға келгелі ұлының жағдайы да нашарлаған болар. Баяғы айқай-шу жоқ, моп-момақан қалыппен үйге келіп, кешірім сұрады. Кенженің орны қашанда бөлек қой, бетін қақпай өсірген балаларының қолына қариялар да қайта кете барды.
Біраз уақыт өткен соң қайным бұрынғы әуеніне қайта басыпты. Біздің үйімізде ол кісілер жақсы болып еді. Зейнетақылары тек өздеріне ғана жұмсалатын. Дәрі-дәрмегін, ғаламтор арқылы емдік шөптерін әперіп отыратынмын. Одан қалды той-томалағына барып, ақшаларын өз қажеттеріне ғана жарататын. «Тәуір боп қалдық!» деп балаша қуанып жүретін. Қазір бар ақшасы азық-түліктен артылмайды. Өздері де, денсаулықтары да нашарлап қалыпты. «Үйге келіңіздер!» деймін. Бірақ балаларының арасында тағы да кикілжің туындап қала ма деп үнсіз отыр..."