"Перзентсіз абысынымның жан жарасын түсінбедім"

0
243


Сурет: ru.pinterest.com

"Өмірде әртүрлі адам бар, барлығын өзіңіз секілді көрудің қажеті жоқ екен. Бірақ ол маған не істесе де кешіріп, Алладан оған да перзент беруін сұрадым" деген келіншек ERNUR.KZ порталына өмірінің бір бөлшегін жазып хат жолдапты.


"Келін болып босаға аттаған сәтте қайнағам мен абысыным сол үйде тұратын. Олардың үйленгеніне бес жыл болса да, балалары жоқ еді. Өзім жас келін болғандықтан, олардың бес жылдан бері бір перзентке зар болып жүргендігін түсінбедім. Яғни, перзент күтіп жүрген жас отбасының жан жарасын түсіне алмадым.

Ал мен келін болып түскеннен кейін көп ұзамай жүкті болдым. Екі келін бір үйде тұрып жатқандықтан, үй шаруасын да бөлісіп атқаратынбыз. Ата-енем үлкен келіні, яғни абысынымды бөлек шығаруға асықпады. Бәлкім, мүмкіндігі болмады ма, әлде олардың балалары болғанша қара шаңырақта болсын деген шығар, әйтеуір біз бірге тұрдық. Ары қарай да бірге тұра беруге болушы еді, бірақ сұмдық жағдай болды.

Біреу айтса өзім де сенбес едім, бәлкім киноларда болатын шығар бұндай оқиға. Бірақ өмірде, онда да дәл менің басымда болады деп ешкім де ойламайды ғой.

Менің жүктілігім туралы үйдегілердің барлығы хабардар. Токсикозым өте қатты болды. Орнымнан тұра алмай, жатып қалатынмын. Әлсірегенім соншалықты аспан төңкеріліп, жер айналып жатқандай сезім болатын. Ал майдың тұщыған иісінен айдалада отырып лоқситынмын. «Әйтеуір абысыным бар, Аллаға шүкір» деп соған сенетінмін.

Бірақ оның маған жақсылық ойламайтынын білген жоқпын. Менде қандай қастығы бар, жаңа түскен келінмін ғой деп ойлап жүрсем, өзінде бес жылдан бері бала болмаған соң, қызғанышы оянады екен ғой бәрібір.

Енем де немерені қатты аңсағаны көрініп тұр. Мен жүкті болған сәттен бастап жағдайымды жасап, тамақ ішпей жатып қалған кездері «Не жегің келіп тұр? Аңсарың ауған тамақ бар шығар?» деп жеміс-жидектер әкеліп, бәйек болды. Енемнің осы қамқорлығын да қызғанып қалды ма, абысынымның қабағы ашылмайтын болды.

Мен келін болып, осы үйге келмей тұрып та жасап жүрген тамағы ғой, соны да міндетсінетін болды. Өзім де қатты қысылатын едім осындай жағдайдың болып жатқанына. Бірақ «бәрі де уақытша нәрсе ғой» деп өзімді өзім жұбатумен болдым. Оның құрсақ көтере алмауына мен кінәлі емеспін ғой, бірақ сол іштарлық маза бермеген шығар оған. «Іштегі бала тұрақтамасын» деген мақсатпен маған зиян жасатқан екен. Оны білгенімде абысынымнан қорқып, қашып жүретін болдым.

Жатын бөлмемді жинастырып жүріп, күмәнді заттарды тауып алдым бір күні. Жүгіріп енеме көрсеттім. Ол кісі де шошып кетті. Үйіміз қара шаңырақ, үлкен үй болғандықтан, келімді-кетімді кісілер көп болатын. Солардың бірінен келген дүние шығар деп күмәнданып, келген кісі кеткен соң дереу бөлмемді жинап, қуыс-қуыстың бәрін тінтіп шығатын әдет пайда болды. Бірақ денсаулығым қалпына келген жоқ, қатты әлсіреп жүрдім. Соның әсерінен іштегі балаға жеткілікті дәрумендер жетпей, үш айдан асқанда түсік тастадым. Маған өте ауыр болды сол сәт.

Дәрігерге де, емшіге де бардым. Сонда бір емші «Түсік тастағансың ба? Саған қара ниетте жасалған зиян бар екен. Дем салып берейін, бұдан кейін сақ бол. Жау алыстан келмейді» деген болатын. Осы сөз менің жүрегімде қалып қойды. Сенбейін десем, айтып отырғаны рас, белгілерінің барлығы өтті басымнан.

Бұрын күлетін едім, осындайға сенбегендіктен. Енді шынында да сақтанып жүретін болдым. Абысынымның жүріс-тұрысынан байқаймын, біздің жатын бөлмемізге кіргенін де байқап қалдым. Ол жерден не іздеді екен? Барлығы белгілі болған сияқты.

Алғашында тек өзімнің іштегі күмәнім болған соң, ешкімге айта алмай іштен тынып жүргенмін. Кейін шыдай алмай күйеуіме айттым. Біраз уақыт емделіп, екінші рет жүктілікті жоспарладық. Сол кезде алдыңғы жағдай қайталанбай ма екен деген қорқынышым болды. Сөйтіп жүргенде күйеуімнің жұмысы қалаға ауысып, біз бөлек шықтық. Ол маған не істесе де кешіріп, Алладан оған да перзент беруін сұрадым. Қазір мұны айтып отырғаным да дұрыс емес шығар, бірақ өмірде әртүрлі адам бар, барлығын өзіңіз секілді көрудің қажеті жоқ шығар. "