ОҢАЙ ОЛЖА ҚҰРБАНДАРЫ: "Екі миллионға жуық теңгеміз кетті"

0
4 007

​Шымкенттік жас отбасы Ерік пен Сая баспана аламыз деп жинақтаған 2 миллионға жуық теңгесінен айрылып қалған.


ОҢАЙ ОЛЖА ҚҰРБАНДАРЫ:

көрнекілік фото: ERNUR.KZ

Саяның күйеуі Ерік ата-анасынан ерте айырылып, отбасын тек өзінің күшімен ғана құрған, ешбір тірегі жоқ жалқы жігіт. Бар тапқанын баспана алуға жинаған оның бүгінде екі перзенті бар. Саяның өзі бала күтімімен үйде отыр.

Өткен жылы туыс інісі келіп оны оңай табыс табуға үгіттей бастаған.


«Үйің, көлігің жоқ екенін бетіңе басады»

«Үйге жиі келіп тұратын еді. Келген сайын бір бөлмелі пәтеріміздің кішкентайлығын, көлігіміздің жоқтығын айтып бетімізге басқандай болады. Не керек, ондайлар ең жанды жеріңді біліп алып соны жиі есіңе сала береді екен. Намысыңды қайрайды, жанды жеріңе тие береді. Сосын ойланасың, олардың айтқан керемет өмірін сүргің келеді. 850 мың теңгемен кірдік, мен де, күйеуім де. Осылайша жинаған 2 миллионға жақын ақшамызды салып жібердік», - дейді Сая өкінішпен.

көрнекілік үшін коллаж: ERNUR.KZ

Саяның айтуынша, туысына сеніп қаржы құятын компанияны зерттемеген. Тіпті, өзі 850 мың теңге, күйеуі 850 мың теңгені құйып жатып түбіртек те, келісім-шартты да сұрамапты. Ең ақыры, компанияның ресми атауы қалай аталатынын да білмейді.

Күн сайын арнайы өткізетін тренингке балаларынан уақыт тауып бірнеше рет барып, аса пайдалы ештеңе ала алмаған.

«Бар айтатындары – туыстарды тарту, болашақта қандай керемет өмір сүретініміз, шетелге саяхат, арманымыздағы баспана мен көлікке аз уақытта жетудің жолдары. Ал ол үшін әрбіріміз әрқайсысы 850 мың теңгеден төлейтін екі адамды тіркеуіміз керек. Осылай жалғасып кете береді. Әр тіркеген адамнан бізге 50 мың теңге көлемінде түсіп тұрады екен.

Басында осылай алып-ұшқан, қиялдағы өмірді көз алдыма елестетіп баратынмын. Кейіннен көңілім суи бастады. Ашығын айтсам, мен де, күйеуім де соңымыздан адам тіркей алмадық...»


Сая бұл туралы ата-анасына айтпаған. Тек кездейсоқ біліп қойған ағасы ренжіген. Оңай жерде, еңбексіз табыстың болмайтынын, сол үшін қаншама адам зардап шегетінін айтып түсіндірген. Өкінген Сая сол ақшаны қайта депозитке салғанда осы уақытта үстіне тағы қосып екі баласымен тұрып жатқан кішкентай пәтерін кеңейтіп, балалар бөлмесін бөлек жабдықтап аларына сенімді.


«Бірінші әдейі туыстарды тартады»

«Байқағаным, қаржы алаяқтары, әсіресе пирамида құратындар ең алдымен туыстарын тартады екен. Біздің қазақта туыстық қарым-қатынас өте нәзік қой. Оны ешкім аттап кете алмайтынын, кешіретінін біледі. Құқық қорғау органдарына арызданбайтынын да жақсы зерттеген болса керек деп ойлаймын. Сондықтан да туыстарды кіргізеді.

Тағы бір қулықтары, баламен отырған, үйден шықпаған қаржы сауаты кем әйелдерді іздейді. Психолог па дерсің. Әйел деген халық дүниені жақсы көреміз ғой. Үйімізді үлкейтсек, көлігіміз болса, қымбат жиһаз алсақ деген қиял жетегіне жиі ереміз. Сол да біздің осал тұсымыз екен. Соған тез жетуді ойлағанда әдемі сөйлеп, көз алдыңа қиялдағы өмірді орнатып тастағанда ақшаны қалай салып жібергенімізді білмей қалады екенбіз».

көрнекілік фото: ERNUR.KZ

Осылай деген Сая өзінің туысына арыздана алмағанын, ол үшін қолында ешбір түбіртек немесе келісімшарт жоқ екенін айтты. Туысының үстінен арыздану да жанына жат деп біліп, кеткен ақшаны жоққа санағалы да біраз болыпты. Енді қаржылай сауат ашатын курстарға қатысқысы келетінін де жасырмады.

«Уақытымды бөліп, өзім үшін де, балаларымның болашағы үшін де қаржы тұрғысынан сауатты болуым керек. Балаларымды балабақшаға орналастырған соң арнайы курсқа қасам деп ниеттеніп жүрмін», - дейді ол.


Қаржы пирамидаларының белгісі қандай?

Шымкент қаласы Қалалық адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат Дүйсенғали Мұхамедияр Нұрғалиұлы қаржы пирамидаларына алданбау үшін оны жіті танып, зерттей білу керектігін айтады.

Оның айтуынша, қаржы пирамидасының белгілері:

  • Ақшалай қаражатының ауқымды сомасын салу қажеттілігі.
  • Инвестицияға жоғары қызығушылық пен жылдам кері қайтару туралы уәде.
  • Төлем алу үшін таныстарыңызды тарту қажет, сонда олар өз ақшаларын сол жерге салады.


Сонымен қатар, заңгер мұндай ұйымдарды былайша зерттеу керектігін де жеткізді:

    • Жобалары «ноу-хау» түрінде ұсынылады және бұл “компания” қаражат жинау қарсаңында тіркелген, оның ең төменгі жарғылық капиталы және жалғыз құрылтайшысы бар. Тіркеуді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында «Салық төлеушілерді іздеу» сервисі арқылы тексеруге болады.
    • Шартты мұқият зерделеу, егер бірдеңе дұрыс болмай қалса, ешкім жауапкершілікке тартылмайтынын анық көрсетеді.
    • Компания өзін микроқаржы ұйымы, «несиелік бюро», « қарызға қарсы бағдарлама», «қаржылық қызмет көрсету орталығы» деп атауы мүмкін. «Сізге банктен бас тартылды ма? Біз көмектесеміз!», «Біз сіздің несиеңізді қайта қаржыландырамыз! Қарыздан құтыл!» деген секілді қызметтерді ұсынады.
    • Олар қолма-қол ақшаны қабылдайды немесе Интернет-төлемдер мен аударымдардың әртүрлі жүйелерін компанияның банктердегі арнайы есеп шоттарын пайдаланбай қолданады.



Қаржы алаяқтарына сеніп қарызға батып қала беретіндерді құтқаруға болады

Шымкент қалалық №2 Оңалту орталығының әлеуметтік- педагогикадык оңалту бөлімінің меңгерушісі, тәжірибелі психолог Тулендиева Раушан Турганбековнаның айтуынша, мұндай оңай табысқа құмар жандарды тұйықтан шығаруға болады.

- Менің тәжірибемде кездескен көп адамдарға қарап айтар болсам, алаяқтарға көп алданатындар психологиялық жағдайы тұрақсыз жандар болып келеді. Байқауымша, көбіне кішкентай кезінде немесе басқа кезде үлкен психологиялық жарақат алған адамдар. Мысалы, ата-анасының ажырасуынан санасы жарақат алған балалар көбіне өсе келе осындай ойындарға, алаяқтыққа тез ілінеді. Сонымен қатар, оңай табыс табуды көздеп жүретін адамдар болып шығады көбінесе.

Баса айта кетерлігі, мұндай проблемаларға кіріп кете беретіндердің ойын, өмірін өзгертуге болады. Ол үшін психолог маманына жүгініп, көмегін алса ондай проблемадан арылады. «Неліктен сондай оңай табыс жолдарын іздейді? Неге сондай жағдайларға ұрынады?» деген сұрақтарды өзіне қоя отырып, өзінің проблемасы қайдан және неден басталғанын білу арқылы арылады.

Әсіресе, бұл жағдайда қаржы алаяқтарына, түрлі негізсіз құрылған ұйымдарға алданып қала беретін, сеніп қала беретін, соның арқасын оңай ақша табуға үміттеніп қарызға белшесінен бататын адамдарды бұл жағдайдан психолог мамандар құтқара алады, дейді ол.

көрнекілік үшін фото: ERNUR.KZ


Статистика бойынша...

  • Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметтері бойынша, 2021 жылдың тек қана 1 наурызынан 1 сәуіріне дейінгі аралықта ғана Қылмыстық кодекстің 217 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде 287 құқық бұзушылық тіркелген. Қазақстан Республикасының «Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару» бойынша келтірілген залалдың мөлшері 8 545 297 645 теңгені құрайды.
  • Ал соңғы үш жылда 10 мыңға тарта азамат осы қаржылық пирамиданың құрбанына айналып, бірнеше миллиард теңге шығынға ұшыраған.
  • Шымкент қаласы Полиция Департаменті Тергеу бөліністерінің өндірісінде қаржы пирамидаларына қатысты 2020-2021 жылдары (осы жылдың тамыз айына дейін) тіркелген жалпы 145 іс болған, оның 133 – ісі айыптау актісімен сотқа жолданған.
  • Аталған пирамидалар бойынша жалпы жәбірленушілер саны – 2863 тұлға деген дерек келтірді аталған Департаменттің баспасөз қызметі.


WhatsApp желісіндегі "ОҢАЙ ОЛЖАЛАР"

Бүгінде әлеуметік желі, мобилді қосымша арқылы да қаржы пирамидасына ұқсас келетін түрлі ойындар жетерлік. «1000 теңгемен кіріп, 10 000 теңге аласың», «3000 сал да, 24000 ал», «2 мың теңгемен 4 оюлы көрпеше ал» деген секілді топтарда «жұмыс қызып» жатады. Сондай топтардың бірінің шарты төменде көрсетілген.











суреттер әлеуметтік желіден скриншот жасалды

Көрсетілгендей, бастапқы жарна төленген соң топ сілтемесін бөлісу арқылы адам жинайды. Шартта ақшаның қайтарылмайтыны анық көрсетілген. Әсіресе үйде отырған әйелдер арасында бұл ойындар өте қызу талқыланады.

Мұндай «ойындар» үлкен алаяқтыққа апаратын алғашқы баспалдақ па? Оңай олжа табудың, тек адам тіркеу арқылы ғана табыс табудың бастапқы шарты емес пе?!

«Иә, бұл жерде ешқандай продукция жоқ екенін ескерсек, осы жүйені де қаржылық пирамиданың салымы аз түрі деп айтуға әбден негіз бар», - дейді заңгер Дүйсенғали Мұхамедияр Нұрғалиұлы.


Қазақстанда қаржы алаяқтарына алданатындардың көптігі халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігі ме, әлде психолог маман айтқандай, тұрмыстық, отбасылық жағдаймен сананың алған жарақатының көптігінен бе? Тер төккен еңбектің наны ғана тәтті екенін дана халық қашаннан мойындаған. Оңай олжаға құмартудың соңы жақсылыққа апармайтыны өмірде көптеген жағдайлармен дәлелденіп те жатыр. Бірақ оның құрбаны болып құрығына ілінетіндер де азаймай тұрғаны шындық.

Әмина Уалиханқызы


Суреттер автордыкі

* Бұл контент АҚШ даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының көмегімен "MediaCAMPОрталық Азия бағдарламасы" аясында дайындалды.
ERNUR.KZ ақпараттық порталы ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.