«Иттей болып, өзің кетіп, өзің келдің» деп жүрегімді жаралайды...
Сурет: i.pinimg.com
"Мұнда жазып отырған себебім, отбасылық өмірдің кейбір шырмалған сәттерінен қалай шығарымды білмей сіздерден ақыл-кеңес сұрауды жөн деп санадым" дейді ERNUR.KZ порталының оқырманы - Назерке.
"Өзім де кейінгі іні-сіңлілеріме ақылымды айтып жүрген жанмын ғой, бірақ отбасылық өмірде әлі де жолға қоя алмай келе жатқан тұстарым көп екен. «Өмірдің өзі – ұстаз» деп жатады ғой, бірақ адамның бәрі үздік оқушы бола алмайды екен.
Мен де қалай етсем дұрыс шешім қабылдай алар екенмін деп басым қататын сәттерге тап келгендеймін. Отбасылық өмірдің алғашқы жылдарында тек қана бақытты сәттер емес, сонымен қатар, қиындықтар да кезігіп тұрады екен.
Жасым 21-де, бір ұлдың анасымын. Тұрмысқа ерте шықтым, он тоғыз жасымда. Жолдасымды терең зерттеп, ақылмен тұрмысқа шықтым десем өтірік болар, көзсіз махаббатпен, ессіз сезіммен етегінен ұстап кете бардым. Бір ай ғана қыз-жігіт болып жүрдік те, асығыс үйленуге шешім қабылдадық.
Жолдасым екеуміз үйленбей тұрған кезде онық қолы ашық, жомарттығына тәнті болғанмын. Қазір де сол әдетінен жаңылған жоқ, мен сұраған нәрсенің барлығын әпереді. Бірақ, маған әлі де бірдеңе жетпейтін сияқты, өзімді толыққанды бақытты сезіне алмай келемін. Себебі, ол менің қасымда жиі болмайды. Мен онымен бұрынғыдай көп әңгімелескенді, маған көңіл бөліп, еркелеткенін қалаймын. Ал ол үйленгеннен соң мұның қажеті жоқ деп ойлай ма, білмедім, маған бұрынғыдай көңіл бөлмейтін болды. Бар ойы көшеде, даладағы достарында. Тіпті баламыз болса да, үйге асығып келмейді.
Әдетте үйленген жұптар бала үшін үйге асығып тұрушы еді ғой, ал менің күйеуім керісінше, бала пайда болғалы үйден қашатындай. Себебін сұрасам, "Бала жылай береді, миым ашиды, шаршаймын, маған тыныштық керек, жұмыстан шаршап келгенде" дейді.
Ал мен күні бойы баламен жалғыз өзім отыратындықтан, оны асыға күтіп отырамын. Әңгімелескім келеді, ішімдегі шерімді тарқатқым келеді. Жалғыз менің басымдағы жағдай ма, әлде шынында да жігіттер үйленіп алған соң, өзгеріп кетеді ме, түсініксіз.
Үйге кеш келсе де, бала ұйықтап жатқанда бірге теледидар қарап, көрген киномызды талқылап сұхбаттасқым келеді. Ол жұмыстан шаршап келсе, мен одан да қатты шаршаймын, үй шаруасымен қоса балаға қарап. Соны күйеуім түсінсе екен деймін. Алғашында тұспалдап айтатын болсам, қазір ашығын айтамын, «Маған осы нәрсе жетіспейді. Маған мына нәрсе керек» деп. Өйткені, психологтар «Ер адам тұспалдап айтқанды түсінбейді, оларға тікелей, нақтысын айту керек» деген соң сол әрекетке көштім ғой. Бірақ, одан да пайда жоқ секілді.
Керісінше, ушықтырып та алған сияқтымын. Мен бірдеңе айта бастасам, ашуланып, тыңдағысы келмейді. Енді менің көңілімде күдік пайда болды, күйеуімнің соңғы кездердегі іс-әрекеттеріне қарап. «Сыртта менен басқа біреуді тауып алған шығар, неліктен бұлай өзгеріп кетті?» деген сұрақ маза бермеді. Содан екеуміз ұрыстық. Көз жасымды шығарып, жеңілдегендей болдым. Ол ұрысты да ұмытуға болар еді, бірақ, келесі күні де сол ұрыс жалғасты. Ол алғаш рет аузына келгенді айтып, боғауыз сөздерді айтып, балағаттады.
Мен шыдамадым, ашуланып киімдерімді жинап, төркініме кетіп қалдым. Ол артымнан «Кеттің бе, қайтадан келме!» деп шығарып салды. Өзі жалғыз қалғанда ойлансын деген ойым ғой, бірақ ол сол бойы хабарласпады да, іздеп келмеді. Күндер өтіп жатыр, одан хабар жоқ.
Анам да мен үшін уайымдап кетті. «Өзім апарып, күйеу баламен сөйлесіп келемін» деп бізді қайтадан үйге ертіп келді. Солай ақылын айтып, бізді қалдырып кетті.
Енді күйеуім содан бері мысқылдап тиісуін қоймайды. «Иттей болып, өзің кетіп, өзің келдің» деп жүрегімді жаралайды. Күйеуімнің осындай сөздеріне шыдау мүмкін болмай барады. Не істесем екен?"


