"Берекесіз, дастарханы жұтап отыр": қалалық келіншек тамақ үшін сынап кеткен туыстарына ренжіді

0
233

"Үлкендер келген соң құр шаймен қарсы алуға болмайтыны түсінікті ғой"


Сурет: i.pinimg.com

"Көңілімде жүрген бір жағдаймен бөлісіп, сіздер арқылы оқырмандарға ой салғым келеді" деген келіншек ERNUR.KZ тілшісінен осы оқиғаны жілігін шағып, майын тамызып тұрып жазып, жариялауды өтінді.

Мұндай өтініш айтуына "Дастарханға, ас-тамаққа сын айтатын, тіпті ренжитін, оны жамандап жұртқа жаятын адамдардың тәрбиесі мен мәдениеті жайлы не айтуға болады?" деген ойы түрткі болыпты.


"Жақында енеме ауылдан келген туысқандарымыз аяқасты қоңырау шалып, жарты сағаттан соң келетінін айтты. «Қатты дайындалмаңдар, тек амандасуға кіріп-шығамыз, көлік тауып қойдық, ауылға қайтуымыз керек» депті. Үлкендер келген соң құр шаймен қарсы алуға болмайтыны түсінікті ғой. Енем «Ет асып үлгермейміз-ау, сенің палауың әдемі шығады ғой, тез-тез палау басып жібер» деді. Бар өнерімді салып шашпа палау дайындадым. Қасына қызанақ-қиярдан салат дайындап, мұздатқышқа қатырып қойған бауырсақтың қамырын жібітіп, оны пісіріп үлгердім. Енем дүкенге жүгіріп, тапқан тәттісін, жемістер әкелді. Сонымен «барымен базар» деп дастарханымызды жасадық.

Қонақтар келіп, енеммен арқа-жарқа боп амандасып, дастарханға жайғасты. Тамақ үстінде телефонмен сөйлесті де, «Таксиіміз кештеу шығатын болыпты. Жақсы болды ғой, көптен көріспеп едік, асықпай әңгіме айтайық» деді. Сөйтіп арғы-бергіден әңгіменің тиегі ағытылып, жақсы отырыс болды. Кетерінде енем «Қуыс үйден құр шықпаңдар» деп жақсы орамал, үлкен сүлгі, ыдыс салған пакетін ұстатып жіберді.

Арада көп өтпей тағы бір туыстарымыздың үйіне жиынға кеткен енем көңілсіз келді. «Ана жолы келген апа мені де, сені де жерден алып, жерге салып, жамандап барыпты ауылға» дейді. «Берекесіз, қонақ күте алмайды екен. Біз сияқты ауылда емес, қаланың қақ ортасында отырып, дастарқаны жұтап отыр. Айында-жылында бір барғанда келіні екеуі екі жақтап жүріп бір ет асып бере алмады. Жөнді қарсы алған жоқ» деп неше түрлі ауыр сөз айтқан көрінеді.

Не айтарымды білмей қалдым. Сол күні барымды салып, шын көңілмен жүгіріп жүрдім. Енем де асты-үстіне түсіп, құрақ ұшты. Өздері жарты сағат қалғанда айтты келетінін. «Асығыспыз, тез қайтамыз» дегесін тамақты барынша жылдам дайын қылайық деп көп нәрсе пісіріп үлгермедік. Таксилері кешігіп, екі сағаттай отыратынын біз түгілі, өздері де білмеді.

Қолдан келгенін жасадық. Бірақ соның өзі жеткіліксіз болыпты. Сол кезде мәз-мейрам болып қайтқандай еді. Ешқандай реніш не салқын қабақ байқалмаған.

Сонда ойландым: не істесең де жақпайтын адамдар бар екен. Айтылған ауыр сөздер мені емес, сол күнгі пейілімді ренжітті. Дастарханға, ас-тамаққа сын айтатын, тіпті ренжитін, оны жамандап жұртқа жаятын адамдардың тәрбиесі мен мәдениеті жайлы не ойлауға болады?

Сіздердің де туыстарыңыздың арасында осылай үйден үндемей кетіп, сыртқа шыққасын жамандайтын қонақтар бар ма?"