«Жұрттың бәрі бізге мүсіркей қарайды, балалы бола алмай жатыр деп аяйды. Бірақ олай емес...»
«Балалы үй - базар» дегенмен тәрбиеленген кез келген жан үшін бұл некелі жұптың ойы дұрыс емес болып көрінуі мүмкін. Тіпті, теріс деп те ойлауы ғажап емес. Бірақ олардың да өз шындықтары бар. Өз ойы мен жоспары, өмірлік қағидалары бар. Мұның барлығын ERNUR.KZ тілшісімен болған әңгімеде бүгінде Алматы қаласында тұрып жатқан некелі жұп ашық айтып берді.
«Иә, жұрттың бәрі бізге мүсіркей қарайды. Балалы болмай жатыр ғой деп ақыл-кеңестерін аямай айтады. Біз үндемей құтыламыз. Себебі, солай келіскенбіз. Ешкімнің алдында ақталмауға және тек өзіміз үшін ғана өмір сүруге бекіндік», - дейді олар.
Айтуларынша, заңды некеге тұрғанына 5 жыл болған, одан бұрын үш жыл бойы азаматтық некемен бірге тұрыпты. Сол бірге тұрған шақтарында балалы болмау үшін барлық қауіпсіздік шараларын сақтаған.
- Балалы болу – үлкен жауапкершілік. Қазір баяғыдай «бірінікін бірі киіп өсе береді» дейтін заман емес. Баланы туған соң қарау керек, керектінің бәрімен қамтамасыз ету керек. Ол үшін алдымен баспана, сосын табысты жұмысың болуы шарт. Бала күтімімен біреуіміз айналыссақ, екіншіміз соның орнына да табыс табатындай бола алуымыз керек.
Ал бізде ондай мүмкіндік бар ма? Жоқ. Баспананың бағасы шарықтап тұр. Жалақымыздың жартысы депозитке, жартысы өзіміздің жүрген-тұрғанымызға, пәтерақыға кетіп жатыр. Иә, табыс табуға біз де тырысамыз. Бірақ артық тапқан сайын қымбатшылық шарықтап жатыр. Жұрт айтқандай, ішпей-жемей жинау үшін денсаулығыңды құрбан етуің керек. Көкөніс пен жеміс-жидек, ет-балық жемесең ағзаң да тозады, ауырасың. Сосын ше? Әрі қарай не болады? Ондай денсаулықпен қалай дені дұрыс бала әкеле аламын деп ойлайсың?!
Сондықтан баланы тек жағдайыңа әбден сенімді болғанда жасау керек, оған дейін мүмкін емес, - дейді некелі жұптың күйеуі бүгінгі тұрмыс тауқыметін алға тартып.
Ал әйелінің айтар өзге ойы бар.
- Кисе киімге, ішсе тамаққа жарымаған отбасында өскенмін. Үйдің үшіншісімін. Ауылда қалған бауырларымды ойласам, бала туу дегеннен шошимын. Үлкен ағам үйленді, қазір 5 баласы бар. Әлеуметтік көмек алғанша тек әке-шешемнің зейнетақысымен күн көрді. Өзі анда-санда пеш соғып ақша табады. Тапқанын қайтейін, онысын ішіп қояды. Ішкенін де түсінемін. Үйде аузын ашып отырған 5 бала, әйелі. Жұмысының түрі анау, не білім жоқ, не жұмыс істейтін жер жоқ. Тастап кетіп те көрді, бірақ қолынан басқа іс келмеді ме, болмай қайтып келді.
Мен үйден 18 жасымда кеттім. Алдыңғы әпкем үйдегі жоқшылықтан қашып 17 жасында тұрмысқа қашып кеткен. Ол да қазір 5 балалы, әупірімдеп өмір сүріп жатыр. Солардың өміріне қарап тұрып мүлде балалы болмаймын деуші едім. Қайтейін, тек басқа біреудің киіп тастаған киімін киіп, дні дұрыс тамақ ішпей өссем. Біздің үйде оқуға түсу деген сөз айтылмаған, себебі оқу үшін де қаражат керек, оны әке-шешем тауып бере алмайтынын жақсы білеміз. Ол үшін ата-анамды кінәлай алмаймын, бірақ бала күнімде көршінің балаларының қолынан кәспи, үстерінен тәуір киім көргенде жаным қысылатын еді.
Үйден жұмыс істеу үшін кеттім. Өзімді өзім ғана асырағым келді. Оқуға түсуге үш жыл бойы талпынып, төртінші жылы ғана түстім. Оған дейін істемеген жұмысым қалмаған, оның бәрін айтпай-ақ қояйын. Оқуымның ақысы мен өзімнің ас-ауқатымнан артылған жоқ табысым. Бірақ ауылға барған сайын барымды беріп кететінмін үйдегілерге. Өзімнен кейінгілерге «тек оқыңдар, сонда ғана жоқшылықтан құтыласыңдар» деп айтып кетемін.
Сосын осы жігітіммен таныстым. Біраз кездескен соң оның да жағдайы оңып тұрмағанын көріп бірге пәтер жалдадық, бірге тұрдық. Басында жүрексінсем де, жүкті болмаудың бар әрекетін жасадым және оны жігітіме ашық айттым. Ол да құптады. Үш жылдан соң ғана некеге тұрып, заңдастырдық. Бірақ той жасауға қарсы болдық. Оның да отбасы менікімен шамалас еді. Тек екі жақты таныстырдық та қойдық.
Бәлкім қазір баласыз өмір сүруге үйреніп те қалған шығармыз, бірақ менің бала тууға және оны асырап-бағуға жүрегім дауаламайды. Әлі солай. Мүмкін, жасымыз 40-қа келгенде ойымыз өзгерер, бірақ бәрібір бала – мен үшін қорқынышты. Оны киіндіре алмай қалсам, керегін тауып бере алмай, жеткізе алмасам, өзімді кінәлі етемін. Одан да бар күшімді дені сау, жақсы өмір сүруге арнағаным дұрыс сияқты. Мені күйеуім де қолдайды, бұл ретте біз ашық сөйлескенбіз, - дейді ол.
Некелі жұптардың ойынша, бала сүю – әркімнің жеке шаруасы. Ол тек некеге тұрған әйел мен еркектің ғана шаруасы болуы керек және басқалар оған араласпағаны дұрыс деп есептейді олар.
- Біздің ата-аналарымыз да бала туралы жиі айтады, бірақ оны тек өзіміз шешеміз. «Онда не үшін үйлендіңдер, жүре бермейсіңдер ме?» деген ой да келуі мүмкін. Біз тек бір-бірімізге қамқор болып, бірге өмір сүру үшін тағдырымызды тоғыстырдық. Біріміз ауырып немесе сәтсіздікке ұшырап қалғанда қамқорлық жасап, қолдау үшін, жетістікке жеткенде бірге қуану үшін. Үйлену – балалы болуға тиіссің деген міндет емес қой.
Ойымыз өзгеріп жатса, қалап жатсақ әрекет жасармыз. Бірақ әзірге балалы болғымыз келмейді. Бұл бір табиғатқа қарсы шығу емес, біздің де құқығымыз бар өз өмірімізді құруға, - деп түйіндеді сәби сүюге асықпаған некелі жұп...
илююстрациялық суреттер ашық дереккөзден алынды