"Екеуміз де тастандымыз" - алматылық ару мұңын шақты

0
475

"Әйтеуір аш қалдырмады. Жылы киіндіріп, суықта тоңдырмады. Тәнім тоңбаса да, ызғарлы сөздерінен жаным тоңатын."


көрнекілік үшін сурет: images.catchnews.com

ERNUR.KZ редакциясына мұңын шағып хат жазған алматылық Ақбілек атты оқырман "Күйеуімнен кеткім келеді. Жағдайымды түсініп, арзандау ақыға пәтер беретін, уақытылы төлей алмасам қуып шықпайтын жақсы жандар жолықса екен" деп тілейді.


"Өзім бала күнімнен жетім өскендіктен болар, адамға деген мейірімім аз. Шыны керек, қиналып жатқан адамды көрсем жаным ашымайтын. Ал қазір адамдардың жанашырлығына, көмегіне зәрумін.

Мүмкін, өзімнің де бала кезімнен осылай өмір сүргенім, яғни, мен қиналғанда маған біреудің жаны ашып қарамағаны, мейірім көрсетпегені қалыпты жағдай секілді түйілген шығар. Маған ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін ұғындыратын ата-ана болмады. Маңдайымнан сипап, «құлыншағым, балам» деп еміренген де ешкім жоқ.

Анам әлі өмірде бар. Дүниеге әкелгені болмаса, бағып-қаққан жоқ. Бала кезімде әжеме тастап кеткен. Оның өзі – анамның алыс туысы. Жалғыз ұлы қарамай, қалдырып кеткен. Екеуміз де тастандымыз.

Әжей маған жақсы қарады деп айта алмаймын. Ол да өмірге өкпелі шығар. Тым ашушаң. Аузы ылғи қарғыс сөздерге, жаман сөздерге толы болатын. Әйтеуір аш қалдырмады. Жылы киіндіріп, суықта тоңдырмады. Бірақ тәнім тоңбаса да, әженің ызғарлы сөздерінен жаным тоңатын, шыны керек.

Әженің тәрбиесінде өскеніме өкінбеймін. Сол кісінің қаталдығының арқасында біраз пісіп-жетілдім, мектепте жақсы оқыдым. Бірақ мектепті бітірген соң оқуға түссем де, қаражаттың жоқтығына байланысты аяқтай алмадым.

Сөйтіп бір жігітпен кездесіп, тұрмысқа шығу туралы ойлана бастадым. Оны кездестіргенде «Қандай жақсы, ересек адам, жұмыс істейді, ешкімнің қолына қарап отырған жоқ» деп ойладым. Бірақ мен оған тұрмысқа шықпай тұрып аяғым ауырлап қалды. Осы жағдайдан соң біз бірге тұра бастадық.

"Ересек адам, жұмыс істейді, ешкімге тәуелді емес" деп қызыққан күйеуімнің үлкен проблемасы бар екенін кеш байқадым. Есірткіге әуес екен. Бір емес, екі емес, он жылдан асыпты оған үйір болғанына. "Қоямын" деп бірер уақыт тастап, өте жақсы адамға айналып шыға келетін. Кейін шыдай алмай шегіп қояды да, тоқтай алмай қалады. Бұл әдетін білгесін мен де басында жаймен айтып, жалынып, кейін келе ауыр сөз айтып, тастауды талап ете бастадым. Мұндай сөздер жағушы ма еді, ұрып-соғатынды шығарды.

Үй-күйсіз, баламен далада қаламын деген қорқыныш болды. Сондықтан, кешірген, көнген сыңай танытып, осы уақытқа дейін бірге тұруға мәжбүрледім өзімді.

Күйеуім бар тапқанын өз керегіне құртады. Өз күнімді өзім көрейін деп небір ауыр жұмыстарды істеп келемін. Балам кішкентай болғанда, оны өзіммен алып жүретінмін. Қазір балабақшаға барады. Бұлай өмір сүру өте қиын екен. Күйеуімнен кеткім келеді. Жағдайымды түсініп, арзандау ақыға пәтер беретін, уақытылы төлей алмасам қуып шықпайтын жақсы жандар жолықса екен."