​«Екі келінін бірдей әмеңгерлікке алам деп тулап отыр»: түркістандық әйел күйеуінің ерсі қылық көрсетіп отырғанын айтты

0
3 384

«Күйеулерінің топырағы кеппей жатып қайынағасына жабысқан келіндерде де ес жоқ екен»


​«Екі келінін бірдей әмеңгерлікке алам деп тулап отыр»: түркістандық әйел күйеуінің ерсі қылық көрсетіп отырғанын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды

«Отыз жыл отасқан күйеуім келін қыз ұзатып, келін алар шаққа келгенде қылық шығарып, ел-жұртқа масқара етіп отыр. Ажырасып кете салатын жастан өтіп кеттік, көзді жұмып қарап отыруға тағы болмайды. Мені қойшы, бес баласынан ұялмай отыр», - дейді Гүлнар (есімі өзгертілді) есімді түркістандық әйел.
Бір мектепте мұғалім боп істейтін оқырманымыз отбасындағы оқиғаны ERNUR.KZ оқырмандарымен бөлісуді жөн көріпті.

«Кәрі түйе ойнақтаса жұт болар» демекші, алпысқа келгенде күйеуім аттай тулап, тоқал алам деп жұлқынып отыр. Басқа жақтан алса мейлі ғой, туған інілерінің бір емес, екі әйелін қатар алам деп қарабет болды.
Біз ауылда, қарапайым тіршілік кешіп отырған адамдармыз. Күйеуім оқымаған, неше жыл шопыр боп істеген, қазір ауыл мен қаланың ортасында адам тасып, нәпақасын тауып жүр. Ал мен мектепте математикадан сабақ берем. Зейнетке шығуға әлі үш жылым бар. Аллаға шүкір, жалақым жақсы. Сол айлықтың арқасында бес баланы оқытып, алдыңғы екеуін үйлі-жайлы еттік.
Күйеуім үйдің үлкен баласы. Өзінен кейін бес бауыры бар еді, екі қайным араға екі жыл салып бақилық болды. Бірі бауырдан, екіншісі авариядан кетті. Үлкен қайным қалада тұратын, тамаша адам еді. Менің күйеуімді «әкешім» деп еркелететін. Маған «мама» деп қояды. Әке-шешесінің көзі кеткесін бізді жанына медет тұтқан түрі еді ғой. Үйіне шақырса төрінен орын беріп, мәртебемізді асқақтатып жүретін. Аңқылдаған ақкөңіл қайнымды шыр айналдырған ауру ақыры алып тынды. Жанының қиналғанын тіпті үйіндегі келінге де білдірмеген екен, асқынып, жатып қалғанда бір-ақ білдік. Ота жасатуға қайнымның өзі келіспеді, «көрер жарығым осынша болған шығар, бәріне ризамын» деп ана дүниеге аттанып кетті. Оның екі ұл, екі қызы бар. Келінім де мектепте істейді. Яғни өздері нан тауып жей алатын шамасы бар.
Қайнымның жылдық асын өткізіп болғасын күйеуім бір әңгіменің шетін шығарды. «Мен інімнен қалған балаларды өз балаларымнан кем қылмай өсіруім керек, оларға енді мен қамқор болам» деп қалды. «Қалай қамқор боласың, бөліп беретін дүниең көп пе, табысыңның түрі анау, балалары ержетіп қалды ғой, алды студент, өздері еңбектенсін, сен мына баланы үйлендіруді ойлан» деп сыпайы түрде қарсылығымды білдіргем. Сөйтсем бұл күйеуім қалаға барған сайын қайнымның үйіне соғып, келіннің жылы-жұмсағын жеп жүріпті. Білген кезде үйде үлкен жанжал шықты.
Қайнымның үлкен қызы студент еді, оқудан ерте келіп қалғанда атасы мен шешесінің ұят тірлігін көріп қалып, үйінен кетіп қалған ғой. Сабылып іздеп, таппағасын әулеттің чатына келін жазып, іздеуге көмек сұрады. «Неге кетті, қалай болды» деп сұрастырсақ, бәленің бәрі біздің шалдан шыққан. «Тәте, есіңіз дұрыс па, бұл не бәле» деп қарындастары қырғын шығарған. «Бұл – әмеңгерлік, келіннің басы жас, жесірліктің зардабын тартпауы керек» деп бет бақтырмады. «Сен оларға атасың ғой, тоқтат мұндайды» деп әулеттің үлкендері сабырға шақырып, бәрі басылғандай болған. Бірақ ара-тұра екеуінің кездесіп жүргендерін ішім сезеді. Көк тиыны жоқ жаман шалыма қарап, ар-ибадан аттаған келінді көрерге көзім жоқ. «Менің есігімнен аттаушы болма» деп ұрысқам.
Көреріңді көрмей, көрге кірмейсің демекші, күйеуімнің «өнері» мұнымен бітпепті. Екі жылдан кейін кіші қайным дүние салды. Басқа қалаға газелімен жүк таситын еді, апатқа ұшырап, артында бес баласымен келін қалды. Олар ауылда тұратын, бәріміз жиылып жетісін, қырқын, жылын өткізіп алдық.
Өткенде жұмыстағы бір мұғалім «апай, сіздің күйеуіңіз келініңіздің үйіне жиі барғыштап жүр, тыныштық па» деп бір әңгіменің шетін шығарды. «Барса не бопты, туысымыз ғой, жесір әйел, хабарын алайын деген шығар» деп әңгімені басқа жаққа бұра салдым. Бірақ көкейге күдік түсті. Оны естігесін тыныш жатам ба, мектепке барарда, келерде келін тұратын көшемен өтіп, бақылауға алдым. «Қалаға кеттім, адам шықты» деп шығып кеткен күйеуімнің көлігін бір күні сол жерден көріп қалдым. Үндемей үйіне кіріп барсам, екеуі бір-бірінің аузына тамақ салып отыр...

Ойбай-ай, қартайған мыржым-тыржым шалымның аузына ауқат салып отырған келінде де ес жоқ па деймін. Ел-жұрттан да ұялмайды екен, қайнағасымен ойнастық жасап беті бүлк етпей отыр. Мені көріп тосылып қалды да, «женше, мен де жаспын ғой, түсініңізші» деп жылап жіберді. Мұның да арты үлкен дауға ұласты. Ағайынның бәрі естіді, «Әй, есің ауысты ма, елге қай бетіңмен қарайсың, балаларыңнан ұялмайсың ба» деп көрші ата жиналыс жасап, ақылға шақырмақ болды. Бірақ менің алжыған шалым «екі келінге де өзім бас-көз болам» деп бет бақтырмай отыр.
Бай болып, миллиондап тауып жатса не істейтінін білмейм, жаман шопырдың бір емес, екі келінді өзіне қаратып алғанын әлі түсіне алмай отырмын. Бір анадан туған бауырлардың арасы осылайша ажырап бара жатыр. Бір-бірімен араласуды қойды, бәрі ағаларына өкпелі. Екі келін екі жақта қарабет боп отыр. Байларының топырағы кеппей жатып төсек іздеп, басқа емес, туған қайынағасымен арсыздыққа барғаны ешкімнің ақылына сыймады.
Құдай сана бермесе қиын екен. Мұның арты немен аяқталарын білмеймін. Бір білетінім, күйеуіме деген реніш жеккөрушілікке ұласып бара жатқан сияқты. Бұрын алдын кеспей сыйлаушы едім, қазір оның бар-жоғы бәрібір боп қалды».