«Тойдан кейін енемді танымай қалдым»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«ERNUR.KZ сайтында күні кеше ене мен келін тақырыбы жайлы жазылған екен. Кейіпкері Нұриланың енесінің ерсі қылықтарын түгелімен оқып шықтым. Бірақ оның енесі менің енемнің жанында «періште» екен. Біздікі ақшаң былай тұрсын, өзіңді сабап, ұрып тастайды. Сол кісінің кесірінен қазір күйеуім екеуміздің арамыз суып, ажырасып кеттік», - дейді Айдана есімді келіншек.
Айтуынша, жастайынан жетім өсіп, нағашы әпкесінің тәрбиесінде өскен қызды енесі де түртпектеп, сыйдырмапты. Болған жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.
«Анамның бейнесін тек суреттен көріп өскен қызбын. Төрт жасыма толар-толмас көлік апатынан қаза тапқан екен. Ал әкем анамның аяғы ауырлап қалғанын білген күні қарасын батырып, қашып кеткен. «Босанып, баламды өзім бағам» деп анам марқұм ата-анасын ұятқа қалдырса да мені өмірге әкелген көрінеді. Бірақ өмірден ерте өтіп, ол аналық махаббатын көрсете алмады, ал мен оның мейріміне қана алмай қалдым.
Обалы не керек, анамның әпкесі мені өзінің төрт баласына қосып бауырына басты. Сіңлісінің аманатына қиянат жасамай, өз қыздарынан кем көрмей, барын аузыма тосып өсірді. Сол үшін ол кісіге өмір бойы қарыздармын. Мен де әпкемді ұятқа қалдырмау үшін сабақты сол үйдің қыздарынан кем оқымай, жақсы бағамен бітірдім. Грантқа оқуға түсіп, өз арбамды өзім сүйреп, оларға салмақ салмау үшін жанымды салып кірістім.
Бірінші курста Абылай деген баламен танысып, тек дос ретінде араласып жүрдім. Ол бір жыл бойы соңымнан қалмай, сүйетінін айтып қоймады. Оның ұсынысына тек үшінші курсқа қадам басқанда жауап бердім. Сөйтіп ол менің диплом алғанымды күтіп, сол жылы күзде анасымен таныстырды. Оның анасына, әпкелеріне, жалпы, қыз баласына деген қамқорлығы, мейірімі мені баурап алды. Әкем қамқорлық танытып жатқандай, әрбір ісінен жылулық сездім.
Анасы да бір қарағанда жақсы, кең пейілді, аңқылдап қалған ақкөңіл жан боп көрінген. Бізге батасын беріп, әпке-жездеммен танысып, екі жақ той қамына кірісіп кетті. «Менің де күйеуім қайтыс болған, құда түсіп, ұзатып алуға жағдайым келмейді, өзара келісіммен алып қашу рәсімін жасасақ» деп әпкемнің алдынан өтіп, мен оған келісіп, бір күнде жігітімнің босағасын аттадым.
Бір апта ішінде кішігірім той жасап, басқа қаладан келген енемнің бауырлары үйде біраз күн қонақ боп, аунап-қунап жатты. Олар кетісімен енемді танымай қалдым. Біреу алмастырып қойғандай, «Ей, тұр, мына жерді жинап таста!» деп бұйырады. Атымды атамайды, «Еу» деп ат қойып қойған. Арасында аузына келгенді айтып, мені балағаттайтынды шығарды.
Жыным келетіні, мен оған олай сөйлеуге ешбір себеп берген жоқпын. Аппақпын, тап-тазамын, тірлігіме де тап-тұйнақтаймын. Сонда да жақпаймын. «Жалғыз балама сендей жетім қызды бекер әперіппін, тойда бәрі артын ашып күлді» деп тиісетінді шығарды. Сонда да үндемеймін. Өмірімде біреумен сөзге келіп, ұрысып көрмеген адаммын. «Үлкен кісі ғой, уақыт өте маған үйренісіп кетер» деп шайымды уақтылы демдеп, тамағымды алдына тосып жүрдім.
Бір қызығы, енем күйеуім жұмыстан келгенде өтірік күліп, «Жаным, күнім, айналайын» деп бәйек бола қалады. «Осындай келін тауып бергеніңе рахмет» деп баласының алдында рөлге кіргенде ішім қыз-қыз қайнап, ешкімге білдірмей жылап алам. Күйеуім ештеңеден хабарсыз, бақыттан басы айналып жүрді.
Қайбір уақытта әпкемнің туған күні боп, енемнен барып келуге сұрандым. «Тамағыңды істеп кет» деп тапсырма берді. Күйеуімнің сүйікті тамағы ғой деп сүрленген еттен бір қазан палау істеп, демдеп, қойып кеткем. Бір уақта күйеуім ашуланып звондап тұр, «Үйдің іші астаң-кестең жиналмаған, дайын тамақ жоқ, неменеге жетісіп қыдырып жүрсің» деп ұрысады. Түсіне алмай, тамақты пісіріп, жинастырып кеткенімді айттым.
Сөйтсем мен кете сала енем бүкіл тамақты суытып, үлкен тоңазытқыштың түбіне тығып тастапты. Төгіп тастауға обалсынған-ау. «Ешқандай да тамақ көрген жоқпын» деп бет бақтырмады. Күйеуіме осы уаққа дейін болған жағдайды айтып беріп ем, сенбеді. «Өтірікшісің, менің мамам ондай адам емес» деп қайта өзіме ұрысып, екеуміз бір апта тоң-теріс боп жүрдік.
«Ақыры туатын түрің жоқ, баламның тапқанын ішіп-жеп жата бермей жұмысқа шық!» деп енем рұқсатын бергенде қуанып кеттім. Айлығымды өзі алатынын біліп тұрсам да кешке дейін қасынан жыраққа кетіп, құлағымның тыншитынына қуандым. Бірақ, қуанышым көпке созылмады.
Жұмыстан кейде ерте, кейде кеш қайтамыз, реті сондай. Тапсырма көп түскенде кейде қас қарайғанша кеңседен кете алмай қаламыз. Ондайда күйеуім келіп, алып кететін. Бір жолы ол да жұмыс бабымен ауданға кетті де, мен кештетіп таксимен үйге әрең жеттім. Жаз кезі ғой, енем есік алдында көрші әйелдермен сөйлесіп отырған екен. Мен түскен машинаны суретке түсіріп алыпты.
Ертеңіне күйеуімді «Қатының бар тапқанына боянып-сыланып, біреудің ашынасы болып жүр. Үйге кеш келеді, еркектер үйге дейін көлікпен әкеліп тастайды. Бұл жетімнің көксегені келін болып, сенің бала-шағаңды туу емес, байға тиіп-шықты деген ат керек болған» деп өтірікті судай сапырды. Сондағы менің таң қалғаным соншалық, жағамды ұстап, айтарға сөз таппай қалдым. Мұндай сөздер ойлап тапқанына қарағанда о бастан ниеті бұзық адам болған-ау деп ойладым.
Ең сорақысы, күйеуім шешесінің сөзіне сенді. «Көзіңді құрт, кет, жоғал» деп ұрысып, үйден екеулеп қуып шықты. Басым салбырап, сүмірейген күйі жылап әпкемнің үйіне келдім. «Ақыры болмайтын болса, бойыңа бала бітпей тұрғанда құтылғаның дұрыс бопты» деп әпкем жұбатып, бар жағдайымды жасап отыр. Бірақ қайтып келгенім үшін жездемнің алдында қуыстанып, әрең жүрмін.
Тағдырымды о баста білді ғой, жетім екенімді, әпкемнің тәрбиесінде өскенімді есітті, ендеше мені баласына неге әперді? Екеумізді ажыратып енем не ұтты? Неге осы ене деген екі жастың ортасына түспесе отыра алмайды, енелерге не жетпейді?! Осы сұрақтарға жауап таба алмай, басым қатып кетті».