«​Енем «Пәк емессің» деп бетіме басқан жоқ»: Алданып қалған қыз бүгінде алты баланың анасы

0
4 622

Сүйген жігіті зорлықпен пәктігінен айырып, кездесіп жүрген қызға үйленіп кеткен...


«​Енем «Пәк емессің» деп бетіме басқан жоқ»: Алданып қалған қыз бүгінде алты баланың анасы

Әлемде қанша адам болса сонша тағдыр бар. Сырттай бақытты көрінгенімен ішінде қандай өкініш ұлып жатқанын білдірмей тағдырымен арпалысып жүргендер көп. Әсіресе, гүл өмірі қор болған жандардың бүгінде талайдан көтеріп келе жатқан ауыр жүкті сілкіп тастауға, санасын езген ауыртпалықтан құтылуға қадам басқандары да жетерлік.


«Өміріңде қандай қиын жағдай болмасын, оны ұмытып жаңа парақтан бастауға болады және солай ету керек» деген келіншек өз оқиғасымен бөлісіп, тағдырында қиындық кездескен жандарға қолдау көрсеткісі келеді. Сол себепті де ERNUR.KZ тілшісімен хабарласып, қандай жағдайға ұшырағанын айтып берді.

- Осыдан 21 жыл бұрын мен бұл әлемнен күдер үзіп, енді ешқашан бас көтеріп жүре алмаспын деп ойлағанмын. Мені 18 жасымда құлай сүйген жігітім зорлап төсектес болып, жылатып тастап кеткен... Қазір құдайға шүкір, 5 ұлым мен бір қызым бар. Өзімді алақанына салып отырған азаматым, әке-шешемдей боп кеткен ата-енем бар, - дейді ол.


Келіншектің айтуынша, студенттіктің алғашқы жылында-ақ өзінен 4 жас үлкен жігітті құлай сүйген. Бірақ жылға жуық уақыт кездессе де оның түсінігі тым таяз, бар ойы анасына келін түсіріп беру ғана екенін білмеген.

- Институт табалдырығын аттаған күні таныстық. Содан бастап ол күн сайын жұмысынан соң жаяулатып мен тұратын жатақханаға келетін. Кееледі де, үшінші қабаттағы терезеге ұсақ тас атады. Ол кезде менің махаббат дегенім жай ғана бауыр басу болған сияқты, әлде оның зұлымдығы бәрін жуып-шайып кетті ме екен?! Бір ай өткен соң мен оны көрмесем тұра алмай тыпыршып кететінмін. Кейде демалыс күндері ауылына кеткенде екі-үш күнге әзер шыдаймын. Өз ауылыма барсам да қайтқанша асығатынмын. Оны анам да сезсе керек, «оқуыңды бітірмей тұрмысқа шықпайсың» деп талап қойды. Ол кезде өзімнің де ойымда болмаған тұрмысқа шығу.

Сабақ үлгерімім жақсы, қасымда сүйген жігітім бар. Өмір мен үшін керемет болатын. Сондай ғашық едім өмірге. Содан да болар, кез келген іске белсене араласып, барлығын бар ынтаммен жасайтынмын. Бақытты адамның жүзінен күлкі кетпейтіні белгілі ғой. Ортаның да гүлі болдым. Сөйтіп жүріп бірінші жылды аяқтадық. Жаздың алғашқы күні туған күнім еді, бір құшақ гүл мен сақина сыйлаған жігітім тұрмысқа шығуымды өтінді. Оқуымды бітірмей рұқсат жоғын айтқанымда өкпелеген, бірақ «анаңнан өзім келісім аламын» деп сенімді айтты.

«Ол сенен басқа 4-курстың бір қызымен де жақсы тұрады» деген құрбыларымның сөзіне мән бермеген едім. Ауылда демалыста жүргенімде үйге де іздеп келді. Бірақ анам рұқсатын берген жоқ. «Оқуын бітіргенше күтсең, қыз сенікі» деп кесіп айтқан болатын. Ол да анаммен келіскен сыңай танытқан. Бірақ ойында арамдық жатқанын білмеппін.


Бойжеткенді күндіз қыдыруға шақырған ол жоспар құрған көрінеді. Кезекті кездесуден соң алдап пәтеріне апарған да, арам ойын іске асырған.

- Түс қайтқанша сол күні жақсы қыдырдық. Бала секілді түрлі атракционға мініп әбден көңіл көтердік. Сосын ол киімін ауыстыратын болып пәтеріне кіріп-шығатынын айтты, әрі қарай мені таксиге салып жіберуі керек. Ойымда ештеңе жоқ, есік алдында күтетін болғанмын. Пәтерде қарындасының бар екенін айтып қоймады. Оның үстіне қарындасы бар деген соң көңіліме күдік кірмеді. Табалдырықтан аттаған соң ол есікті құлыптап маған музыка қойып берді де, бірден ваннаға кіріп кетті. Екінші бөлменің есігі жабық, қарындасы демалып жатыр деп ойлап диванның шетіне жайғасқанмын. Бір кезде тек жартылай жалаңаш шыққан жігітім келіп мені құшақтай алды. «Ұят қой, оның не?» дегеніме қарамай умаждап әкетіп барады. Көзі біртүрлі боп кеткен, ішіп алған адам секілді. Қарындасы естісін деп айғай салдым. Ол айғайлап күлді де, музыканың даусын барынша шығарды. Тас қылып құшақтап алған мен тыпыршып жатырмын, әлім келер емес. «Ақыры анаң маған бергісі келмейді екен, сені ешкімге бұйыртпаймын» деген сөзінен одан сайын шошыдым.

Қолымды қалай қайырғаны есімде жоқ, тыпыр ете алмадым... Ісін бітірген оны сол сәтте өлердей жек көргенім ғана есімде қалыпты... Дел-сал күйімде не болып, не қойғанын түсіне алмастай мас адам секілді боп қалдым. Сүйрелеп ваннаға кіргізіп жуындырғаны, қайтып әкеп киіндіргені есімде қалыпты... Сосын үйден шығарда тамағымнан қысып тұрып: «Біреуге айтсаң, масқараңды шығарамын! Мен 4-ті бітірген анау қызға үйленемін. Ал сен енді ешкімге керек болмайсың. Сені ешкім алмайды енді. Мамаңа сәлем айт!», - дегені есімде. Сосын апарып ауылға қайтатын таксиге салып жіберді...


Сол сәтте он сегіз жастағы бойжеткен болған оқиғаны біреуге тіс жарып айтуға қорыққан. Бар уайымы «масқара боламын, үйдегілер өлтіреді» болыпты.

- Үйге жеткенше есімді әзер жинадым. Аяқтарым дірілдеп, ішім ауырды. Қалайда үйге сездірмеуді ғана ойладым. Үйге келе салысымен жатып қалдым. Анам мен әкем қонаққа кеткен, олар келгенше ұйықтап қалдым...

Сол жасырған сырымды тағы 4 жыл сақтадым. Оқуға қайта келгенде жұрттың бәрі менің жігітім мен 4-курсты бітірген қыздың үйленгенін, тойлары керемет өткенін жыр ғып айтып жүрді. Мен жатақханадан пәтер жалдап шығып кеттім. Оқуымды бітіріп, мұғалім болып бір жыл жұмыс істеген соң бүгінгі күйеуімді кездестірдім. Сондай кішіпейіл, адамның көңіліне қарап сөйлеп, әлсізді қорғай білетін ол да маған басында зұлым еркектердің бірі боп көрінген. Талай жігіт сөз салса да, соңымнан жүгірсе де олармен дөрекі болуды әдетке айналдырып алғам ғой. Бірақ ол менің бар дөрекілігіме шыдады. Бір күні мейрамға орай бір шоқ гүл мен тілдей хат жазып жіберіпті.

«Өміріңде ұмыта алмайтын ауыр естелік бар тәрізді. Қандай болса да тыңдауға және сені қолдауға дайынмын!» деген сөз менің көптен жарасын ішке сақтаған жүрегімді тіліп жібергендей болды. Қанша жылдан бері сол түні ішімді босатып жыладым. Ертеңіне жұмыста кездескен жігіт менің көзіме басқаша көріне бастады.


Не керек, бар сырымды ақтардым, тағдырымның тәлкек болған тұсын ашық айттым оған. Ол қолымнан ұстап тұрып өмірдің тоқтап қалмағанын, сол бір пәктікте тұрған ештеңе жоқтығын, алдағы күні адал жар болғанымды ғана қалайтынын айтып жылатпауға уәде берді. Онымен қоймай, анасымен айтып, оған да болған жайды жеткізіпті. «Қыздың тәнінің адалдығы емес, санасының адалдығын жоғары сана! Ешқашан бетіне баспаймын, адал ұрпақ сыйласа болды» депті.

Расында енем осы күнге дейін бір рет емеурін де танытқан емес. Оңтүстіктің келіні болсам да, «сен бізге пәк боп келмедің» демеген. Алғашқы түнімізді тексерген ешкім де болған жоқ. Күйеуім де осы уақытқа дейін бір де бір рет бетіме баспады. Кейде өзімнен өзім есіме түсіп әбігерленем, әсіресе, пәктік туралы әңгіме болғанда ол менің жағдайымды жақсы түсінеді. Ақырын ғана қолдау білдіріп, қолымнан қысып «ұмыт сол жағдайды» дегендей болады. Сонысы үшін жан-тәніммен жақсы көрем оны!, - дейді келіншек тебірене.


«Небір зұлым жігіттер жап-жасқыздардың өмірін талқандап жатыр. Содан тағдыры талқан болғандар, тұрмысқа шығып отбасын құра алмай, теріс жолға түсіп кеткендерді көп естиміз. Тек батпаққа бір баттым екен деп ешқашан қайтадан балшық кеше бермеу керек. Өмірде жақсы адамдар бар, олар қасымызда жүр. Қатенің өзін де өмір түзетеді. Өмірді қайта бастауға ешқашан кеш емес», - дейді бақытты жүзі бал-бұл жанған келіншек.

көрнекілік үшін суреттер ашық дереккөздерден алынды


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Ата-ананың жайын неге ҚЫЗ көп ойлайды?»: қызылордалық келіншек ағаларына ренжулі


«БАЙ болады екен»: Алматылық келіншек баланы құмалаққа шомылдырғандар туралы айтып берді