«БАЙ болады екен»: Алматылық келіншек баланы құмалаққа шомылдырғандар туралы айтып берді

0
7 206

Баланы қырқынан шығарарда 40 құмалаққа шомылдырса, бай болады. Сіз бұл туралы білесіз бе?


«БАЙ болады екен»: Алматылық келіншек баланы құмалаққа шомылдырғандар туралы айтып берді

Фото: images.agoramedia.com

Жаңа туған нәрестені қырқынан шығару дәстүрін білмейтін қазақ жоқ шығар. Ал қырық қасық суға қойдың 40 құмалағын салатынын ше? Көргенсіз бе?

Жақында сәбиін қырқынан шығарған Гүлия есімді алматылық келіншек бұндай жоралғыны бұрын-соңды көрмегенін, естімегенін айтады. Ол құмалаққа шомылдырылған баласының денсаулығына алаңдаулы.



Ол болған жайтты ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Ауылдың қызымын. Көпбалалы отбасында өскенмін. Екі інімді, ағаларымның балаларын қырқынан шығарғанда, мен жоғары сыныпта оқитынмын. 4-5 рет бұндай рәсімге қатысқанмын. Үлкен әжелер қырық қасық суды нәрестенің басынан құйып, әр қасық су құйған сайын жақсы тілектер айтқаны есімде. Баланы шомылдыратын үлкен ыдыстағы суға күміс білезіктер, теңгелер салғанын көргенмін. «Қырқынан шығару» рәсімінен соң судағы білезіктер мен теңгелерді, тіпті тостаған мен қасықты да қыз-келіншектерге, апа-әжелерге үлестіріп беріп жіберетінін білемін.

Бірақ ауылда тұрсақ та, қой өсірсек те баланы шомылдыратын суға құмалақ салғанды көрмеппін. Қазақта осындай да ырым бар екенін қалаға кеп көріп отырмын.

Қалаға тұрмысқа шықтым. Ата-енеммен бірге тұрамын. Ақыл тоқтатқан жасымда босаға аттаған соң ұрыс-керіс отын тұтандыратын жағдайларға барынша жол бермеуге тырысамын. «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» дегенді ұстанған келіннің сүйкімді болатынын да білем. Енем ескерту жасағанда сөз қайтармай, оныкі бұрыс болса да үндемей, өз-өзімді ноқталап, тілімді тістеп отырамын. Бірақ жақында бірінші рет мен енеме бұрыстығын айтып, қатты ренжітіп алдым. Ашу, ұрыс, ренішке баламды «Қырқынан шығару» кезіндегі келіспеушілік себеп болды.

Желтоқсан айында босандым. Коронавирустан әбден қорқып қалғандықтан, баламды ешкімге көрсетпедім, жолатпадым. Тіпті өзім де 40 күн бойы үйден шықпадым.

Коронавирус ең бірінші иммунитеті әлсіз адамдарға жұғатынын естіген соң, осылай сақтандым. «Қырқынан шығару» рәсіміне де ешкімді шақырмайтын шығармыз деп ойлағанмын. Бірақ енем алдын ала күнді белгілеп, ерекше дайындалды.

Фото: www.youmeraisingthree.co.uk

Енем дайындықты ағайын-туыстарына қоңырау шалып, асық іздеуден бастады. «Немеремді қырқынан шығарарда суға салуға асық керек еді» деген енемнің сөзі шілдеханаға шақырумен аяқталады. Енем өзінің абысындарын, жұмысындағы екі-үш әріптесін, тұрмыстағы қыздарын шақырғанын естігенде терең бір күрсінем де қоям. «Өзіміз-ақ шомылдырып, рәсімін жасасақ жетеді ғой. Карантин уақытында көп адамды шақырмай-ақ қоялық» деп айта алмадым. Тағы да ашуландырып алам ба деп қорықтым. Иә, бір рет қатты ашуланған.

Баламды қырқынан шығаратын күнді белгілегенде «Қырқынан шығару» аты айтып тұрғандай 40 күн толғанда орындалмай ма? Ал сіз белгілеген күні баламның туылғанына 37 күн толады» дегенмін. Енем «Мені санау білмейді деп тұрсың ба? Әлі алжасқан жоқпын. Ұл баланы 40 күн толмай-ақ шығара береді. Ал қыз баланы 40 күннен асырып қырқынан шығарады...» деп, ұзақ лекция оқыды. Интернеттен уикипедияны ашып, ерінбей оқып берді. Сосын «Талай немеремді қырқынан шығарғанмын. Білемін» деп, біраз күн тоңтеріс боп жүрді маған.

Не керек, баламды қырқынан шығаратын күні үйге жиырма шақты адам келді. Ыдысқа су құйылып, күміс әшекей бұйымдар мен асықтар салынды. Баланы алып келдім. 50-70 жастағы апалар су құйылған үлкен ыдысты айнала отырып алды. Мен шетте тек бақылап қана отырдым.

«Судай таза бол» деп алғашқы тілек айтылып басына бір қасық су құйылғаны сол, қайынәпшем «Құмалақты ұмытып кетіппіз ғой» деп тоқтатты. Жүгіріп барып сөмкесінен қағазға оралған құмалақтарды алып келді. Шынымды айтсам, алғашқыда қап-қара құмалақтарды шоколад деп ойладым. «Баланың өмірі тәтті болсын» деген ниетпен суға шоколад салады екен ғой деп топшыладым. Суға асық салатынын да бірінші рет көріп тұрғандықтан, білмейтінімнің көп екеніне таңданып отыра бердім. Енем «Немерем малды болсын» дегенде де құмалақтың қойдың қиы екенін білмедім.

Баланы шомылдыру рәсімі аяқталып, әйелдер шуласып судағы күміс әшекейлерді бөлісіп, баламның иткөйлегіне дейін алды.

Ыдыстағы суды енем үлкен баклажкаға құйып, ауылдан келген қызына ұстатып, «Қой қораның ішіне төгесін» деді. Енемнің бір абысыны «Аяқ баспайтын жерге төксе болды емес пе?» десе, әріптесі «Шілде суын үйде сақтаған дұрыс. Кейін баланың денесінде қызарған жер, бөрткен пайда болса осы судан жақса шипа болады» деп, әркім білгенін айтып жатыр. Бірін естісем, бірін естімедім. Бар ойым баклажкадағы қарайған «шоколадтарда». Неге ерімеген? Шоколад болса тез еріп кетпейтін бе еді? Не нәрсе екен?

Сұрақтарыммен алысып тұрғанымда енем шай демдеуге жұмсады. Барлығы дастархан басына жайғасқанда бес литрлік баклажкадағы баламның шілде суын ашып иіскедім, үңіліп қарадым. Кәдімгі қойдың құмалағы.

Малдың қиы да адамның нәжісі сияқты лас нәрсе емес пе? Микроб деген тұнып тұрмай ма? Еті мен сүйегі әлі бірігіп үлгермеген, әлсіз нәрестені микробқа шомылдырғаны несі? Ашуым келді.

Әнеугүні енемді ашуландырып алған соң «Енді үндемеймін» деп, өз-өзіме уәде берген едім. Бірақ қонақтар кеткенше әрең шыдадым...

Несін айтайын, енем баланы бай-дәулетті болсын деген ниетпен құмалаққа шомылдыратын ырымның бұрыннан бар екенін айтып түсіндірді. Марқұм енесінің барлық немерелерін құмалаққа шомылдырғанын да айтты. Соңғы сөзін ренішпен аяқтады. Сосын біраз уақытқа дейін бұрқылдап ұрысты.

Содан бері енем менімен сөйлеспей жүр. Ал мен күнде интернеттен баланы қырқынан шығару туралы мақалаларды парақтаймын. Бірақ суға қойдың құмалағын салу жөнінде ешқандай мәлімет кезіктірмедім. Баласын құмалаққа шомылдырғандар бар ма? Ол бала денсаулығына зиян емес пе? Көпшілік білетінімен бөліссе екен...»


Құрметті оқырман, баланы қырқынан шығару рәсімінде сіз қандай ерекшеліктерге таң қалып жүрсіз? Ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерді жаза отырыңыз.

Гүлияның сұрақтарына жауабыңызды, ақыл-кеңесіңізді комментарийге жазып қалдырыңыз.


Ұқсас оқиғалар:


«Кетіп қалғым келеді»: Жалқау күйеуінен шаршаған әйел күйзеліске түскен


«Жас келіннің қолтығынан бала тумаған әйел ұстамайды»: Елордалық келіншек сыры мен ренішін жайып салды