«Мына кісі сау ма? Есінен ауыспаған ба?»
Түркістандық әйел ERNUR.KZ порталы тілшілеріне осыдан отыз шақты жыл бұрын өзі куә болған өзгеше оқиғаны баяндап берді.
"Екінші баламды босанған кезім. Перзентхана палатасында бес келіншек бірге жатырмыз.
Қазір туа сала балаңды қолыңа береді ғой. Біздің кезімізде нәрестелерді бөлек жатқызатын. Баланың қарны ашқан кезде мейірбикелер әкеп беріп, емізіп болғасын қайта алып кететін.
Қасымыздағы апай баласын әкелген сайын «Сен шынымен қайтып келдің бе? Келемін деп ең, расымен келген екенсің ғой» дей береді оған қарап. Емізіп отырып та осындай сөздер айтады, жылайды. Біз қорқа бастадық. Бір-бірімізге үнсіз қарағанмен, көзімізден «Мына кісі сау ма? Есінен ауыспаған ба?» деген ойды оқу қиын емес еді. Бірақ басқа кезде сөзі де, жүріс-тұрысы да түп-түзу, сап-сау.
Арамызда батылдау бір келіншек мұндай сөздерінің сырын сұрап еді, апай іркілместен айтып берді. Осыдан алдын төрт қыздан кейін туған ұлы 11 жасында қайтыс болыпты. Көрші үйдің балаларымен ойнап жүріп, жазатайым қаза болған.
«Өлді дегенге қимай, ұзақ қайғырдым. Тіпті, жындана жаздап, баламның мазарына қарай жаяу жүгіріп, басында жататын болдым. Күйеуім бірде жұбатып, бірде ұрсып үйге ертіп келетін.
«Жалғыз сенің балаң емес, менің де балам. Жаныма батады. Бірақ біз осылай естен танып жүрсек не болады? Қыздарды ойламайсың ба? Оларға ана керек, сен керексің. Жи есіңді!» дейді. Бірақ ол сөздері әсер етпейді. Содан бір күні балам түсіме кіріп «Мама, болды, жылай бермеңіз. Тек мені күтіңіз. Киімімді ауыстырып алайыншы, сосын қайтып келемін» депті.
Ал қазір босанған сәбиі тура сол баласынан аумайды екен. «Әр әкелген сайын үлкен ұлымды көргендей боламын, өзімді ұстай алмай жылап жатқанымның себебі сол» деген Жанат апайға қосылып бәріміз жылаған едік. "