​«Құдағидың бөксесін ұстап, мойнынан иіскеп»: талдықорғандық қария төрт ұлынан да түңілген

0
1 438

«Ішіп алса бір-бірімен төбелесіп, қырық пышақ болады»


​«Құдағидың бөксесін ұстап, мойнынан иіскеп»: талдықорғандық қария төрт ұлынан да түңілген
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Адам жасы 50-ге келгенше өзінің жинаған абыройымен өмір сүреді екен, ал 50-ден кейін бала-шағаңның әперген абыройымен жалғастырасың. Расында да солай ғой, 50 жастан асқан соң ұл-қызың сен берген тәрбиенің айнасы болады. Ұлың мықты қызметке барса, кімнің ұлы, Пәленшенің ұлы деп деп мерейіңді асырады. Қызың жақсы жерге келін болса, Түгеншемен құда бопты деп сыртыңнан сүйсінеді. Бәрінің де жақсы болғаны жақсы ғой. Бірақ кейде перзенттеріңнің арсыздығынан абыройың айрандай төгіліп, қартайғанда төрдегі басыңды есікке сүйрейтін кездері болады», - дейді Бекболат есімді қария.


Талдықорғаннан хабарласқан оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне төрт баласына деген өкпе-ренішін айтып берді.


«Жастау күнімде көршінің менен бес-алты жас кіші баласы көп ішетін. Ол кездің адамдары сондай болды ма, заман сондай ма еді, әке-шешесі «баламыз адам қатарына қосылып, арақ ішетін болды»деп сылқ-сылқ күліп отырушы еді. Сол көршінің үйіндегі інішекпен әлі күнге дейін көздей көршіміз. Екеуміз де қара шаңыраққа ие боп қалдық.


Сол ішіп жүрген көршімнің әйелі үш ұл, екі қыз тапты. Біздің үйдегі кісі төрт ұл, екі қыз тапты. Екі үйдің балалары қатар өсті, бір-бірінің ойыншығымен алмасып ойнап, үйімізге емін-еркін кіріп, тамақ ішіп кете беретін.

Әлі күнге дейін таңғалатыным, әлгі маскүнем көршімнің үш баласы сабақты үздік бітірді, өз күштерімен университетке түсіп, қазір бір-бір қызметтің тұтқасын ұстап отыр. Ал өмірімде аузыма арақты татып алмаған менің төрт ұлым күн құрғатпай ішетін болды. Ішімдікке келгенде өздерін ұстай алмай қалады.

Төртеуі титтейінен тете өсті. Бұрыннан бастары бір қазанда піспейтін, ішкеннен кейін бірінің жағасына екіншісі жармасып, қырық пышақ болып төбелесетін болды. Ата-анасы боп біз көрсетпеген ондай бәлеге қайдан үйін болғанын түсінер емеспін.


Ішетін еркекке екінің бірі шыдай бермейді, жасырып қайтем, кейде келіндерім кетіп қалып жатады. Ондайда кемпірімді алдыма салып құдалардың алдына сүмірейіп баруға тура келеді. Өлердегі сөзіңді айтып, келіннен кешірім сұрап әкелгенімді қайтейін, ертеңіне ессіз балам тағы ішіп алады. Айта берсем әңгіме көп енді.


Үлкен ұлдың бала-шағасы есейіп кетті. Тұңғыш немерем келін әкелді былтыр. Сол баласының қуанышын адам сияқты атқарып бере алмады ғой балам. Той басталмай жатып ішіп алып, келген қонақтардың алдында маймыл болды. Ақырында ұлымды достарына жалынып жүріп үйге апарып, аяқ қолын байлатып қойдым. Қайтем енді, әйтпегенде абыройымызды айрандай төге салмақшы. Құдағиды биге шақырып, бөксесін ұстап, тамағынан иіскеп билеп, ит-масқарасын шығарды. «Билемеймін» деп теріс бұрылып кетіп еді, жын қаққандай қақ ортада аласұрып билеп, жерде әбден аунады. Жаңа құда маған келіп, «құданың мынау қылығы ұят болды» деп ескертті. Кірерге тесік таппай қалдым.


Одан кейінгі балам Өскеменге көшіп кеткен, келінім «ауылдан алып төркініме кетем, сол жақта адам боп түзеліп кетер» деген соң екеуін еркіне жібергенбіз. Бірақ кейінгі кезде ұлыма келінім де қосылып ішетін бопты. Немерелерім «ата, азық-түлік алатын ақша берші» деп звондағанда шыбын жаным шырқырап кетеді. «Әке-шешеңе берме, өздерің жаратыңдар» деп тапқанымды салып жіберем, қайтейін енді.


Обалы не керек, екі қызым жақсы жерге тұрмысқа шықты. Күйеу балаларымды да Құдай бере салған. Бірақ солар үйге келсе үш балам жын көргендей тиісіп, сөзбен түйреп, зәрезап қылып жібереді. Сондықтан қыздарым көбіне жалғыз қыдырып келеді. Оларға не дей алам, «атымның сыры өзіме мәлім», қыздарымды кемсітпей, кекетпей жүргендеріне риза боп отырмын.


Қартайған шағымда осы ұлдарымның қылығы арқама аяздай батады. Емдетіп, арағын қойдыру үшін істемеген амал қалмады. Тапқан-таянғанымызды осылардың еміне жұмсадық. Бірақ нәтиже жоқ. Соңғы кезде кемпірімнің де денсаулығы болмай жүр. Қайта-қайта жатып қалады. Ашылып айтпаса да төрт баласының бетімен кеткені бұның да арқасына аяздай бататынын түсінем. Тым болмаса төрт баламның біреуі адам болмады ғой. Үлкені бой түзесе, қалғандары соған қарап үлгі алар ма еді...


Жас күнімде тәп-тәуір қызметте істедім. Абыройым ешкімнген кем болмады. Дос-жаран, туыс-туған жетерлік. Бірақ қазір солардан бойымды аулақ ұстаймын, сыртымнан бала-шағамды айтып, өсектейтін сияқты болады да тұрады. «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген осы еке. Қартайсақ та уайымнан арыла алмай келеміз. Балалардың тәрбиесінде қай жерден қателік жібердім деген ой маза бермейді.