​«Құдалыққа барып "тоналып" қайттық»: жетісайлық әйел құдалықтағы қызық салттарға куә болғанын айтты

0
954

«Бұзау соймақ болды»


​«Құдалыққа барып
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Қазір тойдың қызған шағы. Қыз ұзатып, келін алып жатқан кісілердің басынан талай қызық оқиғалардың өтетіні заңдылық шығар. Түркістан облысына қарасты Жетісай қаласында тұратын Ақбөпе есімді әйелдің қайнысы Семейден келін алып, сол жаққа құдалыққа барып қызықты салттардың куәсі болған.

Оқырманымыздың бауырлары «келінге қалыңмал төлемейтін болдық» деп қуанған екен. Алайда құдалыққа барғанда таң-тамаша болыпты. Болған оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, той-жиын өткізгенде, құдалық шақырғанда әр облыстың өзіне тән ерекшеліктері бар екен. Оған біз Семейге барғанда көз жеткіздік.


Қайнымның ұлы Алматыда оқып жүріп, семейлік бір қызбен көңіл жарастырған екен. Дипломымен қоса ауылға келін алып келді. Өздері келісіп, құдалық, ұзату деп елдің екі бұрышында тұратын ата-анамызды, ағайын-туысты әбіржітпей-ақ қояйық деген шығар. Онысын қайным мен келінім де құптапты. Сонымен менің балам, тағы бір қайным екеуі біздің жақтың салт-дәстүріне сай етіп анау-мынауын алып, кешірімге жолға шықты. Қайным буып-түйіп отырған бір миллион теңгесін қыздың қалыңмалы деп әлгілердің қолына ұстатып жіберіпті. Алайда ол ақшаның мұрты бұзылмай үйге қайтып келді. «Біз қызымызды сатпаймыз, саудаламаймыз» деп құдалар жағы алмай қойыпты.


Оны естігенде бәріміз аң-таң болдық. «Жақсы болыпты, енді сол ақшамен екеуінің тойларын жасап жібересің» деп күлдім. Сонымен үлкен тойы өтті, пойызбен құдалар келіп, оны қаладан күтіп алдық. Оншақты кісі боп келген екен. Бірақ киіт-қоржын ашып жатқанда «Жол алыс боп мынанша адам келе алмады, солардың орындарын да қоса есептерсіздер» деп келінге тізім ұсынды. Бұрын-соңды ондай тізім дегенді көрмегенбіз, бірақ құдаларға «бұларың не?» деп айта алмай, тілімізді тістеген күйі қалып кеттік.


Ізінше олар бізді құдалыққа шақырды. Қайным «кімдерді ертеміз, ақыл қосыңыз» деп біздің үйге келген екен. Отырып біраз ойландық. «Олар он боп келді, тағы он адамның тізімін берді. Бас-аяғы 20 адамға киіт қойдың. Енді сен қыз алған адамсың, солармен текетіреспей, 12-15 адам боп барсаң жетер. Жол алыс, барам дегендер көрсін, мен айтқаннан көп болып кетпесін» дедім. Қайным мен келінім осыған келісіп, жолымен, жөнімен баратын адамдардың тізімін туралады.


Сонымен, біз пойызға билет алып, қоржындарымызды түгелдеп, артынып-тартынып жолға шықтық. Құдалар дастарханын жайып, әулетінің үлкендері, жақсылары мен жайсаңдары жиналып, бізді күтіп отыр екен. Сәлемдесіп, дастархан басына енді отыра бергенімізде бір кісі кіріп келіп «Құдалар, өздеріңізге арнап соятын малға бата берсеңіздер» деп қолқа салды. Біздің жақта құдаға соятын малды күн бұрын сойып, тұздап, қайнатып қояды ғой. Аң-таң болдық.

Сонда да «салттары осындай шығар» деп бәріміз қайтадан сыртқа шықтық. Бір кезде екі бала жас бұзауды алдымызға көлденең жатқызды, үлкендері «Қане, құдалар, бата беріңіздер!» десін... Басқала аң-таң боп тосылып тұр еді, «Ау, құдалар, мына бұзаудан обал ғой, бұл қалай болды?!» деді менің күйеуім. Сөйтсек олардың салты сол екен, жаңа құдалар келгенде ірі қара соймаса ұят саналатын көрінеді. Ірі қара деп тапқаны жас бұзау боп тұр ғой енді. Сосын менің шалым асықпай «Біз сіздерді сынау үшін келген жоқпыз, алдымызға бас тартқыларыңыз келсе бұзау емес, қой табылатын шығар» деп сойғызбай қойды.


Не керек, құдалардың үйіне қондық. Ертеңіне құданың үлкен ағасы үйіне шақырды. Сосын ағайындары кафеге дастархан жайып, бізді қонақ етті. Кешкісін қайтадан құданың үйіне жиналып, әкелген сәлем-сауқатымызды аштық. Сосын біз атын естімеген, өмірімізде көрмеген нәрселерді айтып, «Соған дайындап әкелген ақшаларыңыз қайда?» деп сұраққа алды. Ондайды естімегенбіз, інім мен келінімнің көзі шарасынан шыға жаздады. «Біздің жақта мұндай жоқ. «Тон бауы», «құда табағы», «ана сүті» деп атағанымызды алып келдік, міне» деп бір конверт ақшаны ортаға қойды. Ішінде аузы батырлау бір әйел бар екен, ұялмай конвертті ашып көрді де, шу шығарып жіберді. Азырқанғаны көрініп тұр енді. Оны көргенде қатты састық. Сосын келінім «Жетпеген жерін жеткізе салатын, қазір жақын жерде тұрғанымыз жоқ. Барымыз – осы, аз да болса көптей көріңіздер. Ортадағы ақшаны сөз еткенше, екі жастың бақытын ойлайық» деп басу айтты.


Алыс-беріс туралы әңгіме осымен біткен сияқты еді, бір кезде дастарханның шетінде отырған сары келіншек шу шығарды. Ол кешелі бері бізге шай құйып отырған-тұғын. Бір кезде шыдай алмай, «Неткен көргенсіз құдалар мынау?! Кешелі бері шәйнектің басында отырмын, қызметімді ескермегендері қалай?!» деп сыртқа шығып кетті. Сөйтсек ол жақта шай құйып отырған әйелге арнайы сый әкелуіміз керек екен. «Біздің жақта құдаларға шай құю үшін арнайы адам дайындаймыз. Кім көрінгенге сеніп тапсыра салатын дүние емес. Әлгі келін соған өкпеледі» дегесін қалтамыздың түбін қағып, әлгі әйелге ұсынып, ризашылығын алдық.


Қызық мұнымен бітпепті. Құдалармен қоштасып, жолға шықсақ, көлігімізді арқан керген бірнеше адам тосып тұр екен. Сұрағанын беріп, одан өтсек, тағы төрт-бесеуі шықты. Не керек, қайным мен келінім барғандардың бәрінен қарызданып, әлгілерге тарқатып, үйімізге әрең жеттік. Жол-жөнекей барған туыстар «Бүйтіп тегін қыз алмай-ақ қойдық. Құдағиың да қызық екен, бәрін алдын ала айтып қоймай ма?» деп сөйлеп қалды.


Сол кезде бізге мұның бәрі адамды тонау сияқты көрінген. Кейін біраз уақытқа дейін қызығын айтып тауыса алмай жүрдік. Ал қазір күліп еске аламыз. Негізі құдалықтың қызығы да осы алыс-берісінде екен. Тек шектен шықпай, әдептен озбай әрекет жасаған дұрыс».