"Бәріміз күйеуімнің қас-қабағына қараймыз..."
Сурет: static.hiamag.com
"Енеммен арамызда айтарлықтай ұрыс-керіс, түсініспеушіліктер болмапты. Бірақ сонда да олармен қарым-қатынасымыз, аралас-құраластығымыз тығыз деп айта алмаймын. Осы үшін бәлкім мен өзімді жақсы келін бола алмадым деп іштей сөгетін шығармын. Бірақ бұған менің еш кәнім жоқ екенін білсем де..."
Астаналық келіншек ERNUR.KZ оқырмандарынан ақыл-кеңес сұрады.
"Келін болып, ақ босағаны аттағаныма биыл он бес жыл толады, бұйыртса. Төрт баланың анасымын. Отбасымызда бақыттымыз. Әйткенмен, бір түйткіл бар. Ұрыс-керістің барлығы содан басталады.
Келін болып түскенімде студент едім. Соңғы курс болғасын, "бірдеңе қылып бітіріп, дипломыңды алып ал" деп ата-енем күйеуім екеумізге қалаға кетуге рұқсат берді. Сөйтіп біз Астанада, ата-анамның үйінде тұратын болдық.
Арада зымырап бір жыл өте шықты. Қолыма дипломымды алдым. Күйеуім екеуіміз баламызды алып, ауылға бардық. Арадан екі апта өткен соң мазамыз қаша бастады.Балаға дұрыс қарай алмадым. Осы кезге дейін анам қарап берген болатын, сондықтан, баланың бабын табуды біле қоймадым. Ал енемнің болса менің балама қарауға уақыты жоқ.
Бір күні атам күйеуім екеуімізді алдына шақырып, жолдасыма «Қайынжұртыңа барып тұрғаның дұрыс. Құда мен құдағи да жасы келіп қалған кісілер, жалғыз қыздарын алып алғанымыз жарамас. Жақында інің де үйленеді, кіші келін
қолға тұрады. Сен ағаң сияқты өз өміріңді өзің құр» деп кетуімізге разылықтарын берді.
Не енші бермеді, не «бөлек тұрыңдар» деп те айтпады. «Ата-енеңнің қолына барып тұр» деп айтты. Екеуіміз де
енді оқу бітіргенбіз. Әлі жұмыс таппаған едік. Үй жалдап тұруға шамамыз жоқ. Алғашында күйеуім «Сенің үйіңе
бармаймын, жұмыс істеймін, ақша табамын, бөлек тұрамыз» деп ашуланды. Мен келістім. Бірақ
«Жағдайларың реттелгенше бізбен тұра тұрыңдар, екеуің де жұмыс тапқаннан кейін бөлек кетесіңдер» деген ата-анамның сөзінен кейін, амал жоқ, келістік.
Сол қалғаннан мол қалдық. Әлі күнге менің әке-шешемнің қолында тұрамыз. Олар да бізге үйреніп қалды. Біздің де кеткіміз келмейді. Бір шаңырақ астында он бес жыл бірге тұрып келеміз. Төртінші балам дүниеге келгеннен кейін көп балалы ана ретінде үйдің кезегіне де тұрып қойдық.
Айтайын дегенім – сол кезден бастап бәріміз күйеуімнің қас-қабағына қараумен келеміз. Үйде менің дауысым сәл өктем шықса, ол: «Сен өз үйіңде тұрғандықтан мені басынғың келеді» деп қатты ренжиді. Тіпті бірнеше рет осындай себеп негізінен қатты ұрысып та қалдық.
Сыртта достары да арасында «күшік күйеу» деп айтатын шығар. Сондай кезде ол ашуын менен алады. Бірде үндемеймін, ал бірде сөз қайтарам. Ойлап отырсам, арамыздағы ұрыс-керіс тек осы себептен туындайды екен. Көп жағдайда түсіністік танытқаныммен, кейде менің де ашуым келеді. Өйткені ата-анам оны менен қатты жақсы көреді. Ешқашан бетіне қарсы келген емес.
Ал күйеуімнің әке-шешесі бізбен онша араласпайды. Күйеуімді туысқандарынан да алыстатты. Немерелерін көруге де келмейді. Үйге тамаққа шақырсақ, бірнеше рет айтқызып жүріп, зорға келеді. Соңғы кезде жолдасым олармен араласпай қойды. Өкпелеген шығар. Ал мен оның ата-анасымен, туған-туыстарымен араласқанын қалаймын. Балаларым ата-әжесін біліп өссе деймін.
Күйеуімнің ренішін қалай сейілтсем болады? Оның көңілі тоқ болу үшін, ашуланшақ болмауы үшін не істесем екен? Жолдасыммен және оның жақындарымен қандай қарым-қатынас жасағаным дұрыс. Оны туыс-туғандарымен қалай араластыра аламын?"