«Күйеуіңмен ата-ене, бала көзінше ұрыспа»: алматылық азамат жас келіндерге ақыл айтты

0
3 404

"Күйеуіңнің нағыз еркек болғанын қаласаң бұны біліп ал" дейді ол.


«Күйеуіңмен ата-ене, бала көзінше ұрыспа»: алматылық азамат жас келіндерге ақыл айтты

(Фото ашық дереккөзден алынды)

Қай жерде болса да ұрыс-керіс көңіл күйді түсіріп қана қоймайды, суытады да. Әсіресе отбасында ата-ене мен балалар көзінше орын алған ұрыс-керіс олардың көзқарасын өзгертеді. Көңілге кірбің салады.

Алматылық Наркес есімді азамат тұрмыстағы қыздарының күйеуімен ұрысқанын көргелі құдаларының көзіне тіке қарай алмай қалғанын айтады.



Ол басқа келіндерге ой салсын деген мақсатта қыздарының қынжылтқан қылықтарын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Қыздарымның санасында «жатталып қалатындай» әйелім екеуміз балалардың көзінше ешқашан ұрысқан емеспіз. Әйелім де, мен де ұзақ жыл институтта сабақ берген зиялы адамдармыз.

Балалар өсе бастаған шақта әйелім наубайхана ашуға бел буды. Отбасылық бюджетке ай сайын түсіп отыратын табыстың басым бөлігін әйелім толтырып отырғанын жасырмаймын. Бірақ мен көп табыс тауып жатырмын деп үйдегі билікті қолына алуға ол тырыспады, міндетсінбеді, маған дауыс көтеріп өктем сөйлемеді.

Менде екі қыз бар, әйелім де, мен де ұлды болуды армандағанымызбен, Алланың бергені осы екі қызым болды. Қаншама рет емделдік те, тіпті қазіргі заманғы мүмкіндіктердің барлығын да пайдаланып көрдік. Бірақ нәтиже бір ғана Алланың қолында ғой. Осы екі қызымыздың өмірін берсін, солар аман болсын деп өмір сүріп жатқан жайымыз бар.

Үлкен қызым тұрмысқа шығып, бір басы екеу болғанда жүрегімнің жартысын бөліп бергендей қиналсам да, күйеу баламның адал азамат екенін көріп қуандым. Екінші қызым да өз сүйгенімен бас қосты. Қыздарымның бақытты жүзін көргенде өмірдегі әкелік парызымды өтей алғаныма көңілім жайланған болатын.

Бірақ қыздарым бірінен соң бірі отбасылық мәселелерін алға тартып келе беретінді шығарды. «Анау жоқ, мынау жоқ» деп миымды ашытады. Әйелім ешқашан «жоқ» дегенді айтпаған, қыздарымның кімге ұқсап сабырсыз, шыдамсыз болғанына қайран қалам. «Үй болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, ортақ мәселелерің болса, ұсақ-түйекке бола шапқылап алдыма келе бермеңдер» деп айттым.

Сосын олар анасын мазалауды бастады. Іші ауырса да, тісі ауырса да анасына айтады. Ана байғұс түнімен көз ілмей екі қызын уайымдайды. Бір күні әйелімнің қолындағы телефонды жұлып алдым да кіші қызыма «Жас емессің, көзің ашық, тісің ауырса стоматологқа бар. Шешеңді түн ортасында мазалама» деп қаттырақ айттым. Үлкеніме де ұрысқанмын.

Жақында жазғы демалыста құда-құдағилардың үйіне барып, қыздарымызды көріп қайтуға бардық. Үлкен құда «құдамның құдасы» деп кіші қыздың ата-енесін, қыз бен күйеу баланы да қонаққа шақырды. Бір күн шаңырағында күтті. Екі күн суға шомылып, кәуап пісіріп табиғат аясында керемет демалыс ұйымдастырды. Жалпы бір апта қыздарымыздың қасында болдық.

Демалыс көңілді болды, бірақ менің көңілім түсіп қайтты. Үлкен қызым күйеуіне дікеңдеп сөйлейді. Тіпті бәріміздің көзімізше күйеуімен керісіп те қалды. Күйеу бала ұрысты ушықтырмауды ойлап үндемеді, ал қызымның аузы жабылмады. Ұялғаным-ай, жерге кіріп кете жаздадым.

Құда мен құдағи немерелеріне қарап үйде отыр, ал ұлы мен келіні таңнан кешке дейін жұмыста. Даңғарадай үй бар. Қызыма одан артық қандай рахат өмір керек екенін түсінбедім.

Екінші қызымның күйеуімен қарым-қатынасы да ұялтты. Оның тұрмыс-тіршілігіне араласып жатқан ешкім жоқ, ата-енеден бөлек тұрады. Күйеу бала базарда сауда жасайды, қызым не ішем, не кием демейді. Еңбекқор, ішімдіктен аулақ еркекті төбеге көтерудің орнына қызым кекетіп, мұқатып отырды. Қызым оны менсінбейтін сияқты. Қызым сұлу, сонысымен бағасын көтеруге тым құмартып тұрады.Өзіне тең көрмесе онда неге оған тұрмысқа шығады?

Қайтарда екі қызымды оңаша шығарып алып, «Ер-азаматты жұрттың көзінше тұқыртып, жерге тығу масқара емес пе?! Ата-ене мен балалар көзінше әйелінен ұрыс ести берген еркек біртіндеп езге айналады, еңсесі түседі, бәрінен де көңілі суиды. Әжептеуір күйеулеріңді өз қолдарыңмен езге айналдырып алып, ертең өздерің қор боласыңдар» деп ұрыстым.

Үйдегі жағдай солай болып еді ғой дейтіндей емес, әйелім ешқашан маған үстемдік жасамаған. Қыздарымның тәрбиесінің қай жерінде мүлт кеткенімді білмеймін, әлде қазіргі жастардың бәрі осындай ма екен?..»


Наркес қазіргінің жастарына бұрынғының нақыл сөздері де дұрыс келмейтінін айтады. Мысалы, қазір «Анасына қарап қызын ал» дегенге сүйеніп үйленуге болмайды» дейді ол. Наркестің бұл сөзімен келісесіз бе, оқырман?



Ұқсас оқиғалар:

«Қайынәпкем кредит алдырып, төлемей жүр»: ақтөбелік келіншек ренішін айтты


«Бесіктің шүмегін алмасып едік»: тараздық әйел қалай ұлды болғанын айттыы