​«Күшік ене» деп атайды»: түркістандық азамат қайыненесі үшін анасымен араздасқан

0
2 484

«Екі оттың ортасында қалдым»


​«Күшік ене» деп атайды»: түркістандық азамат қайыненесі үшін анасымен араздасқан
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Мен бұрын газетке, сайтқа өз басынан өткен тағдырын тек әйелдер ғана айтатын шығар десем, сырын ішінде сақтай алмайтын, жеңілдегісі келетін ер-азаматтар да бар екен ғой. Отбасылық өмірін айтқан бірнеше еркектің оқиғасын оқыған соң, мен де басымдағы жағдайды әңгімелеп берсем деп отырмын. Оқып қоя салмай, көпшілік өз пікірін білдірсе дұрыс болар еді», - депті ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Нұрбек есімді азамат.


Отбасылы, төрт баланың әкесі «екі оттың ортасында қалдым» дейді. Жағдайдың жай-жапсарын тілшімізге әңгімелеп берді.


«Үйленгеніме он үш жылға жуықтап қалды. Аллаға шүкір, жағдайым ешкімнен кем емес. Ел қатарлы үй салдым, көлік алдым, тұрақты жұмысым, өзім сүйіп қосылға әйелім де бар. Бірақ адамның төрт құбыласы әрдайым тең бола бермейді екен. Соңғы кездері өзімнің анам ренішін білдіріп, әңгімесімен басымды қатырып жатыр. Ал оның айтқанын істейін десем, әйелімнің көңілін жыға алмаймын.


Қысқасы, былай. Менің әйелім екі ағайынды еді. Өзінен кейін інісі бар-тұғын. Біз үйленген жылдары мектепті енді бітіріп, студент атанған болатын. Университеттің үшінші курсында достарымен шомылуға барып, суға батып, қайтыс болды. Тағдырдың жазуы шығар, десе де қазасы бәрімізге қатты батты. «Жезде» деп ақыл сұрап, көмекшім боп жанымнан бір елі қалмайтын бала еді.


Қайнымның қазасы ата-енеме, әйеліме де оңай тимеді. Әсіресе қайын атам бүк түсіп жатып қалды. Ұрпағын жалғастыратын жалғыз тұяғынан қапияда көз жазып қалды. Осы қайғыдан соң жиі қан қысымы көтеріліп кете беретін болды. Сол ауру үш жылдан соң атамызды да алып тынды. «Ауырдым» деп айтпай, ішінен тынып жүрген екен, ұйықтап, азанда оянбай қалды.


Құдай мұндай қайғыны ешкімнің басына бермесін, оңай емес екен. Денелі, бойы ұзын енем бір сәтте шөгіп, бір уыс болып қалды. Әйелім енді анасынан айырылып қалмайын деді ме, қайта-қайта сол кісіге барып, кейде сонда қонып қалып жүрді. Атамыздың жылдық асын өткізгенше үндемедім, әйтпесе екі күннің бірінде төркінінде жүргені маған да ұнамайтын. Әйелі жоқ үйде береке болсын ба?


Асын берген соң «Сандуғаш, енді үйде болғаның дұрыс, тірі адам тіршілігін жасауы керек» деп әңгімені бастадым. «Мамамды қайтем, ол енді жалғыз қалай өмір сүреді?» деп жылап қалды. «Мамаң жалғызсырамас үшін Рамазанды сол кісінің қолына берейік. Мектебіне де жақын, апасына қолғанат боп жүреді» деп ұсыныс білдірдім. Бұл ойымды әйелім де қуана қолдады. Сөйтіп баламыз апасының қолына көшіп барды. Дегенмен апта сайын біз барамыз, кейде апасы екеуі келіп кетеді. Арадағы байланыс үзілген жоқ.


Ол кезде балам бесінші сынып оқитын, әлі бала, артық-ауыс тірлігі жоқ-тұғын. Бірақ уақыт өте мінез-құлқы өзгеріп, сабақтан соң үйге тіке қайтпай, достарымен көше кезетін әдет шығарыпты. Онысы апасына уайым. Бір-екі мәрте ескертіп, тәртіпке шақырғандай болдық. Бірақ нәтиже шықпады. Ақырында енем «Балаларың бұрынғыдай емес, ержетіп келе жатыр, енді мені тыңдамайтын болды. Көшеге құмар. Ертеңгі күні бірдеңе болса мен жауап бере алмайды екенмін, өздерің тәрбиелеңдер» деп үлкенімді өзімізге қайтарып берді.


Сөйтіп енем бір жылдай жалғыз тұрды. Ондай кезде әйеліме қатты уайым, күніне бірнеше мәрте телефон соғып, видеоқоңыраумен жиі-жиі сөйлесіп, хабарын алып тұрады. Ол кісі де қартайды ма, жиі ауырады, қант диабетіне шалдыққан, кейде қан қысымы көтеріліп кете береді.

Бір күні әйелім жылады. «Мамамның қартайғанда жалғыз қалатындай не жазығы бар еді. Құдай інімді алғанша мені алмады ма, шаңыраққа ие боп отырар еді ғой» деп ішіндегі шерін тарқатқанда сай-сүйегім сырқырап кетті. Түсінем, оған да оңай емес, мына жақта отбасы, ана жақта жалғыз анасы, бәрі өзіне уайым.


Содан мен Сандуғашқа «Мамаң біздің үйге көшіп келе салсын да, жер үйдеміз, бөлме бәрімізге жетеді. Оның үстіне ары-бері кетсек балаларға бас-көз болып отырады» дедім. Шынында да енемнің ешкімге зияны жоқ, өте зиялы кісі. Мен дегенде жанын беруге әзір. Ұсынысымды әйелім естігенде жүрегі жарылардай қуанды. «Осыны саған қалай айтарымды білмей жүр едім, рахмет» деп бетімнен шөлпілдетіп сүйіп-сүйіп алды.


Ертеңіне екеуміз енеме барып, ойымызды айттық. «Біздің балалардан шаршап кетсеңіз өз үйіңізге келіп тұрасыз, ерік өзіңізде, дегенмен біздің үйде болғаныңызды қалаймын» дедім. «Қалай болар екен, ел-жұрт әңгіме етпей ме?» деп біраз қипақтап, ақырында көнді. Бір аптадан соң киім-кешегімен көшіріп әкелдік.


Бір жыл болды енем біздің үйде тұрып жатыр. Шынымды айтайын, үйге береке кіргендей болды. Сандуғаш екеуміз күні бойы жұмыстамыз. Келсек тамақ дайын, балалардың да қарны тоқ. Өзіме бұл шешімім ұнады. Бірақ... өзімнің туған анам миымды жеп жатыр.

«Сен бала неге бізбен ақылдаспайсың?! Енді біз сенің үйіңе барып, аунап-қунап қалай жатамыз? Құдағи да қызық, жұрттан ұялмай қалай көшіп келе салды?! Бірдеңе етіп үйіне қайтар, сол келгелі сенің үйіңе баруды сиреттік, бұрынғыдай апталап жата алмай қалдым» деп айта береді.

«Онда тұрған не бар, келе берсеңізші, қайта әңгіме айтып, шер тарқатысасыздар» десем, түсінбейді. «Нұрбектің енесі күшік ене болды, осының қолына көшіп келген» деп төркін жағына әңгіме айтып отыр бір жиында. Ызам келді, «мама, мынауыңызды Сандуғаш пен құдағиыңыз естімесін, ендігәрі айтпаңыз. Ол өзі келген жоқ, мен әкелдім. Ол да менің екінші анам, жалғыз қалғанына жазықты ма?!» деп сөйледім.

Содан бері өз анам қырын қарап жүр, «бұл қайынжұртшыл, құдағиға арнап туғанбыз» деп тағы сөйлейді. Қалай айтсам да анама түсіндіре алмай-ақ қойдым.


Менің істегенім дұрыс емес пе, неге туған анам жағдайды түсінуге тырыспайды? Енем үшін анаммен ашу-араз болғаным жаныма батып жүр, қандай ақыл қосасыздар?..»