«Қызыңыздың не себепті жансақтау бөліміне түскенін білесіз бе? Жағдайы ауыр, соққының әсерінен баласы өлі туылды, күйеуінен таяқ жеген екен», деді дәрігерлер...»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Түркістан облысы, Төлеби ауданы Ленгір қаласында тұратын аяғы ауыр, айы-күніне жетіп отырған жиен сіңлімді күйеуі ұрып, аяусыз теуіп, нәтижесінде мерзімінен бұрын босанып қалды. Сегіз айлық нәресте анасының ішінде жатқанда-ақ өліп қалған екен. Дәрігерлер «102»-ден полиция шақыртып, сіңліме күйеуінің үстінен арыз жаздырған екен. Оның қай бөлімшеге түскенін бейхабармыз. Кімге, қайда барып шағымданарымызды білмей отырмыз», - деді ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан М. есімді келіншек.
«Мынау менің әпкемнің нөмірі, байланысып, бір көмектеріңізді беріңіздерші» деп өтінгесін ERNUR.KZ тілшісі №1 облыстық перинаталдық орталықта жатқан М.-ның анасымен байланысқа шықты. Ол кісі қызының мұндай жағдайға түсуіне күйеуі кінәлі деп күйініп отыр.
«Қызым он сегізге толар-толмас тұрмысқа шықты, - дейді анасы. - Ауылда З. деген құрдас келіншек бар еді, «қызыңды ініммен таныстырайық, құда болайық» деп қоймаған соң таныстырғам. Өздері бірін-бірі ұнатты да, үйленуге бел буды. Ол кезде қызым Ленгірдегі кәсіптік колледжде оқитын. Күйеу бала өзінен 13 жас үлкен жігіт екен. Кейін, болары болып, бояуы сіңіп қойғанда бұрын үйленіп ажырасқанын білдік.
Екеуінің бір жарым жасар қыздары бар. Екіншісіне аяғы ауыр еді. Қызым тым жуас қой, осы уақытқа дейін «мама, мені күйеуім ұрады» деп бірде-бір рет келмеген. Ішінен тынып жүре берген. Бұны да маған емес, нағашы әпкесіне айтып отыр. «Әпке, А. мені ұрды, салып қалды» деп айтыпты.
Қызымыздың мерзімінен бұрын босанайын деп перзентханаға кеткенін құдашалардан естідік. Олар алдымен Төлеби аудандық перзентханаға апарыпты. Ондағылар жедел жәрдеммен облыстық орталыққа жіберген. Есігінен кіре бергенде босанып қойыпты. Бала іште жатқанда өліп қалған екен. Естіген заматта перзентханаға жетіп барсақ, жансақтау бөліміне жатқызып қойыпты. Сондағы дәрігер «Қызыңыздың не себепті жансақтау бөліміне түскенін білесіз бе? Жағдайы ауыр, соққының әсерінен баласы өлі туылды, күйеуінен таяқ жеген екен. Екі бүйрегі езіліп кеткен, бір тамшы зәр шығара алмай қиналып жатыр. Массаж жасап, уколдар салып жатырмыз, бір бүйрегін сақтап қалсақ та жаман емес» деп шындықты жайып салды. Біз барамыз дегенше полиция шақыртып, қызым күйеуінің үстінен арыз жазып беріпті.
Кейін сіңлімнен естігенім, күйеу балам бір досын үйге ертіп келіп, екеуі ішіпті. Ішіп алған адамда ес бар ма, «менің досыма неге күліп қарадың» деп әйелін ұрған. Нәтижесі осылай болды. Құдағиым инсульт алып, төсекке таңылып қалған. Құдашам «Құдағи аяғыңыз жеңіл ғой, келін доқтырдан шыққанша немереңізді қарап тұрсаңыз» дегесін құдамның үйіне барып, немеремнің киім-кешегін жинап, өз үйіме әкеткем. Енді күйеу балам мен құдам қайта-қайта мазалап, «қызды ұрлап кетті деп үстіңнен арыз жазам» деп қорқытып жатыр. "Қыздарың кола іше беріп, ішіндегі баланы өзі өлтіріп алды" деп сандырақтап отыр.
Сіздерден өтініш, қызымның жазған арызы қайда барып түскенін біле алмай отырмыз. Дәрігерлер де нақты қандай диагноз қойып отырғанын, қазір жағдайы қалай екенін ашып айтпай жатыр. Осы мәселеде көмектессеңіздер екен».
Оқырманның өтінішінен соң Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасымен байланыстық. Дәрігерлер «М. деген науқас облыстық перинаталдық орталықтың жан сақтау бөлімінде жатқан. Іштегі нәрестенің жүрегі орталыққа жетпей тоқтап қалған. Түскен кездегі жағдайы ауыр болды. Ауыр дәрежедегі преэклампсия, анемия және ішінен жарақат алған, бүйрек жарақаты болған. Өз сөзінен күйеуі ұрғаннын білдік. Сосын полиция шақырттық. Бас сүйегін, ішкі ағзаларын компьютерлік томографиға түсірдік. Хирург, нефролог, невролог, уролог мамандар келіп, жағдайын көрді. Бүгін облыстық клиинкалық аурухананың нефрология бөлімшесіне ауыстырамыз» деп хабарлапты.
Осыдан кейін «102» нөміріне хабарласып, жазылған арызды іздестірдік. «М. деген арызданушының арызын Әл-Фараби аудандық Полиция басқармасының Мирас Маматай деген қызметкері алған. Алайда оқиға Төлеби ауданында болғандықтан арыз аудандық басқармаға жөнелтілді. Заңда көрсетілген мерзімде арыз қаралып, тиісті адамдардан жауап алынады» деп мәлімдеді полицейлер.
Ақпаратты тексеру – журналистің міндеті. Сондықтан біз бұл оқиғада тек бір тараптың пікірін тыңдап, жаза салмай, екінші тараптың уәжін тыңдауды жөн көрдік. «Әйелін ұрды» деп айыпталып отырған А.-ның да айтары бар екен.
«Әйелімді ұрған жоқпын. Осыдан екі ай бұрын ол бір жарым жасар қызыма ашуланып, жұлқылап жатқанда шапалақпен бір тартып қалғаным бар. Одан кейін қол көтерген жоқпын. «Ішеді, досынан қызғанады» дегенінің бәрі өтірік. Енем ойдан шығарып айтып отыр.
Оқиға болатын күні таңға жуық М. «ішім ауырып жатыр» деп оятты. Дереу жедел жәрдем шақырып, аудандық перзентханаға апардық. Таң енді атып келе жатқан, барсақ дәрігерлер «кофемізді ішіп алайық» деп, бізді қарауға асығар емес. Дауыс көтеріп, шу шығарғаннан кейін көңіл бөле бастады. «Әйеліңнің жағдайы ауыр, біз қабылай алмаймыз, қазір қағаз жазып береміз, облыстық орталыққа апарасыңдар» деп шығарып салды. Ол жаққа жеткенше баланы аман сақтап қала алмадық, іште өліп қалған екен.
Негізі әйелімнің бүйрегі бұрыннан ауыратын. Бірінші қызымыз бен екіншінің арасы тым жақын болғандықтан дәрігерлер ұрысқан. «Тума, алдырып таста, өзіңді күт» деп енем де қызына айта беретін. «Құдай берген баланы қалай алдырып тастайсың» деп мен келіспей қойған едім. Бұдан алдыңғы қызымызды үйдегі әжетханада босанып қойған. Құдай сақтап тірі қалды. Толғатып жүргенін білмей қалды ма, әйтеуір солай болып қалды ғой.
Біздің үйленгенімізге үш жыл болды, осы уақыт ішінде енем төрт рет арамызға түсіп, қызын менен ажыратып алмақшы болды. Не жетпейтінін түсінбеймін, қит етсе ұрыс шығара береді. Менің әпкелеріме жазған хаттары сақтаулы, неше түрлі нәрселерді айтқан.
Мына жағдайдан кейін де «Күйеуіңмен ажырасасың» деп әйеліме шегелеп айтып кетіпті. «Жазылып шықсам сізбен қайта қосылғым келеді, бірақ апам мен мамам қоймай жатыр» деп әйелімнің өзі телефонмен айтып берді. Қазір қолына басқа телефон ұстатып, менімен байланыстырмай отыр. Жаңа ғана облыстық клиникалық ауруханаға барып, дәрігерлермен сөйлесіп қайттым. Мен оны жақсы көрем, ажырасатын ниетім жоқ».
P.S. Бұл оқиғадан көңілге түйетін бір-ақ нәрсе бар: күйеуі әйелін ұруға болмайды, ал әйел оған төзіп жүре бермеуі тиіс. Әйтпесе өз өміріңізге қауіп төнуі мүмкін. Ал дәл қазіргі жағдайда ең басты мәселе – науқастың денсаулығы. Аман-есен сауығып, ауруханадан шығып кетуіне тілектеспіз. Ал кімнің кінәлі, кімнің кінәсіз екенін алдағы уақытта құзырлылар шешер. Дегенмен біздің редакция бұл мәселені өз бақылауында ұстайды. Нәтижесін оқырманымызбен бөлісетін боламыз.