​«Төрт баласына бұрылып та қарамады»: жалғызбасты әке тастап кеткен әйеліне деген ренішін жеткізді

0
4 443

«Тұрмыс, табыс, жұмыс деп жүріп әйеліме дұрыс көңіл бөлмеппін»


​«Төрт баласына бұрылып та қарамады»: жалғызбасты әке тастап кеткен әйеліне деген ренішін жеткізді



Тағдырдың басқа салғанынан ешқайда қашып құтыла алмайды екенсің. «Көресіңді көрмей, көрге кірмейсің» деген осыдан шықса керек. Жасым қырыққа таяған шақта еркек басыммен үш баланы бағып, өзім қатын, өзім еркек боп жүрмін», - дейді Иманбек есімді азамат.


ERNUR.KZ тілшісіне хабарласқан оқырманымызды осыдан екі жыл бұрын әйелі тастап кетіпті. Тіпті жылап, жалынған балаларына да қарамаған. Оқиғаның қалай болғанын Иманбектің өзі әңгімелеп берді.


«Тағдырдың сынына ұшыраған жанның бірімін. Бір күннің ішінде отбасымның ойраны шықты. Он екі жыл отасқан, сүйіп қосылған жарым маған опасыздық жасады. Төрт баламмен шырылдатып бір күнде көңілдесінің соңынан еріп кете барды. Еңіреп, жылап, шырылдап қалған балаларына да қайрылмады.


Үйленген жылдары Алматының іргесінде пәтер жалдап тұрдық. Өзім бір мекемеде ауысыммен жұмыс істеймін. Тапқанымды там-тұмдап, жер алам деп әрекеттеніп жүргенде балалар өсіп қалды. Алды мектепке барады, өз үйің болмаса қиын екен. Содан ағамның маған мейірімі түсіп, қаланың іргесіндегі бір жерін сыйға тартты. «Тапқан ақшаңды осы жерге үй салуға жұмса, қарыз емес, саған көрсеткен көмегім болсын» дегенде қуаныштан жылап жібергем. Не керек, жатпай-тұрмай әлгі жерге үй салуды бастадым.


Оған дейін әйелім үйде, бала тәрбиесімен отыратын. «Мен де саған болысайын» деп жұмысқа шықты. Өзінің мамандығы мейірбике еді, ауруханаға кіріп алды. Ауысыммен барып келеді. Бір жағынан жұмысқа шығып, табыс тапқанына қуандым. Бірақ екеуміз де тірліктен бір сәт босамай, ерлі-зайыпты өмірді екінші планға ысырып қойдық. Екі күн қатарынан жұмыстамын, қолым қалт етсе болды үйдің құрылысын салуға кетемін. Сөйтіп, үй саламын деп үйдің бетін де көрмей кеттім. Әйелім де сменге кеткенде балаларым бір-біріне қарап, біздің жоқтығымызды білдірмей отырады. Шынымды айтсап апталап, кейде айлап әйелімді көрмейтін болдым. Көктемнен қара күзге дейін осылай жүрдік.


Күн суытқанша үйді тұрғызып алдым. Тек ішіндегі жұмыстары ғана қалды. Жұмыстан кейін сонда барып оны-мұны жасап, шаршап, түннің бір уағында үйге жетемін. Тамағымды зорға ішемін де төсегіме келіп құлаймын. Әйелім бірнеше мәрте сүйіп, өзіне жақын тартқысы келген, ал менің оған шамам болмайтын. Шындығына келгенде өзімнің еркектік міндетімді дұрыстап атқара алмадым. Соның кесірінен әйелім бір-екі мәрте өкпелеп, кішігірім ұрыс болған. «Үй бітсін, бәрі қалыпқа келеді, шыда. Жұрттың еркегі сияқты тапқанымды көшеге шашып, қыз-қырқынға құртып жүрген жоқпын» деп жағдайды түсіндіргендей болғам. Менің бар арманым, үйімізге тезірек кіріп, балаларымды және жан жарымды бір қуанту еді. Құрылысшылар жалдайын десем қу ақша жетіспейді. Амал жоқ бәрін өзім ақырындап жасап үйді 3 жылда тұрғыздым.


Қыс бітіп, көктем де келді. Қалған майда-шүйде жұмысын бітірейін деген оймен тағы да үй бетін көрмей үйдің құрылысының басында жүрдім. Мен сыртта жүріп көп нәрсені байқамаған екенмін. Осы үш жылдың ішінде әйелім қатты өзгеріпті. Соңғы кездері Жанар түнде жұмыс жасайтынды шығарды. «Үйді бітірдік қой, енді жұмыс істеме, күні-түні үй бетін көрмей жүру оңай емес» деп айтқам, бірақ тыңдамады.

Бір күні жұмыста жүрсем қызым телефон соқты. «Папа, үйге келіңізші, мамам екі күннен бері үйде жоқ, жейтін тамағымыз таусылды» деп тұр. Алдын сөйлескенімде «Сменге бүгін шықтым, кеше үйде болдым» деп еді, демек өтірік алдаған ғой. Салып ұрып үйге келсем балаларым үрпиісіп бұрыш-бұрышта отыр. Дереу ас-суын беріп, жағдайды реттегесін әйелімнің жұмысына бардым. Барсам аға мейірбике «Гүлнар екі күнге сұранып кеткен» деп шынын айтып қойды. «Түнгі ауысымнан шаршап жүрген шығар» деп сөзімнің артын жуып-шайып жатсам, «қандай түнгі ауысым, Гүлнар ешқашан түнгі ауысымға қалған емес» деп жайып салды.


Ертеңіне түк болмағандай үйге келген әйелімді сұрақтың астына алдым. Бет бақтырмады, «құрбым күйеуімен ұрысып, өз-өзіне қол салмақ болып, соған қарадым» деп тайқып шықты. Оның айтқаны өтірік болса да өзімді сендіргендей болдым.


Бір күні менің жұмысымдағы есепші көпбалалы отбасылардың құжаттарын жинап жатқанын айтты. Үйге келіп, керекті құжаттарды ақтарсам әйелімдікі жоқ. «Жұмыста қалып кетіп еді, мен барып әкеле қояйын» деп екі кеште шығып кеткен, сол кеткеннен міне, екі жыл болды, оралмады.


Үйдің құрылысы жайына қалды. Жұмыстан шыға үйге қарай жүгіремін. Балаларымның тамағын жасап беремін. Мына өмірден жалыға бастадым. «Түсінетін шығар, ана ғой, балаларын сағынса қайтып келер» деп үш күн шыдадым. Болмағасын жұмысына іздеп барып қолынан сүйреп шығарып машинаға отырғызып, үйге қайтуын өтініп жалындым. Сонда он бір жыл отасқан әйелімнің айтқан сөзі «Мен ол жігітті сүйемін. Бақытымды енді таптым. Менің басымды босат. Маған бала да, үй де керек емес. Тек бостандық берсең болды. Осы уақытқа дейін сенен бір рахат көрмедім. Ол жігіт бақыттың не екенін көрсетті маған» деп көліктен түсіп кетті.


Қазір жұмысыма қайта кірісіп, балаларым үшін өмір сүріп келемін. Бұл жағдайдан кейін достарымның басым бөлігі менен теріс айналды. Әйелдері сыртымнан сыпсыңдап, өсек таситын болды. Ұяттан кірерге тесік таппай, қазір ағайын-туыспен де араласпайтын болдым. Балаларым үшін өмір сүріп жүрмін. Оларды қатарынан қалдырмауға тырысып бағаудамын. Бірақ, бәрібір ананың алақаны мүлдем бөлек. Аналарын іздейді, сағынады. Ал ол осы екі жылдың ішінде балаларын іздеп бір келмеді. Кішкентайымыз ішігіп, ауырып қалғанда «бес минутқа келіп, құшақтап кетші» деп жалындым. «Бармаймын, маған бала керек емес» деп тұтқаны тастай салды. Мейлі, мен көңіл бөлмей, содан теріс айналған шығар. Ал балалардың не жазығы бар?


Менің басымдағы жағдай кейбір азаматтарға сабақ болсын деп айтып отырмын. Тұрмыстың тауқыметі, табыс, қызмет деп жүріп әйелге көңіл бөлуді ұмыт қалдырмау керек екен. Әйелді шайтан азғырмасын, оның зардабы бәріне тиеді».