"Немерем анасын сағынып жүр, не істесем екен" - жамбылдық апамыз не істерін білмей, оқырмандардан ақыл-кеңес сұрады

0
853

"Келінім о дүниеге неге асықты екен?"


Сурет: i.pinimg.com

"Жүрегім езіліп хат жазып отырмын. Келін неге бұл өмірден шаршады екен? Неге о дүниеге асықты? Бұл мен үшін жұмбақ. Шешуін іздеп көп ойланам. Жауабын таба алмай келе жатқаныма бір жылдың жүзі де боп қалыпты. Қарағым-ау, бізден баз кешсең де, балаңды қалайша қиып тастап кеттің?!

Сіздердің сайтта жарияланған кей оқиғаларды оқып, мен де қатал ене болдым ба екен деп өзімді жазғырып та алам. Ене болған соң қаттылау болғаным рас, бірақ қатыгездік көрсетпеген сияқты едім. Жасырмаймын, үйге төркіндеп келген қыздарым "Келініңізге тым жұмсақсыз ғой. Ал менің енем..." деп, уысымда ұстауды айтып кететін. Алайда мен әлі ене боп көрмеген қыздарымның айтағына еретін ақымақ емеспін. Анда-санда ұрысатыным болмаса, айқайласқан емеспіз.

Назгүл – қолдағы, яғни қарашаңырақтағы кенже келінім еді. Ұлым екеуі телефон арқылы танысып, үш ай сөйлесіп жүріп үйленген. Ешкім оларды қинап қосқан жоқ, сөздері жарасқан соң өздері келісіп бас қосты. Көрші ауылдың қызы. Ұлым үйленем дегенде, шынымды айтайын, құда-құдағи туралы сұрамадым. "Өзіңе ұнаса болды" дегенмін. Өйткені ұлым әр қызбен танысқан сайын осылай дейтін. Арада ай өткен соң "Сөзіміз жараспай қалды" дегеніне үйреніп қалғанбыз. "Мама, осы сенбі келін алып келем" дегенде де "Әкеле бер" дегенмін немқұрайлы. Бірақ бұл жолы ұлым шынымен де бір қызды алып келді. Сүп-сүйкімді, талдырмаш қыз түн ортасында есік алдында тұр. Басына орамал жаппас бұрын "Әке-шешең біле ме? Өз қалауыңмен келдің бе?" деп сұрадым. "Анам біледі" деді бәсең үнмен.

Не керек, дайындыққа кірісіп кеттік. Түнімен ағайын-туысқа хабарлап, абыр-сабыр болдық. Базар жақын, таң азанымен қажеттінің бәрін әкеп, хабаршыны да жөнелтіп үлгердік. Түскі уақытта беташарды өткізіп, кешке қуғыншыларды күтіп алдық. Қазір ақша болса, керектінің бәрі базарда самсап тұр ғой.

Шүкір, күйеуім де, мен де мектепте жұмыс істейміз, ұлдың да жалақысы бар, бір күнде жөн-жоралғымызды жасап, міндеттен құтылдық. Жасырмаймын, қалыңмалды бір туысымыздан қарызға алдық, кейін үш бөліп құтылдық.

Бәріміз таңертең жұмысқа кетіп, кешке таяу келеміз. Келін ас-ауқатын пісіріп, ыстық шайын беріп күтіп алады. Үш сиырымыз бар, оны таңертең өзім сауып, сүтін пісіріп кетем. Кешке де өзім сауам. Бірақ асүйдің тірлігін түгелдей келініме тапсырдым. Таңғы және кешкі ас дайындау, үйдің шаруасы келіннің мойнында. Тірліктен шаршадым дейтіндей де емес, бүгінде бәрі жеңілдетілген ғой. Кірді кір жуғыш мәшине жуады, жылы су бар. Төркіні жақын болған соң, жиі барып тұрады. Ұлым жуас, ішпейді. Төрт жыл ішінде екеуінің ұрысқанын да көрген емеспін.

Келіннің жоғары білімі бар, балабақшаға жұмысқа орналастырамыз дегенде өзі үйде отырғанды жөн көрді. Өте тұйық еді, ашылып ешнәрсе айта қоймайтын.

Екі жыл құрсақ көтере алмай жүрді. Кейін емделіп, жүкті болды. Өмірге балпанақтай ұл алып келді. Немерем он айлық болғанда келінім өз-өзіне қол жұмсады. Таңертең сиыр саууға қора кіргенде, оның асылып тұрғанын көрдім. Айқайлайын десем, даусым шықпайды. Жүгіріп барып күйеуімді, ұлымды ояттым. Денесі жылы, бірақ жан тапсырып үлгерген екен...

Ұлым ерте ұйықтап қалғанын, арасында ұрыс болмағанын айтты. Телефонында соңғы рет сіңлісімен сөйлескен. Таңға жуық оған "шаршадым" деп жазыпты. Неден, кімнен, не үшін шаршағанын білмейміз. Сіңлісі де білмейді.

Содан бері бір жыл өтті. Уақыт - емші, бірақ немереме ес кірген сайын анасын іздеп жүр. Анасы қайтыс болғанда үш айдай түнде жылап шығатын. Мамасының омырауын іздейтін. Бесікке салып тербетіп әрең ұйықтататынмын. Бір күні немеремнің еңбектеп жүріп әкесінің жатын бөлмесіндегі шкафты ақтарып ойнап жатқанын көрдім. Асүйдегі ыдыстарды жуып тастап, немерем не істеп жатыр екен деп іздедім. Киімдердің арасынан анасының халатын тауып алып, соны құшақтап ұйықтап қалыпты. Көріп жүрегім қарс айырылды. Оянған соң ол халатты тығып тастадым. Ертеңіне тағы да шкафты ақтарып, анасының киімін іздеп мазасызданды. Бірге қосылып жыладым. Мауқын бассыншы деп, анасының киімдерін бердім. Сол киімдердің арасында ұйықтағанды жақсы көреді.

Ұл мен келіннің үйлену тойында түскен суреті бөлмелерінде ілулі тұр. Бір жасқа толғанда бөлмесінде ілулі тұрған анасының суретіне қолын созып жылайтынды шығарды. Кішкентай болса да анасын таниды, сағынуды біледі. Кішкентай жүрегін ауыртпайық деп суретті алып тастадым. Қазір бір жарым жастан асты, көбіне әкесінің телефонымен ойнайды. Қалай тауып алатынын білмеймін, ішінен анасының суреттерін, видеоларын ашып, қарап жылайды. Қазір сол телефонды қолынан тастамайтын болған. Ұйқыдан оянса да іздейтіні сол телефон. Не істерімді білмей далмын. Көпшіліктен ақыл сұрап жазып отырмын. Анасының суреттерін өшіріп тастайын ба, әлде?"

Осылай деп ERNUR.KZ редакциясына хат жолдап, басқа түскен қайғысымен бөліскен жамбылдық Гүлсара апа мұң-шерін тыңдап, жұбататын жанашырға мұқтаж секілді. Сөзінің соңында көкейіне түйгені өзгелерге сабақ болсын деп мынадай ойын жолдаған екен.

"Қазіргі жастар болмашы қиындыққа шыдай алмай, суицид жасауға жүгіреді ғой. Соларға осы хатым ой салса екен деп жаздым. Не жағдай болса да ашып айт. Алдымен артыңда жәутеңдеп қалар балаңды ойла, жас келін. Қандай қиындық туса да балаларың үшін күресуге, жеңуге, өмір сүруге тиістісің. Өйткені ешкім оған өз анасындай бола алмайды. Ата-әжесі мен әкесі бар тәттіні аузына тосса да, бөлмесін ойыншыққа толтырса да, бала сенсіз жетімсірейді, кішкентай жүрегі сағынады, мөлдіреген көздері сені іздейді. Осыны жастар әркез есінде ұстаса екен."



ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

"Келінімнің кредиттері-ақ қартайтып бітірді" - қарыздан қажыған әйел мұңын шақты