​«Немерем деп иіскемеген еді»: шымкенттік әйел қызының тағдырына енесінің араласқанын қаламайды

0
3 630

«Бір рет маңдайынан иіскемеген, немерем деп еміренбеген адам еді, енді кімге тұрмысқа шығатынын шешіп отыр»


​«Немерем деп иіскемеген еді»: шымкенттік әйел қызының тағдырына енесінің араласқанын қаламайды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Немересіне ертегі айтпайтын әжелер мен баласын бесікке бөлемейтін келіндер бар. Мен осылардан қорқамын» деп батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, немере бақпайтын ата-енемнің пейілінен қорқам. Жасы келген сайын ақылы кіріп, мейірімі арта ма десем, керісінше боп жатыр», - дейді Фариза есімді әйел.


Оқырманымыз ата-енесінен бөлек кеткенше асығыпты. Оның себебін ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Ауылдың қарапайым қызымын. Қалаға келін боп түстім. Жігітім орыс мінезді, бірақ жүрегі қазақ деп соғатын жігіт еді. Ол қазақшаға шорқақ, мен орысшаға шорқақпын, сонда де тез тіл табысып кеттік. Бертін келе Жасұланды қазақша сайратып алдым. Қазір менен жақсы, мақалдатып тұрып сөйлейді.


Жасұланмен шаңырақ құрған алғашқы үш жылда ата-енемізбен бірге тұрдық. Өмір бойы ауылдың ақжарқын, аңқылдаған адамдарын көріп өскен маған енемнің мінезіне үйренісу оңай тимеді. Ол кісі көпшілікті жақтырмайтын. Әлі де солай. Үйге басы артық, шақырылмаған қонақ келсе қабағынан қар жауып, бөлмесінен шықпай отырып алатын.


Бір жылдан соң аяғым ауырлағанда Жасұлан қатты қуанды. Атам ұялғаннан үндемеді, ал енем «жап-жас боп туғаны несі, біраз жүре тұрсаң болмас па» деп жақтырмайтыны ашық білдірді. «Мейлі, амал жоқ енді, осыны ту да, екіншісіне асықпа!» деді. Жылап қалдым. Сонда күйеуім жұбатып, «мамам айта береді, көңіліңе алма, маған көп бала керек, туа берші» деп кешірім сұраған. Отбасылық өмірдің қиындықтарынан Жасұланның махаббаты ғана құтқарып қалды мені.


Сонымен тұңғыш қызымыз дүние есігін ашты. Ата-әжесінің де алғашқы қызығы ғой деп, бөпеміздің есімін ата-әжесінің қоюын өтіндік. «Ой, не надо, даже не знаю» деп енем тыржиыпты. Ал атасы «Алина болсын онда» деп атын қойды. Шынымды айтайын, сол Алинаны енем бір рет емірене иіскеген емес. Қырқынан шығаруға да көмектеспеді. Керісінше, «мынаның неге аузы жабылмай кетті, түнімен ұйықтай алмадым» деп жақтырмай қарайтын.


Алина қызымыз бір жасқа толғанда енем «ясли садиктер көп қой, соларға бер де, жұмысқа шық» деп отырып алды. «Қызым екі жасқа толғанша еміземін, бұл әлі кішкентай» деп ерегісіп, айтқанымнан қайтпадым. Маған сөзін өткізе алмағасын күйеуіме тиісті. «Мама, сізге не зияны бар бұлардың, бағып жатқан жоқсыз ғой» деп мамасымен ренжісіп те алды сол үшін.


Шыдамым шегіне жетейін деп жүргенде кіші қайнымыз үйленді де, Жасұлан екеуміз қуана-қуана еншімізді алып кеттік. Ойлап отырсам, бөлек кеткенімізге 18 жыл болыпты. Осы жылдар ішінде енем біздің үйге он-ақ рет келіпті. «Бәлкім мені жақтырмаған шығар» деп көп ойландым. Сөйтсем қолдағы келінім де енемізден «тойып» жүр екен. «Апа» деп балаларым алдына барса ұрысып, қуып жібереді, немерем ғой деп бір кәмпит ұстатқан емес» деп шерін тарқатып алады келінім.


Үлкен қызымызға бір жігіт көңіл білдіріп жүр. Қас қылғанда ол жігіт енеміздің бұрын жақсы араласқан подружкасының немересі екен. Алинаның сол жігітпен жүргенін естіген енем тулап шыға келді. «Ол баланың жоғары білімі жоқ, Алина оған тимейді. Мен подружкаммен құдағи болмаймын» деп шарт қойып отыр. «Мама, жастар бірін-бірі сүйіп тұр, онда тұрған не бар, құда түсіп келсе келе берсін» деп айтсам көнбейді. Бір осы немересіне еңбегі сіңіп қарағандай тағдырына араласып, екеуін суыту үшін барын салып жатыр.


Баяғыда мен келін боп түскен жылы студент қайынсіңлім әп-әдемі бір жігітпен жүретін. Сол жігіт ауылдың баласы-тұғын. «Сен ол жігітке тимейсің, ауылдың отын жағып, малына қарап жүресің сосын! Егер сол жігітке тисең мені ұмыт! Артыңнан іздеп бармаймын!» деп қызын әбден қорқытып, басын айналдырып, әлгі жігіттен ажыратып алған. Сол қайынсіңлімізді кейін танымайтын, бір-ақ рет көрген біреу алып қашты да, ақырында ажырасып келді. Қазір сонау Семейдің жігітіне екінші әйел боп тиіп кетті. Менің қызымды да солай арандатып, тағдырын талқандамақшы.


Күні кеше көптен көріспей кеткен құрбысына хабарласып, «немереңе айт, менің қызымның басын қатырмай, жайына жүрсін» депті. Оны жігіт қызыма айтқан. Алина жылап келді, «апамның есі дұрыс па, біздің өмірімізде не шаруасы бар» дейді. Енеме барып «подружкаңызбен арада не болып еді, ашып айтсаңызшы, неге екі жастың қосылуына қарсысыз» деп сұрадым. «Ештеңе болған жоқ, ол жігітке шықпайды, айттым, бітті!» деп ерегісіп отыр.

Мен алғаш рет енеме «Еңбегіңіз сіңбеген немеренің тағдырына араласпаңыз! Ертең сол жігітке шықпай, қайынсіңлім сияқты басқа біреуге барып, бағы жанбай отырса, обалын көтергім келмейді. Қызым өз тағдырын өзі шешеді!» деп ұрысып келдім.


Менікі дұрыс па, оныкі ме? Бұған дейін кішіпейіл боп, енеме қарсы сөз айтпап едім. Енді мына әңгімеден кейін жүрегім ауырып отыр. Күйеуім «жастар өзара шешсін, ешкім араласпасын!» деді. Анасының тосын әрекетін ол да түсінбей жүр...»