​«Өмірімді балаларым үшін бәйгеге тіктім»: түркістандық ана 25 жыл тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған

0
2 425

«Ағамның бір ауыз сөзі ажырасып кетуден тоқтататын»


​«Өмірімді балаларым үшін бәйгеге тіктім»: түркістандық ана 25 жыл тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Бала бақыты мен әйел бақыты таразыға түссе, сіз қайсысын таңдар едіңіз? Мен өз бақытымды тұншықтырып, балаларымның болашағын таңдадым. Істегенім дұрыс па, бұрыс па, білмеймін, тек қазір денсаулығымнан айырылып, дәріге жіпсіз байланып отырмын. Өз өмірім жайлы айтып берейінші, қанша өмірім қалғанын кім білсін, бір шер тарқатып, ақтарылғым келеді», - депті ERNUR.KZ редакциясының уатсап нөміріне хат жазған оқырман.


Кейіпкер өз аты-жөнін жазбапты, тек Түркістан облысындағы аудандардың бірінде тұратынын айтыпты. Біз ол кісінің жазбасын қаз-қалпында жариялап отырмыз.


«Ата-анадан алты бауырмыз. Үлкен ағам бар, ол ұлдарды үлкені, мен қыздардың үлкенімін. Екеуміз тете өстік. Ағам екеумізді әке-шешем еркелетіп өсірген жоқ. Маған сәл жылы қабақ танытатын, ал ағама келгенде тас-түйін болып отырып алатын. Ағам менің өте жуас, көп сөйлемейтін, ойын ашып айта алмайтын жалтақ бала болды. Бәлкім әкемнің қаталдығынан да болар. Ал одан кейінгі інімнің ішкені алдында, ішпегені артында, үйдің еркесі. Оны мойнына мінгізіп еркелететін әкем үлкен ағама келгенде қатқан қайыстай еді. Үнемі жекіп, ұрсып сөйлейтін.


Бұның сырын мен кейін білдім. Баламыз ғой, көршінің үйіндегі балалармен ойнап жүріп, ағам біреумен ерегісіп қалды. «Шешесімен еріп келген баласың» деп көршінің баласы ағамды жылатып қойды. Ызадан жарылардай болған ағам әлгі баланы бас-көз демей сабап тастады. Кейін де бұл сөз ағамның алдынан талай шықты. Аядай ғана ауылданбыз, бәріміз бір рудың адамдарымыз. Сонда ауылдың үлкендері «бұның елі бөтен, руы бөлек» деп сыртынан сыпсыңдап сөйлеп қалатын. Сөйтсем ағам анамның алғашқы некесінен екен. Ажырасып, бір баласымен кейіннен менің әкеммен бас құрапты. Әкеміз бөлек, шешеміз бір болғанымен ағам бәрімізді туғанындай тұтты.


Анам алғашқы некесі жайлы жақ ашқан емес. Сезуімше күйеуі ішіп, анамызды ұра берсе керек. Содан кеткен-ау. Бірақ әкемізбен бас құраған соң да шекесі шылқыды деп айта алмаймын. Қатты ашуы келсе көзіне ештеңе көрінбей, бәрімізді қырып-жойып алатын мінезі бар. Таяқтың ұшы ең алдымен ағама тиетін. Кінәлі болмаса да. Ержетіп есейгенше ағам не көрмеді? Мектеп бітіргенше көрген күні күн болған жоқ. «Өгейдің көрген күні күн емес екен ғой» деп жылаған бір жолы... Сосын мен алып қашудың құрбаны болып, ағам артымнан қуғыншылар келгенде «Қандай жағдай болмасын отбасыңды сақтауға тырыс, балаларыңды мен сияқты «еріп келген» деген атқа қалдырма» деп ақыл айтып еді.


Жиырмаға толар-толмас өзім сүймейтін, өмірімде бір рет те көрмеген адамның әйелі атандым. Оқимын, мұғалім болам деген арманым көкке ұшты. «Оқуын аяқтайды, өзіміз төлейміз, бәрін қатырамыз» деп уәдені үйіп-төккен ата-енем жарты жылдан соң «бізді сен асырамай-ақ қойшы, үйдің шаруасы да жетеді» деп тоқтатып тастады. Оның үстіне бірден бала көтердім де, денсаулығыммен алысып кеттім.


Баяғыда үлкендер «бәрібір оқымағанның аты оқымаған» деп айтса «неге олай дейді, жақсы адам болу үшін дипломның не қатысы бар» деп ойлаушы едім. Сөйтсем бәрібір білім алған адамның таным-түсінігі басқаша болады екен ғой. Ал менің күйеуім оқымаған, көзі де, көкірегі де соқыр адамның өзі екен. Бір сөзге келмейді, айтқан сөзді түсінуге тырыспайды, қит етсе жұдырығын ала жүгіретін алаөкпе біреу болып шықты. Біріншімді босанбай жатып таяқтың астында қалдым. «Балалы болса мінезі өзгерер, кішкене жібитін шығар» деп ойладым. Бірақ үмітім ақталмады. Одан екіншіміз келді, артынан үшіншісі...


Таяғын жеп, жүнжіп жүрсем де ажырасу туралы ой келмепті. Ылғи да ағамды ойлаушы едім. Өгей әкенің тоқпағына, елдің өсек сөзіне себеп болғаны, ызадан жылаған кездері көз алдыма келетін. «Балаларыңды жетім етпе, отбасыңды сақта» дегені тағы бар. «Құрысын, ит те болса өз әкелері ғой, өз руымен болсын» деп ойладым. Өз қара басымды ойлағанда баяғыда-ақ ажырасып кетер едім. Мені балаларымның болашағы түсаулады. Солардың бақыты үшін таяққа да төздім, барды да көрдім, жоққа да шыдадым.


Күйеуімді алдап-сулап «балалар біздің ұрысқанымызды көрмесінші, тату тұрайықшы» деп талай мәрте өзімше «тәрбиелеп» көрмек те болдым. Одан еш нәтиже шықпады. Әкелері сабап жатқанда үш балам үш жағымнан шырылдап араша түседі. Бірақ оған қарайтын күйеу жоқ, шынашақтай балаларын итеріп тастап сабауын жалғастыра береді. Осылай 25 жылым өтті...


Қазір енді ұлдарым ержетті. Алды былтыр үйленіп, келіншек әкелген. Жақсы жермен құда болдық. Келінімнің мінезінде де, тірлігінде де мін жоқ. Сол келін келгелі менің өміріме де жарық сәуле түскендей. Күйеуім ұруын доғарды. Қатты ашуланса айтарға сөз таппай, тұтығып, үйден шығып кетеді. Келіннен ұялатын шығар. Балаларымның да жүзіне қуаныш ұялады. Емін-еркін, күліп-ойнап шай ішетін күнге де жеттік, шүкір. Бірақ менің денсаулығым бұрынғыдай емес. Екі күннің бірінде ауырып қалам. Қан қысымы, қант диабеті деген нәрсе бойымды билеп алған. Тек дәрі ішіп, өз-өзімді сақтап отырамын.


Құдай маған сарқылмайтын сабыр мен таусылмайтын төзім беріп қойған екен деп ойлаймын. Әйтпесе не көрмедім. «Өліп қалатын шығармын, осымен бәрі бітті ғой» деп тілімді кәлимаға келтіріп талып қалған шақтарымды ойласам денем түршігіп кетеді.


Мен өз бақытымнан гөрі балаларымның болашағын таңдадым. Өмірімді қатерге тіксем де, әйел бақытын сезіне алмасам да балаларым тірі жетім болмады, өз елінде, өз жұртында өсті. Ал сіз менің орнымда болсаңын қандай таңдау жасар едіңіз?..»