"Шешемнің тіпті "тоқал" деген де аты жоқ" - ер жігіт жанайқайын жеткізді

0
321

«Қазақта «тексіз» деген сөз жаман, шыққан жері, тегін білмейтін адамға қалай қызымды беремін?» деп ауыр сөйлеген кезі де болды"


Сурет: t.vietgiaitri.com

"Болашақ жарыма ұсыныс жасап, тезірек үйленгім келеді. Бірақ бір қиындық бар. Біздің отбасылық жағдайымызды, әке-шешем жайлы естіген кез келген адам ойланып қалары сөзсіз. Жұрт қатарлы әке-шешемді құдаларының алдына ертіп бара алмайтыным өкінішті. Ата-анам жоқ жетім жігіт емеспін, ол кісілер бар. Бірақ, екі бөлек" - ERNUR.KZ редакциясына жазылған хаттар арасында Дастан атты жігіттің жайы елең еткізді.

"Әкем өте бай-қуатты кісі. Заңды некедегі әйелі, екі ұлы мен екі қызы бар. Ал мен - некесіз туған ұлымын.

Анам екеуі бір-бірін ұнатып, жасырын кездесіп жүріпті. Алайда әкемнің әйелімен ажырасатын ойы болмаған сыңайлы.
Біраз уақыттан кейін дүниеге мен келдім. Бірақ ол әлі күнге дейін әйелін тастаған жоқ. Қазір бір қалада тұрамыз. Әкемнің отбасы жайлы бәрін білемін. Әйелі қайда жұмыс істейтіні, балаларының қайда оқитыны. Ал олар біз жайлы білмейді. Мұны жұрттан жасырын ұстаймыз.

Бұлай өмір сүрудің қаншалықты қиын екенін екінің бірі түсіне бермес. Ұры секілді қуыстанып, жасырынып өмір сүру – бетіңде бір шіркеу тұрғанмен бірдей.
Материалдық жағдайымыз жақсы. Әкем қаржылай көмектесіп, сыйлық сыйлап тұрады. Алайда достарыма ол жайлы ештеңе айта алмаймын.

Алдында бір қызға ғашық болдым. Ол да мені ұнатты. Сосын оған әке-шешемнің жайын ашып айттым. Осыны білген соң қыздың ата-анасы қарсылық білдірді. «Қазақта «тексіз» деген сөз жаман, шыққан жері, тегін білмейтін адамға қалай қызымды беремін?» деп ауыр сөйлеген кезі де болды. Оларды жазғырмаймын. Бәлкім қазақ үшін осылардың барлығы маңызды болар.

Содан бері танысқан, үйленгім келген қыздардың, шын доспыз деп жүрген жігіттердің ешбіріне әкем жайлы шындықты айта алмаймын. Намыстану ма, қорқу ма, әйтеуір бір кедергі бар. Өйткені мен – тексіз ұлмын. Тіпті, «тоқал» деген статусы да жоқ анамның. Көңілдестен туған баламын десек дұрысырақ шығар. Ащы болса да, шындық солай.

Қазір есейдім ғой, анамды кешіруге тырысқаныммен, ішімде бір қыжыл бар. Ал әкемді мүлдем түсіне алмаймын. Анама кейде таң қаламын. Өте сұлу әйел. Неге отбасы бар адамның айтқанына көніп, айдауына жүрді екен? Өмірге мені әкелерде де ойланбаған шығар.

Әкем ше, әйелі мен балаларына сатқындық жасаған адам. Бірақ ешқашан мен жайлы айтуға батылы жетпеген ер-азамат.

Қазіргі кезде тұрмысқа шықпай, жасы да өтіп бара жатқан қыздардың «өзім үшін» деп бала табуына қарсымын. Бала сізге бақыт сыйлайтын шығар, бірақ оның болашақтағы жайын ойлаңыз. Ертең өскенде мен секілді кеудесі қуыс болып, өмірдің кедергілеріне тап болғанда сынып кетпес үшін."