"Таңдап жүріп тазға жолығу деген осы ма?" - жас келіннің жан сырын ақтарды

0
424

"Күйеуімнің мінезі жақсы, түсінігі керемет. Тек реңі ұсқынсыз. Еш жігітті менсінбей кергіп жүргенімде «таңдағаным таз болды» демекші, ішім удай ашиды"


Сурет: resizer.mail.ru

"Көпшілікке айтуға батпайтын сырым бар, сонда да батылдығымды жинап, осында ақтарып отырмын" - осылай деп ERNUR.KZ редакциясының әлеуметтік желідегі парақшасына Әсел есімді оқырман хат жазды.


"Өзімді мақтағаным емес, шынында да ақылына көркі сай сұлу бойжеткенмін. Қарапайым ауылдың қызы болсам да, арманым көп еді. Тұрмыс құруға асықпадым. Жоғары білім алып, ары қарай сол таңдаған мамандығым бойынша карьера қусам деген арманым болған. Өзім қалаған оқу орнына түстім, студенттік керемет шақтарды бастан кешірдім. Махаббат сезімін білдіріп, жүрегін ұсынған қаншама жігіттер болды. Солардың бірін де менсінбей кердеңдеп жүруші едім.

Өйткені, өзімді оларға лайық санамадым. Ешқандай жігітпен жүрмедім. Сол кездері «жігітім жоқ» десем, қыздардың өзі «Сен секілді қызды көрмей жүрген жігіттердің көзі жоқ па? Егер мен жігіт болсам, сені уысымнан шығарып алмаушы едім. Тіпті алып қашып кетсем де үйленіп алар едім» деп әзілдейтін.

Сөйтіп жүргенімде мені алып қашып кетті. Кім екенін де білмеймін. Мен өмірімде көрмеген жігіт. "Кетем" деп отырып алдым. Іштей қорықсам да, жылаған жоқпын. Сазарып, «Соттатамын, маған ешқайсысың жақындамаңдар! Жерге түскен бір тал шашым үшін жауап бересіңдер» деп барынша өзімді салқынқанды ұстауға тырыстым.

Содан көнбеген соң, бір бөлмеге қамап тастады. Сонша уақыт бойы тамағыма кептеліп тұрған көз жасы осы сәтте ытқып шыға келсін. Өкіріп тұрып жыладым. Қараңғы бөлмеде жылап отыр едім, біреу кірді де, жаныма отырды. Мені алып қашқан жігіт, болашақ күйеуім екен. "Біткен жерім осы" деп дірілдеп кеттім. Сөйтсем, жігіттің жүрегі жұмсақ, мейірімді екен, менімен қосыла жыласын.

«Сенің алдыңда айыптымын. Мен қателік жасадым. Бірақ, күшпен қалдыратын ниетім жоқ. Айыбымды түсіндім, соттатамын десең - өз еркің. Ер жігітпін, қолыммен жасағанды мойныммен көтеруге әзірмін. Бірақ ойланшы, мені соттатқанда сен не табасың? Өзімді емес, кәрі шешемді аяп отырмын. Мен үшін жылайды, ал сен қарт адамды жылатып бақытты бола алатыныңа көзің жете ме? Менің ниетім түзу еді, үйленіп, анамды қуантсам деген. Сенімен алдыңа тікелей барып танысуға батпадым. Бірақ сен ойлағандай жаман жігіт емеспін. Егер келіссең, сені бақытты ету үшін барымды саламын, уәде беремін» деп біраз сөздер айтты. Сөзіне қарасам, ақылды жігіт секілді. Жамандық жасау қолынан келмейді деп ойладым. Жігітпен таң атқанша сөйлестік.

"Қазір қайтып барғанда әке-шешемнің абыройын төгіп, жүзін төмен салып қоямын ғой" деп ойладым. Солай, қалуға келістім.

Ертеңіне жарықта көрсем, түрі біртүрлі. Көзі сықи, мұрны үлкен, сап-сары. Өзегіме өрт түскендей болды. Бірақ артқа қайтар жол жоқ, жылай-жылай қалдым.

Той, құдалық бəрі өтіп, мені медбике етіп жұмысқа орналастырды. Ата-енемнің бұдан алдыңғы балалары тұрақтамай, кеш көрген жалғыз ұлдары екен. Өте тамаша жандар. Күйеуімнің мінезі жақсы, түсінігі керемет. Тек реңі ұсқынсыз. Мен өте көрікті, сұлумын. Еш жігітті менсінбей кергіп жүргенімде «таңдағаным таз болды» демекші, ішім удай ашиды.

Қазір алты ай болды, содан бері жылаумен өтті күндерім. Түріне қараймын да, жанына жолағым келмейді. Ары қарай оны жақсы көріп, сүйіп кетуім мүмкін бе? Қайдам..."