​«Түк көрмеген, ашқарақ атандық»: сарыағаштық әйел қайынсіңлісінің басынан өткен жағдайды айтып берді

0
1 283

«Көзімен жер шұқып сөйлейтін жігіттерден аулақ жүру керек»


​«Түк көрмеген, ашқарақ атандық»: сарыағаштық әйел қайынсіңлісінің басынан өткен жағдайды айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жібекті түте алмаған жүн етеді, келінді күте алмаған күң етеді» демекші, келіннің барған жеріне сіңісіп, сол әулеттің бір мүшесіне айналып кетуі үшін барған жері жақсы болуы тиіс. Барлық нәрсе күйеуге, ата-енеге байланысты. Құдайын ұмытқан біреу болмаса, ешбір қыз тұрмысқа шығарда «мен осы әулетті басқарып кетейін, біраз уақыттан соң ажырасып кетем» деп бармайды. Соны кейбір енелер түсінбейді ғой, әттең», - дейді ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Дариға есімді әйел.


Қыз ұзатып, келін алған ақ жаулықты ана осыдан біраз жыл бұрын болған оқиғаны тілшімізге әңгімелеп берді.


«Баяғыда атам марқұм мені еркелетіп отырып «Қызым, уақыт-сәтің келіп жігіттер көңілін білдіре бастайды. Сонда жерге қарап жүрген жігіттен аулақ бол. Жігіт деген көзіңе тіке қарап сөйлеуі тиіс. Мұрнының астынан міңгірлеп сөйлегендер де күйеу болып жарытпайды» деп айтушы еді. «Жерге қарап жүрмей, ол жігіт қайда қарайды» деп түсінбей, сырын сұрауға ұялып, үндемей қоя салушы едім. Атамның ақылын жасымыз келе түсіндік қой.


Обалы не керек, жақсы жігітті жолықтырдым. Өсіп-өнген, көпбалалы әулетке келін боп бардым. Үш ұлдың үлкенімен бас құраған соң енем марқұм үнемі мені өзіне жақын тартып, «ізбасарым» деп мақтауымды асырып отырушы еді. Жатқан жері жайлы болсын, ене туралы айтар болсам таңды таңға ұрып жырлар едім. Бірақ қазір әңгіме ол кісі жайлы болмай тұр.


Үйіміздің ең кенжесі, үкілеп, әлпештеп өсірген кенже қайынсіңлімді өз қызымдай жақсы көрдім. Мен келін боп түскенде алтыншы сыныпта оқитын кішкентай қыз еді. Көз алдымызда бойжетті. Мектепті үздік бітіріп, университетке өз күшімен түсті. Оны да қызыл дипломмен аяқтап, ата-енеміз мектепке мұғалім етіп орналатырып қойды.


Жеңге болғасын кейде сыр тартып, «сөз салып, көз салып жүрген жігіт бар ма» деп сұрайтынмын. «Бір жігіт бар, бірақ Түркістанның арғы жағындағы ауылдың баласы. Оны мамам жақтырмай отыр, «ауылға барсаң ауылда қалып қоясың, бізге жақындау жерден тапсайшы, ол түкпірге кім барады» деп мені айнытты. Одан басқа ұнайтын ешкім жоқ. Бір бұйырғаны болар, жеңеше» деп айтқан, бір жолы.


Бір күні сол қайынсіңлімді бір жігіт алып қашып кетіпті. «Ботагөздің атынан үйге хабаршылар келді, тез жетіңдер» деп енем жылап хабарласқан соң, бар тірлікті тастап ауылға аттандық. Барсақ үйде екі кісі отыр. «Біздің бала мен сіздердің қыздарыңыз танысып, білісіп, үйленуге шешім қабылдаған екен, ақ баталарыңызды беріңіздер» деп өз жөндерін айтты. Енем қайынсіңліме «Түркістаныңа кім барады, жердің түбі» деп жүрген еді, енді мынауы сонау Созақтың қақ төріне, Шолаққорғанға бір-ақ барыпты. Оны естіденде енем есінен тана жаздады. «Бұлай болуы мүмкін емес, оны басып алып қашқан. Танымайтын адаммен тұра алмайды менің қызым» деп тулап, хабаршыларды кері қайтарып жіберді.


Олар кеткен соң енем мені шақырып алды да, «Дереу арттарынан қуып барыңдар. Боташым ештеңеден ұялмасын, егер ол жігітті танымай-білмей барса, сендермен ілесіп қайтсын. Өзің жақсылап сөйлес, сыр тартып сұра» деп тапсырды. Сонымен төрт адам боп апыл-ғұпыл жолға шығып кеттік.


Сарыағаш пен Созақтың арасы әжептеуір алыс қой. Шілденің күйіп тұрған күнінен қаталап әрең жеттік. Барсақ құдалар жағы беташарды өткізіп, Ботагөздің басына орамал салып, шымылдықтың ішіне отырғызып қойыпты. Тіке бөлмесіне басып кіріп, өзімен сөйлестік. Алғашқы сұрағым «Мына жігітті танисың ба, өз еркіңмен келдің бе?» болды.


Әңгімесінен түсінгенім, екеуі біраз уақыт уатсаппен сөйлесіпті. Жігіт «Шымкентте тұрам» деп айтқан. Қызылорда жақта вахталық әдіспен жұмыс істейді екен, «келгенде кездесейік» деп ұсыныс тастаған. Сөйтіп алғашқы кездескен күні қызымызды алып қашыпты. «Жеңге, бұйырғаны осы шығар, босаға аттап, басыма орамал салынып қойды. Енді осы жерде қалам» деп қамығып қалды. «Ешкімнің сөзін елеме, ұнатпай тұрсаң қазір-ақ алып кетеміз» деп қайта-қайта айттым, бірақ қайынсіңлім өз сөзінде қалды.


Жолдан арып-аршып, шаршап, шөлдеп барғанбыз, бір уақта көңіл жайланып, дастарханға жайғастық. Құдалар жағы кіріп, өздерін таныстырып, біздің жағдайымызды сұрады да, біз қазір ас-ауқаттың қамын жасап келейік деп шығып кетті. Жанымызға бір ата мен апаны отырғызып қойған. Олар да сөзге жоқ екен, бетімізге тесіле қарап отырды да қойды. Үй егелері келер деп жарты сағаттай күттік. Болмаған соң асқа лап бердік. Қайтеміз енді, қарнымыз ашып кеткен. Үлкен жездеміз еріп барған еді, «мыналарды күтсек аш қалармыз, өз әрекетімізді жасай берейік» деп бастады. Жасап қойған тамақты жеп, ішке «ел қонып» болды, ал құдалар сол күйі келмейді. Бір уақта әлгі жездеміз ашуланайын деді, маған қарап «Дариға, бар, құдаларды шақырып келші, қолдары тимей жатса біз қайта берейік, қызық па деймін» деп мені жұмсады.


Не керек, сол құдалар дастархан басына екі-ақ рет келді-ау, бізді менсінбегені ме, әлде ұялғаны ма, түсіне алмадық. Өзімізді өзіміз күтіп, билеп, берген мата-шүтелерін алып елімізге қайттық. Көңілім біртүрлі болды. Қонақ күтуді білмейтін адамдардың қолына гүлдей қызымызды тастап кетіп бара жатқаныма ішім ашыды. Күйеу баланың да түрі, сөйлеген сөзі ұнамаған. Атам айтпақшы көзімен жер шұқып сөйлеп еді. Сөйтсем көңілім бірдеңені сезген екен.


Біз кеткен соң құдағи қайынсіңліме «Төркінің түк көрмеген екен, біз ішке кіріп, отырысты бастаймыз деп жүргенде жеп, ішіп, дастарханды тып-типыл етті» деп әңгіме айтыпты. Оны біздің қыз айтпай, ішіне сақтап жүрген ғой. Бірақ айналасы бір жылдың ішінде енесі мен күйеуі күн бермей, күйеу жігіт қайта-қайта қол көтеріп, ауруханаға түскен кезде бір-ақ білдік. Марқұм енем ауруханадан шыққан соң тіке үйге алып келді. Жабылып жүріп емдетіп, көңілін аулап, қайтадан қатарға қостық. Қазір жақсы жігітке тұрмысқа шыққан, үш баланың анасы боп отыр.


Айтайын дегенім, кейде ене деген өз айыбын білмей, бар кінәні келінге жаба салады. Әлгі құдағи әп-әдемі қызымыздың қадірін білмеді. Егер сіздің өміріңізде қадіріңізді білмейтін, сізді үнемі «екінші сорт» еткісі келетін жандар болса, онда уақытты босқа шығыдамай ондайлардан іргені аулақ салу керек екен».