«Әжемнің көңіліне қаяу түсіргім келмейді»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Қазақта әкесіз жетім – құр жетім, шешесіз жетім – тұл жетім» деген сөз бар. Бала үшін әкенің де, ананың да орны ерекше. Екеуі бірдей қасыңда болса, бала үшін одан асқан бақыт жоқ. Бірақ мұндай бақыт кей балаға бұйырмайды.
ERNUR.KZ сайтына Ақтау қаласынан хабарласқан Нұрбибі есімді оқырманымыз да есін білгелі әке-шешесін көрмеген екен. Ата-әжесінің тәрбиесінде болған. Әкесі мен анасы қайда? Оны бізге Нұрбибінің өзі айтып берді.
«Біз аудандағы ең үлгілі отбасылардың бірі болғанбыз. Атам мен әжем елге сыйлы, кезінде колхоз басқарған, бардамды адамдар еді. Үш ұл тауып, тәрбиелеп, бәрін жоғары білімді еткен. Ең үлкені – біздің әкеміз болған. «Жұмабайымыз дәрігер болады» деп бар тапқан-таянғанын әкемнің оқуына жұмсап, жоғары білім әперген екен. Әкем студенттік шақта анамызбен танысып, оқуын бітірген жылы екеуі үйленіпті.
Балалық шағым есімде жақсы сақталып қалған. Анам мен әкем жұмыс істейтін, әкем тіс дәрігері, анам терапевт болды. Ал бізді әжем қарап, сол кісі өсірді. Демалыс күндері әкем қалаға апарып, әбден қыдыртатын. Әкемнің ашық-жарқын мінезі, күлгені, бізді мойнына отырғызып, мектепке апарғаны, бәрі көз алдымда қалып кеткен. Сол кезде менен бақытты адам жоқ еді.
Бір күні ата-анамның бөлмесінен ащы дауыс шықты. Әжем айқайлап жылап, анамды төмпештей бастады. Атам дереу жедел жәрдем шақырып, көршілер жүгіріп келіп, үйдің іші азан-қазан болды. Бала болсам да бір жамандықтың болғанын сезгендей інім мен сіңлімді алып, көрші тұратын ағамның үйіне барып тығылғанмын. Сол үйдегі жеңгемнен естігенім, анам әкемді пышақтап тастапты.
Осылайша біздің бақытты күндеріміз көзімізден бал-бұл ұшты. Әкем жатқан жерінде тіл тартпай мерт болды. Ал анам күйеуін өлтірді деген айыппен түрмеге қамалып, отыз жыл арқалап кете барды. Және оны аналық құқығынан айырып тастады.
Есейе келе әжемнен сол күнгі оқиғаның қалай болғанын қоймай сұрап алдым. Сөйтсем екі күн достарымен қыдырып кеткен әкемді анам қызғанып, араларында дау-жанжал туындаған, соңы төбелеске ұласқан. Көзі қарайған анам әкеме жеті жерден пышақ сұғыпты.
Осы оқиғадан кейін ауыл адамдарының бәрі бізге аянышпен қарайтындай көрінді. Елдің бәрі «күйеуін пышақтап тастаған дәрігердің балалары ғой» деп сыртымыздан сөз ететін. Осы жағдай менің анама деген аяушылық сезімімді мүлдем жойып жіберді. Анама деген өкпе-ренішім менімен бірге өсе берді.
Аллаға шүкір, ата-әжеміз бізді ешкімнен кем қылған жоқ. Бар жағдайымызды жасап, біздің жақсы азамат болып өсуімізге зор үлес қосты. Қазір мен тұрмыстамын, інім де үйленген. Ол ата-анамыздың жолын қуып, дәрігерлікті таңдады. Сіңлім жоғары оқу орнында оқиды.
Таяуда анамыз бостандыққа шығыпты деп естідім. Оны маған әжем айтты. «Шешелерің шығыпты. Бірінші кезекте сендерді іздеп, өздеріңмен араласқысы келетіні анық. Дегенмен менің оған деген өкпе-налам әлі тарқаған жоқ. Баламды қыршын қиған адамды екі дүниеде де кешірмеймін. Сондықтан сендердің де онымен араласқандарыңды қаламаймын. Әгәрәки сыртымнан кездесіп, араласар болсаңдар, онда бізді де ұмыта салыңдар» деп кесіп айтты.
Айтқандай-ақ анам алдымен мені іздеп келді. Қаншама жыл көрмеген адамның «Мен сенің шешеңмін» деп келгені тосын жағдай болды. Алдымда анам емес бөтен біреу тұрғандай күй кештім. Ол кісіге деген мейірімім жоқ екен. Тек түрмеде көрген қорлықтарын айтып бергенде аяп кеттім.
«Жас болдық, қызғаныштың қызыл итіне еріп, орны толмас қателік жасадым. Әкелерің өзге әйелмен байланысып, қарым-қатынасымыз суи бастаған кез еді. Екі күн үн-түнсіз жоқ болып кеткеніне ішім ашып, екеуміз қатты ұрысып қалдық. Бірақ оны өлтіру менің ойымда болған жоқ. Тек қол көтергенде қорғану үшін пышақ алып едім. Соңғы жағын білмеймін, шайтан азғырды ғой» деп еңіреп жылады. Түрмеде де көрмеген қорлығы қалмапты. Рақымшылыққа ілінер тұста жанындағы адамдардың зұлымдығынан қайта жазаға ілініп, мерзімін толық өтеп шыққан. Қант диабетіне шалдығыпты. «Қанша күн өмір сүрерім белгісіз, қалған өмірімді өздеріңді көріп, араласып өткізгім келеді» деп ағынан жарылды. Түрмеде киім тігіп үйреніпті. Қазір біреудің шеберханасына жұмысқа орналасыпты. Сол жердегі бір қызбен пәтер жалдап тұрып жатыр екен.
Інім мен сіңлім «бізге ондай ана керек емес» деп азар да безер болып отыр. Ал мен жасым келе әрі тұрмыс құрған соң анамның сол кездегі жай-күйін ептеп түсініп келе жатқандаймын. Анамның кезінде қандай мейірімді адам болғанын ұмытпағанмын. Әкемнен бір айырылдым, енді тірі жүрген анаммен араласпай кетсем, өзімді кешіре алмайтын сияқтымын. Бірақ, әжемнің әлгі сөзінен аттап кете алмай, екі оттың ортасында қалғандаймын. Мұндай жағдайда не істеген дұрыс?"