"Тек қана күйеуіме әйел боламын, басқалардың жұмысын жасауға міндетті емеспін деген ойда болғанмын."
Сурет: i.pinimg.com
"Күйеуіммен жараспай, ажырасып, төркініме қайта келдім. Не айтатыны бар, күйеуім әдеттегідей ұрып-соғатын. Тұрмыстағы түрлі мәселеге, ақшаға бола ұрсысатынбыз. Ондайда күйеуім жұдырығын ала жүгіретін. Арасында демалып алып, бірнеше сағат бойы сабаған кезі де болды. Қылқындырып, үйге қамап кететін. Бірде басымды жарып қойды. Соған шыдамай, төркінге келген бетім" - ақтөбелік Айғаным ERNUR.KZ тілшісіне өткендегі қатесі үшін бармақ тістеп жүргенін айтты.
"Негізі ата-анам бетімнен қақпай, еркелетіп-ақ өсірген. Соның кесірінен көп таяқ жедім. Ата-анам кешіреді ғой, бірақ қоғам менің еркелігімді қабылдай алмады.
Тұрмысқа шыққан кезімде күйеуіме де дәл солай еркелеп, қалағанымды орындатамын деп ойлағанмын. Ата-енем мен қайнағам, абысыным, оның төрт баласы бар – үлкен отбасына келін болып түстім. Келіндік міндетті атқару дегеннің не екенін білсем де, оны толыққанды орындамадым.
Шынымды айтсам, қолымнан көп нәрсе келмейді. Үй шаруасына қырым жоқ. Ал абысыным мені жұмсағысы келеді. Өзі төрт баласына қарап, ата-ененің жағдайын жасап, барлығына зыр жүгіріп жүреді. Өзінен кейін келін келген соң, "жұмсаймын, тірлігім жеңілдейді" деп қуанған болар. Ал мен тек қана күйеуіме әйел боламын, ал басқалардың жұмысын жасауға міндетті емеспін деген ойда болғанмын.
Ата-енем жас келін ретінде мені түсінгісі келіп, қорғаштап, аса артық жауапкершілік артпайтын. Бірақ абысыным мен оның сөзіне ерген қайнаған тыныштық бермеді. Оның тілі ащы, менің де мінезім керемет емес, сөз қайтарамын. Содан екеуміз жиі сөзге келіп, ұрысып қалатынбыз. Отбасымызда берекесіздік орнады осының кесірінен.
Әрине, өз қатемді білемін. Бірақ еркелігім, қырсықтығым, ақымақтығым бір басыма жетіп артылады. Ондай келінді кім жақтырсын? Соңында ата-енем де маған жақтаспайтын болды. Күйеуім алғашында қаттырақ сөйлеп, ұрысып, кейін қол көтеруге дейін жетті.
Ата-енем бұларды бөлек шығарып, тынышталармыз деп ойлаған шығар, бізге еншімізді беріп шығарып салды. Бірақ күйеуім екеуміздің арамыз жақсарып кеткен жоқ. Сонда да өзімнен қате іздемедім, ылғи да өзімдікі дұрыс деп шешетін едім. Оған көнгісі келмеген күйеуім де қит етсе ұрып-соғуды әдет қып алды. Таяғына төзіп жүре берсем, бір күні майып боларымды түсініп, қашып кеттім.
Енді қазір ойланып отырсам, көп қателік өзімнен кетіпті. бар себеп - еркелігім. еркеліктің кейде есерлікке, ессіздікке ұласуы. Қыз бала әке-шеше, аға-бауырларының қасында қанша еркелесе де, отбасын құрған соң естілікпен жалғаспаса, қиын екен."