"Екі енемен тұрамын": жас келін қиындықты қалай жеңіп жүргенін айтты

0
359

"Кей құрбыларым «Екі енемен қалай тұрып жатырсың, қиын шығар?» деп сұрайды..."


"Мен үлкен әулеттің ең кіші, жас келінімін. Өте үлкен отбасыға келін болып бара жатқанымды білдім, бірақ махаббат барлығын жеңді. Көзімді жұмып, тәуекел етіп, күйеуімнің етегінен ұстап, оған сеніп келдім. Бірақ бұрын-соңды мұндай үлкен отбасын көрмегенмін, сондықтан қиналдым" деп ERNUR.KZ тілшісіне өз жайын баяндады түркістандық жас келін.


"Келін болып түскен отбасымда қазір үш әйелміз, яғни үлкен енем, өз енем және мен. Қалғанының барлығы сақырлаған еркектер. Әрине «Кісі есігі – тоң есік» дегендей, бөтен босағаға сіңіп кету оңай шаруа емес. Қазір бір баланың анасымын. Үйдегі шаруаларға бала қосылған соң, тіпті жүнжіп кеттім.

Алғашқы кездерде "ақымақтық жасадым-ау" деп өкіндім. Себебі өмірі көрмеген, білмеген ортаға келіп сіңіп кету қиын болды. Етегінен ұстап келген жолдасымнан басқаны біртүрлі көріп жүрдім. Бірақ, енелерім өз қыздарындай көріп, бауырына тарта білді.

Өз енем жасы қырық бестен енді асқан, байсалдылықпен ақылын айтып, білмегенімді үйретіп, істей алмай жатқан істерімді қолымнан алып, «мен көрсетейін, былай істе, асықпа, әлі-ақ үйреніп кетесің» деп отырады.

Рас, кейбір қателігіңе өз анаң да ренжиді ғой. Кейде түрлі себептермен ренжіп жатсам анамды еске аламын да, кешіріммен қарап, өкпемді тез жаза саламын да, «апа» деп қайтадан сөйлеп жүре беремін.

Ал үлкен енем, яғни әжеміз – жасы сексеннен асып қалған кісі. Құрсағынан тараған жеті баланы өсіріп, солардың ортасында бақыттымын деп жүрген жан. Менің атам кенже ұлы екен, қарашаңыраққа ие болып қалған. Әжем бұрын қызмет істеген, сауатты кісі. Өзі 5 келін түсірген, қазір екі немере келін қосылдық.

Әрдайым бізге ақылын айтып, «қарағым, шырағым» деп отырады. Бір қайынсіңілім бар. Сабағынан бос уақытта бір жағымда жүреді. Мен бірнәрсе пісіріп жатсам, шайды дайындайды, кір жусам, оны жаяды. Әжем қайынсіңлім екеумізді бірдей көреді. Біз де «қайынсіңілі-жеңге» болып ренжісіп көрген емеспіз, бір-бірімізге кешіріммен қараймыз. Әжем айтып отырады: «Бір үйде, бір отбасында екі әйел болса, оның біреуі кешірімді болса, ол үйдің берекесі арта түседі, ынтымағы мықты болады» деп.

Кей құрбыларым «Қалай екі енемен тұрып жатырсың, қиын шығар?» деп сұрайды. Ал мен «Қайта жақсы, біреуі баламды тербетсе, біреуі үй жұмысына көмектеседі» деп айтамын. Мен енелерімнің барына ризамын.

Келін өзінің жолымен жүріп, ол кісілерді анасындай көрсе, түсінбейтін ана жоқ. Келіндер келешекте өзі де ене болатынын, ал ене бұрын өзінің де келін болғанын ойлау керек қой. «Жақсы үйге түскен келін – келін, жаман үйге түскен келін – келсап» деген мақалды да әрбір ата-ене ұмытпау керек- ау деймін. Келіннің жақсы болуы анасына байланысты. Келін деген төркініне сөз тасымау керек, сол үйге мүше болып келген соң сол отбасының абыройын, намысын қорғау керек. Сол кезде ғана жекжат, яғни құда-құдағилар тату болады. «Ендігі ата-анаң солар, жақсысын асыр, жаманын жасыр» деп әрбір ана айтып отыруы керек."