"Анам екеуміз әйелімді құрбандыққа итермеледік"
Сурет: upjohn.org
"Әйелімнің соңғы түскен видеосын көріп отырмын. Көзімнен аққан жасты қайта-қайта сүртіп жылап жатырмын. Соңғы кезде түнде бесікте жатқан ұлым оянып кетпесін деп, даусымды шығармай, іштей егілетін болғанмын" деді іштегі шері мен мұңын көзіне жас алып отырып жеткізген жігіт ағасы.
Ол ERNUR.KZ оқырмандарын өмірлік жарларын бағалауға, жанында болған кезінде қадірін білуге шақырады.
"Әйелім қайтқалы түнімен балама өзім қараймын. Ал күндіз шешем, қыздарым қарайды.
Күнімен жұмыстамын. Түнгі ұйқыдан қалу қиын. Оның үстіне балаларымның болашағына алаңдаймын. Бүкіл жауапкершілік жалғыз өзімнің иығыма жүктелгенін ойлағанда шаршап кетем. Құдай өмір сүру жеңілдеу болсын деп жұп-жұбымен жаратқан екен ғой. Осыны ұқтым.
Өз-өзіме "Ұл керек деп қоймап едің. Міне, ұл. Енді бақыттысың ба?" деп қоям. Шындығында мен үшін ұл мен қыздың айырмашылығы жоқ екенін енді түсіндім.
Тек айналамдағы адамдардың "Ұлың жоқ па?" деген сөзінен қорыққан екенмін. Аға-інілерімнің, ағайынның ұлдарын мақтаныш етіп айтқанда, өзімді бақытсыз санағаным да бекер екен. Бақытсыздықты бастан қазір кешіріп жатырмын.
Ұлың жоқ, бұл – трагедия ма? Жоқ! Трагедия бұл – ұлыңның анасының болмауы. Перзенттеріңнің әркімге жәутеңдеп, ана махаббатын іздеуі. Бөтен әйелдің балаларыңа өз анасындай бола алмайтынын ойлап, ер-азаматтың іштей егілуі, міне осылар – нағыз трагедия. Сүйіп қосылған адамыңнан орта жолда айырылу – бақытсыздық.
Ал біз қайттік? Анам екеуміз әйелімді құрбандыққа итермеледік. Дәрігерлер белгілі себептерге байланысты жүктілікке тыйым салса да, анам "Ұлыма ұл керек. Дәрігерлер айта береді" деп қоймады. Ал мен "Мама, сіздің ұлдарыңыз бар. Ұл немерелеріңіз де жоқ емес. Ал маған ұл керек пе, жоқ па, бұны өзіміз шешеміз" деп айта алмадым.
Өмірімнен кемшілік іздегендерге де "Ұлым бар ма, жоқ па, сенің өміріңе, бақытыңа түк қатысы жоқ қой" деп айта алмағаныма да өкінем.
Ешкімнің ештеңесі кеткен жоқ. “Жұрт не дейді?”, “Атұстар керек” деп, енді өзім әйелсіз, балаларым анасыз қалды. Қиналып жатқан тек өзіміз ғана. Сондықтан да жаралы жеріңді тырнағысы келгендердің сөзін елеудің қажеті жоқ.
Әрине, ұлың да, қызың да болғаны жақсы ғой, бірақ еркек әйелімен, перзент анасымен бақытты болады екен. Осыны естен шығармайықшы. "