«Екеуіне дер кезінде ақыл айтып, жөнге салмаған мамама да ренжулімін»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Еркекте ес жоқ, нәпсісіне ие болуы қиын» деп жатады ғой. Бірақ Құдай сана бермесе әйелдің де ақылы келте болады екен. Айтайын дегенім, ағам мен жеңгем жайлы. Екеуі де ақымақтық жасап, балалардың обалына қалды» дейді Әлия есімді бойжеткен.
Оқырманымыз бауырларының тірі жетім қалғанына алаңдаулы. Оларға қазір әкесі де, шешесі де қарамай қойғанын Әлия ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.
«Анам жастайынан жесір қалып, екі ағам мен мені жалғыз өзі жетілдірді. Аллаға шүкір, ештеңеден таршылық көрмедік. Жақсы өмір сүрдік, жақсы жерде білім алдық. Әсіресе анам екі ағама ерекше қарайтын, «ертең өскенде осы екеуі мені бағады, шет елдерге қыдыртады, келін әкеп, мені рахатқа бөлейді» деп қиялдап отыратын. Шүкір дейін, үлкен ағам үйлі-баранды боп кетті. Жеңгем де жақсы, анамыздың қолында тұрады. Бар жағдайын жасап отыр.
Мәселе екінші ағамда боп тұр. Жасы 35-те, сүйіп қосылған жары, үш баласы бар еді. Үйленгесін анам еншілерін беріп, олар бөлек пәтерге шығып кеткен. Мен студентпін, анда-санда барып тұрам. Басында бәрі жақсы болатын. Жеңгем «Сүйкімді қыз» келді деп мені төрге шығарып, бар дәмдіні аузыма тосып отыратын. Ағам да жеңгемді еркелетіп, көрсең көзің тоярлықтай отбасы-тұғын.
Бір күні университеттен қайтып бара жатып, біздің корпустың жанынан ағамның машинасын көріп қалдым. Маған келді деп ойлап, жанына жетіп барсам, ағам бір қызбен аймаласып отыр. Ол қызды жақсы танимын, менен бір курс жоғары оқиды. Ұзын бойлы, көбіне киім, басқа да заттарды жарнамалап жүретін блогерлігі бар. Университеттегі жігіттердің көбі соның артынан жүгіретін.
Машинаға жақындап, бәрін көзбен көріп қойғасын артқа бұрылып кете алмадым. Ағам маған өзінше бірдеңе түсіндірмекші болды. Ал әлгі қыз түк болмағандай машинадан түсіп, кетіп қалды. «Сен бәрін дұрыс түсінбедің, бұл қыз жай ғана араласатын досым» деп әрдеңенің басын бір шалып келе жатыр еді, алғаш рет ағама дауыс көтеріп, сөз қайтардым.
«Ұялмайсыз ба, үш баланы, жеңгемді осы біреуге қиып, не істеп жүрсіз? Осыдан мына ұятсыздықты қоймасаңыз, жеңгеме бәрін айтып берем» деп жылап қалдым. Екеуміз сөзге тоқтай алмай, ұрысып қалдық. «Білгеніңді істе, айтсаң айта бер!» деп ағам айқайлап, машинасына мініп, кетіп қалды.
Сол жағдайдан кейін жеңгеме қарауға дәтім бармай, үйлеріне бармай қойдым. «Манты істеп жатырмыз, кешке кел» деп шақырады. Әрдеңені бір сылтауратам. Ақырында әлгі студент қызды тауып алып, ағама тыныштық беруін өтіндім.
«Мәселе менде деп тұрсың ба, ағаңның өзі артымнан қалмай жүр. Жүрем деген еркек мен болмасам, бәрібір басқа біреуге барады. Сондықтан біздің арамызға түсіп әуре болма, мықты болсаң алдымен ағаңды тоқтат!» деп өзіме тиісті.
Көрген-білгенімді мамама айтып ем, «Ерлі-зайыптылардың арасына түспе, баламның ақылы бар ғой, өзі бір күні түсініп, қояды. Бекерге сен жаманатты боп қаласың» деп бәрін жабулы қазан күйінде қалдырды. Бірақ сол бекер болған екен, ағамның сырттағы жүрісі күшейіп, онысын жеңгем біліп қойып, отбасымыздың ойраны шықты.
... Сабақта отырғам, «Ей, қыз, саған тыныш жүр деп айттым ғой, жеңгеңе жеткізіпсің ғой ақыры. Кетем деп тулап жатыр» деп мамам хабарлама жіберіпті. Сабақтан соң тіке ағамның үйіне барсам, айқай-шу боп жатыр. «Мынау бір жылдан бері біреумен жүреді екен, мен ақымақ осының балаларын бағып, тамағын істеп, асты-үстіне түсіп жүріппін. Мұндай байдың да, өмірдің де керегі жоқ, кетем» деп жеңгем тулап отыр. Үлкен ағам да, жеңгем де, мамам да басу айтып еді, оған көнбеді. «Міне, бала сіздерге, өздеріңіз өсіріп алыңыздар» деп үйден шығып кетті.
«Мама, келініңізді тоқтатсаңызшы...» деп едім, «ашуы басылғасын қайтып келеді, біраз күн төркінінде болсын» деп тағы да проблеманы шетке ысырып қоя салды. Мен оның орнында болсам ағамның екі аяғын бір етікке тығып, әйелінен кешірім сұратар едім. «Кетсе кете берсін, қайда барады дейсің» деп ол да қырсығып жатып алды.
Арада бір айдай уақыт өтті, «ашуы басылғасын келеді» деген жеңгем сол күйі қайтпады. Мамам шындап ойланайын деді, сөйтіп құдалардың ауылына барды. «Мен қайтпаймын, болды, осымен бәрі бітті» депті жеңгем. Тіпті ажырасуға арыз да беріп үлгерген. «Сенімен жақсы сырласушы еді ғой, сөйлесіп, райынан қайтарып көрші» дегесін мен кездесуге шақырдым.
«Сүйкімдім, бұл бірінші рет болып тұрған жағдай емес. Бұған дейін де бірнеше қызбен кездесіп, сөйлесіп жүретінін сезетінмін. Бірақ бәрін білмегендей, көрмегендей жасырдым. Менде де намыс бар, сезім бар, өзімді сүймеген адамға қорлатып қойып жүре алмаймын. Шындап келгенде мені де ұнатып, осы қалпымда қабылдауға дайын жігіттер көп. Әзер түбі солардың біреуіне тұрмысқа шығам да кетем. Балалар сендердің қандарың ғой, өздерің өсіріп аларсыңдар» деп жеңгем кетіп қалды.
Айтқандай-ақ, ажырасқандарына бір жыл толмай жатып жеңгем бір жігітпен бас қосып кетіпті. Естігенде бармақ тістеп қалдық. Ағам ішіп, мінезі өзгеріп, быт-шыт болды. Үш бала қазір мамам мен үлкен жеңгемнің қолында, «мамамыз қайда» деп күнде сұрайды...
Бәленің бәрі ағамның ақымақтығынан болды, отбасының шырқын өзі бұзды. Әйтсе де жеңгемнің көп ұзамай жігіт тауып, соған тұрмысқа шығып кеткенін түсіне алмадым. Әйел деген алдымен балаларын ойламай ма? Үш баланың обалы кімге?! Бір-біріне ерегісіп жүргенде үшеуінің тірі жетім боп қалғаны жанымды қинайды.
Бәрінен де мамама өкпелімін, баласына дер кезінде тұсау салып, келініне басу айтпай, енді немере бағудан шаршап-шалдығып отыр. Кейде біз ұсақ-түйек деп мән бермейтін отбасылық мәселелер кейін үлкен дауға айналып кетуі мүмкін. Сондықтан жастарға үлкендер жағы ақыл айтып, жол көрсетіп отыруы тиіс-ау».